Home » Мақалалар » БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕУШІЛІК ӘРЕКЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕУШІЛІК ӘРЕКЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Тағыбаева Ақбота Әділханқызы
Алматы
қаласы,
№146 мектеп – лицейдің
бастауыш сынып мұғалімі,
педагогика ғылымдарының магистрі

Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауына сәйкес, қазіргі білім берудің мақсаты әлемдік талаптарға сай мобильді, жаңаны қабылдауға бейім, креативті, сыни ойлай алатын, поликоммуникативті кәсіби құзыретті жеке тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігі туындауда. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікке жету мақсатында билікпен белгіленген стратегиялық мақсаттар, білім беру іс-әрекетінің приоритеттерін түбегейлі өзгерту және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту ағымына бағыттауды ұйғарады [1].

Бүгінгі күнгі біздің ұрпақ таңдауына шексіз мүмкіндік туған заманда өмір сүріп жатыр. Мектептегі білім беру міндеттерінің негізгілерінің бірі – оқушыны шынайы әлем жағдайындағы өмірге дайындау. Қазіргі мектепті философтар адамзаттың өзіне-өзі қойған қақпаны деп айтып жүр. Мектеп бітірушінің үш пайызы ғана жоғары деңгейдегі шығармашылық білім өнімін құруға қабілетті болса, бастауыш мектеп оқушысының жағдайы қандай екені бәрімізге белгілі. Сондықтан бүгінгі күні еліміздін білім жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Ғалымдар зерттеушілік тәсілдің мектеп оқушылары үшін белгілі бір ғылым әдісіне бастайтын жол екенімен қатар, олардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыратын маңызды құрал, шығармашылық ойлауы мен танымдық дербестігін дамытатынын атап өтеді. Соған орай, өздігінен оқу әдістерінің қоршаған ортаны тануға, өзіндік ойлау машықтарына баулитын негізгі оқу әдістері ретінде терең зерделеу мен зерттеушілік тәсілдің мәнін тану және оның оқушы бойында түйінді құзыреттіліктерді қалыптастырудағы мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыру қажеттігін айтады.

Әдебиетте қазіргі дидактикаға И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин енгізген «зерттеушілік әдіс» термині көп қолданылғаны белгілі. [2,3]. Зерттеушілік әдіс мазмұны қазіргі түсіндірулерде өткендегі мазмұн-мәнінен өзгешеленетіндігі шындық. Белсенділік пен дербестікті дамытуда зерттеушілік тәсіл, қазіргі түсінік бойынша, оқушыларды толық, түйсіне қабылданған, жедел және қажетті жағдайда бетбұрыс жасауға бейім біліммен қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Ол ғылыми танымдық әдістерді меңгерудің білімді іздеу мен шығармашылық әрекетті қалыптастыруға қызмет етуін қамтуына ықпал етеді. Оқу мен ғылыми таным арақатынасы туралы айта келіп, оның жалпы белгілері мен ерекшеліктеріне тоқталмау мүмкін емес. Дидактика оқытуды танымның бір түрі ретінде көрсете отырып, «ғылыми танымның жалпы заңдылықтары бұл үдеріске қолдануға келетінін» атап көрсетеді. П.В. Копнина өзінің зерттеу еңбегінде оқу мен ғылыми таным үдерісі қатынасы жөнінде қарастырған: «…оқушы мен ғалым ойлауында нық орын алған, танымал гнесеологиялық және психологиялық категорияларға салынған жалпы ұқсастық бар. Бірақ, ғалым жететін нәтижелі шығармашылық үдерісте оқушының ойлау жүйесінен ерекшелейтін бір жайттар бары анық» деген тұжырымдары шындық екені сөзсіз [4]. Оқытудағы зерттеушілік тәсілдің негізі – игерілетін материалдың мазмұны, әдістері мен түрлері арасындағы байланыс болып табылады. Зерттеушілік тәсілдің қызметтік негізін мұғалімнің «оқушылар алдында ғылыми ойлау жүйесін таныстырып, оларды шындыққа бастар диалектикалық ойлау жүйесін бақылауға жұмылдыра отырып, ғылыми ізденіске қатысушы жасағанда», шәкірттің білімді шығармашылық іскерлікпен меңгеруін ұйымдастыруына жағдай тудыратын ғылыми-білімділік, шығармашылық-ізденіс әрекеттері құрайды Баланың ақыл-ойының дамуының негізгі күші мен себептері жөнінде де түрлі педагогикалық ой-пікірлер айтылды. Мұндай негізгі себепші күшке баланың үлкендерге еліктеуі, үлкендерден оқып үйренуі жатады. Шығармашылық барлық жерде орын алады, яғни адам қиялдағанда, өзгергенде, өзі үшін де, өзгелер үшін де жаңалық ашқанда көрініс табады. Бұл бала бойында зерттеушілік қасиеттерінің алғышарттары деп те айтуға болады. Бала дүниетанымы кеңейіп, жаңа ақпараттарды терең қабылдап, өз болашағына деген сенімін арттырып, белгілі бір тұжырымдар мен болжаулар жасауға өзін-өзі жетелелейді. Түрлі ғалымдар тарапынан сан түрлі бағытта сипатталған мұғалімнің зерттеу жұмыстары біздің ойымызша, шығармашылық әрекет етуді талап ететін шарттарға негізделіп, мұғалімнің шығармашылық қабілетінің дамуына жол ашады. Бұл жағдайда мұғалім тек қана оқу үдерісін тиісті дәрежеде ұйымдастыруды ғана меңгермей, сонымен қатар ғылымдағы жаңалықтардан қалыс қалмай, ұдайы білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Оқушылардың мотивтері олардың қажеттіліктері мен қызығушылықтары арқылы қалыптасатынын (қажеттілік – қызығушылық – мотив) ескере отырып, мұғалім барлық күшті оқушылардың танымдық қызығушылықтарын дамытуға аударуы тиіс. Ол шығармашылық үшін аса қажет, себебі ешқандай дағды тұрақты танымдық қызығушылықсыз қалыптаспайды. Тұрақты танымдық қызығушылықты тудыру – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Бәрін білуге ұмтылушылықтан қызығушылыққа, тұрақты емес қызығушылықтан тұрақты қызығушылыққа жетелейтін қатаң ойластырылған жүйе қажет, ол танымдық міндеттерді шешуге бағытталған ойлаудың қарқындылығы, ерік-жігер, сезімнің көрінуі, белсенді ізденіс, т.б. сипатталады және тұлғалық қасиет-сапаларға айналады [5]. Зерттеушілік тәсілге тән дүниелер: ізденіс, жаңалықты ашу қуанышы мен оқушының шығармашылық ойларының «шарықтауы». Оқушы зерттеуінің субъективті жаңашылдығы оның танымдық күшіне, мінез-құлық қасиеттерінің қалыптасуына кері әсер етпейді. Оқытудың зерттеушілік тәсілі оқушыны дайын мәліметті қанағат тұтар баяу тұтынушыдан шығармашыл тұлғаға айналдырады, бұл оқушының оқудың танымдық, білімдік және танымдық әрекетінің әлеуметтік маңызды мотивтерін сіңіруге оң ықпалын тигізеді, әлеуметтік белсенді тұлғаның қажетті қасиеттерін өрістетеді.

Жалпы бастауыш сыныптарда зерттеу тақырыптарын үш топқа жіктеуге болады.

  • Фантастикалық – бұл, өмірде болмайтын, қиял ғажайыпқа құрылған нысана не құбылыс ретінде болады.
  • Теориялық – бұл ақпарат көздеріндегі кейбір дәйектерді оқып білуге, оны жалпылауға құрылған, бұны дамдардан сұрап білуге, кітаптардан іздеп табуға болатын тақырыптар.
  • Эмприкалық – бұл өзінің жеке тәжірибе жасап, бақылай алатын тақырыптары.

Бұнда ең қиыны және қызықтысы теориялық-зерттеу жұмыстары болып есептеледі. Оны дарынды, қабілеті жоғары оқушылар ғана орындай алады. Эмприкалық бағыт оқушыларға қызықты, бірақ мұғалімге оны дайындау, реттеу қиындық келтіреді. Зерттеу жүргізу үшін ең алдымен тақырып таңдай білу керек.
Тақырыпты таңдауда мына жағдайлар есепке алынады:
— Таңдап алған тақырып оқушыға қызықты болуы керек, оны өзіне тартуы қажет.
— Тақырыптағы жағдаят шешілетін, оның шешімі балаларға тиімді, қажетті болуы керек.
— Оқушылардың танымдық шеңберін көре отырып, өзіңіз білетін, оқушының осы тақырыпқа бейімі бар екендігін көре тұрып қана таңдаңыз.
— Тақырып тың, ешкім әлі білмейтін, тосын, қызықты болуы керек.
— Таңдаған тақырып, тез орындалатындай болуы қажет.
— Тақырып оқушының білім деңгейіне, жасына сай таңдалғаны абзал. Оны орындауға талабы, мүмкіндігі жететіндей болуы қажет.
— Тақырыпты созбай тез таңдаған жөн.
Бірінші, екінші сыныптарда зерттеу тақырыбын таңдауға көбінесе ата — ананың немесе мұғалімнің қатысқаны жөн. Ол үшін алдын ала болашақ зерттеу тақырыптарының түрлі жобасы таратпа карточка түрінде дайындалады. Тақырыпты таңдай отырып, түрлі әдістерді колдануға мүмкіндік жасауды қарастыру қажет. Оқушылар өзін қоршаған ортадан тірі немесе өлі табиғат саласынан таңдауы мүмкін. Мәселен, «Бұзау», «Ботақан», «Су», «Ауа» т.б. тақырыптар дайындалған карточкаларды оқушылардың топтарына ұсынып, қалағанын таңдап алған соң, қалғанын алып қоюға болады. Мысалы, «Қоян» тақырыбын таңдады делік. Таңдаған такырыптары бойынша шағын баяндама немесе хабарлама жасау қажеттігін ұсынуға болады. Ол үшін қоян туралы ақпарат жинауға болатыны тапсырылады. Төменгі сынып оқушылары үшін бұндай жұмыс әрі тың және қиындау болуы мүмкін. Сондықтан мүғалім оқушыларға алдында түрған міндеттерін айқындап алуға бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс. Материалдарды жинақтау және алғы шарттар. Оқушыларға осы мәселенің шешімін табу үшін дұрыс бағыт-бағдар беру қажет. Жұмысты жүргізудің кезеңдерін дұрыс анықтау қажет.Оқушылардың әрбір қадамын мадақтап, әр жетістігін қолдап отыру қажет. Мұғалім оқушыларға ақпарат жинау бойынша, жоспар құру жөнінде проблемалық сұрақтар қоюға болады. Мәленен, «Біз алдымен не жасай аламыз?», «Зерттеуді неден бастаймыз?» т.б. Әдетте балалар зерттеудің әдістерін нақты айтып жатады. Кітаптан оқитынын, жануарлар туралы телехабардан көретінін, бақылау жасайтынын т.б. түрлі нұсқада жауап беруі мүмкін. Сондықтан мұғалім олардың әрекетін жүйеге келтіру үшін алдын ала дайындалған карточкаларда көрсетілген әдістерді ұсынады, яғни жоспар кұрудың жолдарын көрсетеді. Зерттеуді бастау үшін алдымен ең маңызды тәсіл – өз бетімен ойлана білу екенін кез келген бала айта қоймайды. Сондықтан мұғалім оқушыларға зерттеуді әркім өз бетінше жүргізетінін, қандай жаңа идея келсе де, қорытындысын өздері сынап отыратындығын естеріне салып отырғаны жөн. Осылайша А.И.Савенковтың зерттеуге үйрету әдістемесі бойынша бірізді жоспар құрылуы тиіс. Ойлану қажеттігін түсінгеннен кейін ғана оқушыларға «Ойлану керек!» деген карточка ұсынылады. Мынадай сұрақ қоюға болады: «Тағы не білуге болады?», «Қоян туралы қайдан білуге болады?» т.б. Балалармен бірге сұрақтарға жауап бере отырып, «Ойлану керек!» деген карточканың жанына «Адамдардан сұрау керек», «Кітаптан қарау керек», «Интернеттен қарау керек», «Бақылау жасау», «Эксперимент жүргізу» т.б. карточкаларды тізіп орналастырған соң, жоспар құруға болады:

  1. Өз бетімен ойлану
  2. Өзіне өзі сұрақ қою
  3. Үлкен адамдардан сұрау
  4. Кітапханадан кітаптардан қарау
  5. Интернетті қарау
  6. Бақылау жасау
  7. Материал жинау
  8. Қорытынды жасау
  9. Презентация
  10. Рефлексия.

Сауалнамалар жүргізу, видео-аудио материалдарды жинақтау, тақырыпқа байланысты ақпарат құралдарынана материалдар іздеу, осының бәрін оқушы өзі қызығып жасайтында болуы керек. Бақылау арқылы табиғаттың өзінен ақпарат алу болады: адамдардың күнделікті іс-әрекетін, құстардың, өсімдіктердің тіршілігін бақылау. Күздегі жапырақтардың қалай түсетіні, көктемдегі жылғаларды судың қалай жасап алатыны жайлы бақылау оқушыға аса қызықты. Мысалы, «Неге балалар бала бақшаға барғанға жылайды?» тақырыбында зерттеу жүргізуге болады. Ол үшін оқушы өз бауырының бір күнгі іс-әрекетін бақылауы қажет, Осы жағдай қандай кездері қайталатыны, баланың көңіл-күйін не түсіреді, не көтереді? Осының бәрін анықтап білуге болады. Зерттеу жұмысы – аса қиын және бұл кезде асығыстық жасауға, үстірт шешім қабылдауға болмайды. Оқушыларды жағдаяттан шыға білуге, қиындықтан жол таба білуге, төзімділікке тәрбиелеген жөн. Олардың қызықты тақырып таба білуіне және оны шеше білуге үйрету қажет. Балаларды зерттеушілік іс-әрекетке тарту олардың шығармашылық қабілеттерін, танымдық үдерістің барлық кезеңдеріндегі: зерттеу мақсаты мен міндеттерін белгілеуден бастап білімін практикада қолдануға дейінгі өз бетінше жұмыс істеуін дамытуға ықпал етеді. Ал зерттеушілік іс-әрекет барысында бақылауға, ақпарат іздеуге қызығушылық білдірген балалар орта буын оқуына тез бейімделеді. Зерттеу әдісі практикаға бағытталған, оқушының өз бетімен жасаған жұмысын топтың және ұжымның жұмысымен ұштастыру мүмкіндігін береді, оқушылардың қажетті ақпаратты өз бетінше іздеуіне түрткі болады, табылған ақпаратты дұрыс ұйымдастырып, оны басқаларға таныстыру үшін шығармашылық фантазияның дамуын талап етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы 2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана: Ақорда, 2012. –.www.edu.gov
  2. Лернер И.Я. Лернер И.Я. Проблемное обучение. – М.: Знание, 1974. — 64 с. 3.Скаткин М.Н. Методология и методика педагогических исследований. — М: Педагогика, 1986.
  3. Копнина П.В. Педагогическое общение как предмет теоретического исследования // Вопросы психологии. –М: 1985.-286 с. 5. Сартаева Н.Т. Зерттеушілік іс-әрекетке баулудағы «ақпараттықкоммуникациялық технологиялар» пәнінің рөлі. БҚМУ Хабаршысы, №4 (72)- 2018. 6. Жексенбаева Ү.Е. Мен зерттеуге үйренемін.Оқу құралы.-12 жылдық білім беру проблемелары РҒПО, 2006. 32 б

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.