Home » Мақалалар » Қазақ тілі сабақтарында қолданатын әдіс — тәсілдер

Қазақ тілі сабақтарында қолданатын әдіс — тәсілдер

Шайгозова Жанар  Келесбаевна
Қаныш Сатбаев атындағы №7 мектеп-лицейі  
қазақ тілі және әдебиет пәнің мұғалімі

 

 

 

Қазақ тілін оқыту барысында тілдің қыр — сырын, табиғатын таныта отырып ертеңгі өмірден орын таба алатын, өзіне сенімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеу үшін педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен пайдаланып, тәжірибені байыта түсуіміз қажет.  Мұғалім үшін ең басты назар аударатын  мәселе – сабақтың әдісі. Оқыту үрдісінде  сан  мыңдаған әдістер бар.
Әдіс дегеніміз – мұғалімнің белгілі бір мақсатқа жетудегі іс — әрекеті, тәсілі.
Әдістің негізін құрайтын қағидалар:

  1. Оқушының сөйлеу бағытын анықтау.
  2. Адамның жеке басының ерекшелігін ескеру.
  3. Орта жағдайын ескеру.
  4. Сөйлеу дағдысын жаңарту.

Әдістің түрлері:
-сұрақ-жауап  әдісі;
-оқушының логикалық қабілетін арттыру;
-баяндау (дәріс);
— ойын элементтері;
“Ой – ойыннан басталады” десек, баланың ойын жетілдіріп, сабаққа қызығушылығын арттыратын – ойын.
“Моншақ”ойыны
Ойынның мақсаты: Жуан, жіңішке түбірлі сөздерді қайталау және ажырата білу.
Ойынның шарты: Қатты қағазға жуан және жіңішке түбірлі сөздерді жазу. Сыныпты екі топқа бөліп, қағазға жазылған сөздерді тарату. Белгіленген уақыттан кейін әр топ бір жуан, бір жіңішке түбірлі сөздерден жіпке моншақ тізулері қажет.
Қай топтың моншағы бірінші тізілсе, сол топ жеңеді.
Керекті сөздер: дәріхана, аурухана, дәрі, тамақ, астана, орман, кезекші, үзіліс, оқушы, өшіргіш, қалам, күнделік, көктем, қыс, балық.
“Қалалар” ойыны.
Ойынның мақсаты: Буыннан сөз құрастырып, дұрыс жазуға дағдыландыру.
Ойынның шарты: Сыныпты екі топқа бөліп, тақтаға қала атауының кез келген буынын жазу. Қай топ дұрыс сөзді бірінші тапса, сол топ жеңеді.
Тапсырма үлгілері: қар – Қарағанды
ас – Астана
алма – Алматы
тау – Көкшетау
рау – Атырау
кент – Шымкент.
“Сұрақ – жауап” ойыны.
Ойынның мақсаты: Сұрақтарға дұрыс, әрі тез жауап беруге дағдыландыру.
Ойынның шарты: Сыныпты екі топқа бөлу. Әр топқа сұрақтардың жауаптары жазылған карточкалар тарату. Сұрақ оқылғаннан кейін оқушылар дұрыс жауабын көрсетеді. Қай топтың дұрыс жауаптары көп болса, сол топ жеңеді.
Сұрақтар:

  1. Сөмкеде не жатыр?
  2. Бір аптада неше күн бар?
  3. Сыныпта неше терезе бар?
  4. Жазда ауа райы қандай?
  5. Бір тәулікте неше сағат бар?
  6. Мектеп неше қабатты?
  7. Күзде не сарғаяды?

“Соңы кім?” ойыны.
Ойынның мақсаты: Сөздерді өрбіту, толықтыру арқылы оқушылардың сөздік қорларын молайту.
Ойынның шарты: Тақтаға кез келген сөз жазылады. Мұғалім бұл сөзге байланысты басқа сөздер құрғызады. Соңғы сөзді құрған оқушы жеңімпаз атанады.
Ойынды жургізу тәртібі:Жаз – ыстық — жазғы каникул – тамыз — күнге күю — шомылу
“Сиқырлы ағаш” ойыны.
Ойынның мақсаты: Оқушыларды сұраққа жауап бере білуге үйрету.
Ойынның шарты: Тақтаға қатты қағаздан жасалған алма ағашы ілінеді. Алмалардың сыртында бір сұрақтан жазылады. Тақтаға шыққан оқушы алманы алып, сұраққа жауап береді. Ойындардың негізгі мақсаты қысқаша беріліп отыр. Бұл ойындарды бұрыннан танымал ойындармен бірге пайдалана отырып, баланының ойы мен тәрбиесін жеке тұлға ретінде заманауи талаптарға сай ұштауға, одан әрі дамытуға қадам басамыз деп ойлаймын. Ойындарды жас ерекшелігіне қарай өзгертіп, икемдеуге оңай, әрі балалардың өздеріде өздігінше жүргізе алатындай жеңіл.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.