Home » Мақалалар » ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Амантаева Жансая Есетқызы,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
ағылшын тілі пәні оқытушысы, Тараз қаласы 

Еліміздің дамуы негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Осыған орай, білім беру жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі — жалпы педагогикалық, ғылыми- теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік меңгерудің маңызы зор.

Қазіргі ұстаздар қауымының  алдындағы міндеті: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру.  Инновациялық оқыту нәтижелері оқушының өз бетінше әрекет етуі арқылы білімді меңгеруіне ықпал етуі тиіс. Оқушының ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарастары мен танымдық белсенлілігін арттыруда, зерттеушілігі арқылы шығармашылық икемділігін дамытуда, біліктілікке ұмтылуда, яғни тұлғаны жан-жақты дамытуды жүзеге асыруда оқу үдерісіне инновациялық технолгияларды енгізу шешуші рөл атқарады, оң нәтиже береді. Ия, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде бірқатар пәндер бойынша өткен жылы колледж оқытушылары жаппай  біліктілігін арттыру курстарынан  өтті.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты-білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған. Жаңартылған оқу бағдарламаларының ерекшеліктері 10 бөлімнен тұратын жаңа құрылымы болып табылады:

Пәннің маңыздылығы;

  1. Пән бойынша оқу бағдарламасының мақсаты;
  2. Үштілділік саясатты іске асыру;
  3. Оқыту үдерісіне ұйымдастыруға қойылатын талаптар;
  4. Пәнді оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс- тәсілдер;
  5. Түрлі мәдениет пен көзқарастарға құрмет;
  6. Ақпараттық- коммуникациялық технологияларды қолдану құзіреттілігі;
  7. Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту;
  8. Оқу нәтижелерін бағалау жолдары;
  9. Оқудың мазмұны, ұйымдастырылуы мен бірізділігі.

Бағдарламаның міндеттері:

  1. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымымен, ондағы материалдардың күрделілігініғң өсу ретімен, мазмұнымен және мақсаттарымен таныстыру;
  2. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді түсінуін және қолдана білуін қамтамасыз ету;
  3. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білуін қамтамасыз ету;
  4. Мұғалімдердің бойында орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті дағдыларды қалыптастыру.

Оқудан күтілетін нәтижелер:

— Мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, ондағы материалдардың күрлелілігінің өсу ретін, мазмұнын және мақсаттарын біледі және түсінеді;
— Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді, оқу материалдарын қолдана біледі;

Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсінеді және қолдана біледі;

Мұғалімдердің орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті біліктері мен  дағдылары қалыптасқан.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы — озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді.

Мемлекетімізде жаңа телекоммуникациялық құралдың дамып келе жатқаны сөзсіз. Қазіргі заман педагогтарына компьютер және мультимедиялық құралдарды қолданудың сабақ өту барсында өте тиімді тәсіл екені белгілі.Бұл құралдың қуаттылығы соншалықты онымен бірге білім жүйесіне жаңа әдістермен бірге әлемдік ойлаудың жаңа идеологиясы енгізілді. Қазіргі кезде ағылшын тілімен компьютер, телекоммуникациялық құралдарды меңгеруді уақыттың өзі талап етеді, бүгінде олардың рөлі арта түсуде. Оқушылардың ағылшын тілі пәніне деген қызығушылығын арттыруда көп ізденіп, жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруді, әртүрлі әдіс-тәсілдерді білуді қажет етеді. Ағылшын тілі — бүгінгі заманымыздың кілті, компьютер технологиясының кілті екені белгілі.Ағылшын тілі — ұлы әдебиет тілі. Бұл тілде әлемге әйгілі Вильям Шекспир, Джонаттан Свифт, Вальтер Скотт сөйлеген. Ал, ағылшын тілі пәнінің оқытушысының маңызды тапсырмасының бірі шет тілі сабағында жаңа технологиялардың түрлі амалдарын қолдана отырып, сөйлеудің шын ситуацияларын құру болып табылады. Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы аясында шет тілін үйрету процессінде компьютер технологияларын қолдану сабақты қызықты жолмен өткізуге көмектеседі. Мысалы, анимациялық суреттер, видеокөріністер, презентациялар, флипчарттар (интерактивті тақта) және т.б. әртүрлі дыбыстар арқылы көрсетіледі. Компьютер мониторындағы көріністер оқушының іс-қимылының арқасында өзгеріп отырады Бұл динамикалық және оқушының бар ойын өзіне бағыттайды, сонымен қатар, оқу процессінде оқушының белсенділігі оянады. Нәтижесінде, оқушы ақпаратты оңай әрі тез қабылдайды және оқушының ынтасы мен қызығушылығы жоғарылайды.

Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша ағылшын тілі сабағында  күтілетін нәтижелер:

— үлгерімі төмен оқушыларға көмектеседі;

— оқушыларың сабаққа деген қызығушылығын арттырады;

— сабақта пайдаланылатын көрнекіліктердің санын арттырады;

— оқушылардың шығармашылығын арттырады;

— оқушыларды жеке жұмыс істеуге үйретеді;

— грамматикалық құрылымдарды оңай түсінуге көмектеседі;

— оқушылардың есте сақтау, есту, көру, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады;

— пікірталас, талдау, анализ жасау мүмкіндіктерін арттырады;

Қорытындылай келсек, мақсатты түрде білім беру- тұлға  дамуын жүзеге асырады.Әлемдік стандартқа сәйкес білім беру- жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін тура жол!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.