Home » Мақалалар » Бастауыш сыныпта Ы. Алтынсариннің шығармаларының   жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі

Бастауыш сыныпта Ы. Алтынсариннің шығармаларының   жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі

Жаумітбаева Гүлбаршын Жолдасбайқызы
Ақтау қаласы
№19 мектеп-гимназиясының
 бастауыш сынып мұғалімі

Қазақстанның тарихында жарық жұлдыз болып білім шырағын жаққан, қазақ даласының төрінде бұрын  құлаққа шалынбаған жаңа әуен, жаңа үн – балаларды білімге шақырған қоңырау үнін әкелген сахараның бір данышпан перзенті, тұңғыш ағартушы, педагог-жазушы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің ізденіске, күреске, толы  өшпес өмірі мен шығармашылық ілімі бүгінгі таңда жалғасын тауып, заманауи білімнің нақ ұстар тұтқасы екені анық. Бүгін республикадағы заманауи білім беру парадигмасы туралы айта отырып, оның педагогикалық мұрасын айтпай кетуге   болмайды.   Алтынсарин бүкіл өмірін туған халқын ағартуға арнады.

Ы. Алтынсариннің  басты арманы – халқының оқып, білім алуы, өнер-білімді игеріп,  терезесі тең елдер қатарынан  көру еді. Оған нақты дәлел   ұстаздың педагогтік мақсатына лайықтай жазған тәрбиелік мәні жоғары  көптеген шағын әңгімелері, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілері, аудармалары. Бұл  шығармалардың тақырыптық-идеялық мазмұнынан біз Ыбырайдың ұстаз-тәрбиеші ретінде алдына мақсат етіп қойған адамгершілік мәселелерін көреміз. Олар: жас жеткіншектерді адал еңбекке тәрбиелеу,  белгілі бір кәсіпке, өнерге баулу, адам бойындағы адалдық, достық, мейірімділік секілді асыл қасиеттерді ардақтау, үлкенді, ата-ананы қадірлеу, өнер-білімді байлық дәулеттен жоғары қою. Ол  мектептің адамгершілік-тәрбиелік рөліне үлкен мән берді, «алғашқы тәрбие баланың шенеулік емес, ақын емес, қолөнерші емес, ең бастысы адам  болуы керек»,- деп жазды.[1]

«Білім адамның ақыл-ойын дамытып, оған белгілі бір ақпарат беріп қана қоймай, оның өміріне лайықты да, бақытты да бола алатын еңбекке деген құлшынысты  тудыру керек».[3] Алтынсариннің пікірінше, еңбекке деген сүйіспеншілік  адам бойындағы адамгершілігін күшейтеді.

Оның басты тілегі – қазақ балаларын өз халқына пайдалы болатындай етіп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің жетістіктеріне қосыла алатындай етіп оқыту.

Ұстаз бүкіл өмірін далаға ғылым мен білімді әкелген демократиялық интеллигенцияның алғашқы кадрларын даярлауға арнады. Оның тәрбиелеген алғашқы қазақ халық мұғалімдері Ы. Алтынсарин бастаған прогрессивті істің ізбасарлары болды. Педагогикалық жұмыста, Алтынсариннің айтуынша, мұның бәрі мұғалімнің оқытудың ең жақсы әдістерін таба білуінде және балаларға дұрыс қарауында, «Маған  жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, ол – мектептің жүрегі» .

Ы. Алтынсариннің тұңғыш берген білімінің бағыт-бағдарына үңілсек,  адами құндылықтар білім беру мазмұнында көрініс табады, оның мақсаттары арқылы нақтыланады:

  • адамзаттың ортақ үйі ретінде табиғатқа құндылық қатынасты қалыптастыру;
  • тіршілік субьектісі және Жердегі ең жоғары құндылық ретінде адам туралы түсініктерді қалыптастыру;
  • адам өмірінің әлеуметтік құрылымына (Отанға, мемлекетке, отбасыға, ұлттық тарихқа және қазіргі уақытқа) құндылық қатынасты қалыптастыру;
  • гигиена, құқық, эстетика, экономика және экология саласындағы мәдени өмірдің нормаларына құндылық қатынасты қалыптастыру;
  • әртүрлі еңбек әрекетіне, кәсіпке, әлеуметтік қарым-қатынасқа деген құндылық қатынасты қалыптастыру;
  • өз халқының тілін, тарихын, мәдениетін білу;
  • өнерге, мәдениетке, әдебиетке, ғылыми жетістіктерге, еркіндік, еңбек, шындық нәтижелеріне деген құнды қатынас;
  • айналасындағы адамдардың сезімдері мен тәжірибелерін түсіну;
  • ізгілік пен әдемілікті жасау;
  • ана, мемлекеттік және шет тілдерінде сөйлесу мүмкіндігі. Алтынсарин өз шәкірттерінде осыны тәрбиелеуге тырысты. [3]

Қазіргі білім беру саласындағы   басты мәселе де – білім беру мазмұнына    жаңалық   енгізудің тиімді жаңа әдістерін  іздестіру және оларды жүзеге асыратын болашақ мамандарды даярлау.  Заманауи  педагогиканың негізгі мақсаты  – білімді сапалы ету, оқушының толыққанды жеке тұлға болып қалыптасуына негіз  қалау. Сонымен бірге, ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге құлшындырып, оқудың жалпы пайдасын жете ұғындырады. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ыбырай «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету. Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны «тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын» елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты. Қазіргі заманда ғылымның  дамып, адам өмірін жеңілдететін құралдар ойлап табылған. Бұл ойлап табылған жаңа технологиялар адам өмірін жақсартуда. Осының барлығын  озық, дамыған елдердің білімді, ойшыл адамдары жасады емес пе? Мұндай адамды қалыптастыру – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет. Мұғалім еңбегінің бүгінгі нәтижесі қандай болса, елдің, қоғамның ертеңі, болашағы сондай болмақ. Демек, Елбасының «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген қағидасына сүйенсек, қазіргі қоғамдағы дамудың басты факторлары: білім, ғылым, саяси тұрақтылық екенін, яғни заман өзгергенімен, мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының көтерілуі білім-ілімсіз әсте мүмкін емес екеніне көз жеткіземіз.[4]

Ы. Алтынсариннің жеке тұлғаны қалыптастырудағы айырықша атап айтар тарихи еңбегі — «Қазақ  хрестоматиясы».  Қалай болғанда да жастарға дұрыс тәрбие беру үшін олардың дүниетанушылық көзқарасын кеңейту үшін «Қазақ хрестоматиясының» тек өз кезі ғана емес, қазірдің өзінде де мәні зор. Сондықтан да ол талай жылдар талай рет басылып, мектеп оқушыларына ұсынылып келеді.[1] Бұл кітапқа енгізілген әңгімелер: еңбек, оқу, өнер, отансүйгіштік, талаптылық, жігерлілік, іздемпаздық, кішіпейілділік, қайырымдылық, адамгершілік, т.б. осылар тәрізді жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеуге қатысты мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты, надандықты, сотқарлықты қарсы қойып, жастардың мұндай әрекеттерден аулақ болуына жол көрсетті. Басты жетістігі мен нәтижеге бағытталуы:

Біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабар беру принципін көздей отырып, тұлғаны өмір сүрген қоғамына қатысты халықаралық қатынасқа бейімдеу.

Екіншіден, жеке тұлғаны адалдыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, талаптылыққа тәрбиелеу, адамгершілік жақсы қасиеттерді олардың бойына дарыту арқылы адами мінез-құлықтарын өздері игере алулары;

Үшіншіден, жастардың, әсіресе, мектеп оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді беруімен бала түйсігін жүйелілікпен қалыптастыруға бағытталуы.

Ұлт тұлғасының  төл әңгімелері мен аударған шағармаларының  тәрбиелік мәні мен құндылығына, негізгі идеясына  тоқталатын болсақ:

Шығарманың тақырыбыТүйінді пікір    ҚұндылықНегізгі идеясы
1«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш»Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де құдай тағала бос жүруге жаратпаған.Еңбекқор-лықҚарлығаш, өрмекші құрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа.
2«Таза бұлақ»Тоқтап қалмау, жақсы-лықты міндет етпеу, көңілің мен мінезің көрініп тұрсынтазалықБойыңды, көңіліңді таза сақтау. Жақсы істен ғибрат алу, жақсылық жасау
4«Әке мен бала»«Аз жұмысты қиынсын-саң, көп жұмысқа тап боларсың, азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың»,Еңбексүй-гіштік,

кәсіпкерлік

Балаларды жастайы-нан-ақ бойкүйездікке, жалқаулыққа қарсы еңбек тәрбиелеу және ескі затты пайдаға жарату
5«Атымтай жомарт»«Күн сайын өз бетімен тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәм-нің тәттілігі өзгеше болады екен»Еңбекқор-лық

жомарттық

Еңбек ету, елге көмек беру, әр нәрсенің есебін білу
6«Талаптың пайдасы»Петр баланың талапты, зерек екенін аңғарып, оқуға бергізген. Сол бала  атақты суретші боладыАдамгерші-лік ,

талаптану

Патшаның ақылдылы-ғын көрсету ғана емес, жас баланың талабын, сол талаптың арқасын-да неге қол жеткендігін көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына жететін-дігін дәлелдеу
7«Мейірімді бала»Патша баланың атасына деген мейірімділігін көріп рақым етіпті.Адамгерші-лік, мейірім-ділікАта-ана, бауырға деген сүйіспеншілік
8«Аурудан аяған күштірек»«Ауырмақ түгілі, жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қинал-ғанын көрсе, анам да қиналып жыламасын деп жатырмын»Жанашыр-лықАнасының қадірін білген жаны ашыған жас, Отанның да қадірін біледі
9«Бай баласы мен кедей баласы»Жұртта қалған балалар аман-есен әке-шеше-леріне қосыладыДостықТығырықтан шығу, ақылдылық, дәрменсіздік көрсетпеу, икемділік
10«Бақша ағаштары»«Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек… Бағусыз кетсең, сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің»,Тәрбиелі-лікАдам да ағаш сияқты…
11«Салақтық»«Ауру қалса да әдетқалмайды»

 

ТазалықӘрқашан, жеке гигиена-ны, тазалық сақтау, жағымсыз әдеттен жирендіру
12 «Асыл шөп»Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын, аты «сабыр» деген, -дейді.ЭтикалықСабырлы, шыдамды, ұстамды болу
13«Байұлы»«Батаменен ер көгереді», «Баталы ұл арымас»Адамгерші-лікҚайырымды, ізгі жүректі болу, жоқ-жітік, жетім-жесірге қамқоршы болу
14«Алтын шекілдеуік»«Не нәрсенің де құр сыртына қарап қызықпа, асылы ішінде болар»Адамгерші-лікКөрсеқызар болмау
15«Тәкәппәр-лық»«…басын жоғары көтерген тәкәппәр-лардың нешеуінің әлек болғанын көрдім.»Адамгерші-лік, кіші-пейілділікКішіпейілділіктен опық жемейсің, тәкәппарлық ұятқа қалдырады.
16«Сараңды-лық пен жинақылық»«Әр нәрсені азсынбай, қадірін біліп жинаған-дықтан кем-кетікке жәр-дем беруге қолым жетті….»Адамгерші-лік,

жинақы-лық

Үнемшіл, ұқыпты, қанағатшыл, қамқор, әдепті болу.
17«Малды пайдаға жарату»«Балалар ержетіп, біз қартайғанда асыраса, борышымның өтелегені емес пе..»Қайырым-дылықАта-анаға да, балаға да қамқор болу.
18«Жаман жолдас»«Екінші рет тар жерде тастап кететін адаммен жолдас болма..»ДостықДостыққа адал болу, әлсіз адамға көмек беру.
19«Бір уыс мақта»«Балам, дүниеде жара-тылған жанды-жансыз-дың керексіз болып жерде қалатыны болмай-ды»Еңбекқор-лықӘр заттың пайдасын білу

Қазіргі заманғы білім мен тәрбие  үрдісінде әрбір парадигма «не үшін тәрбиелеу керек, оқушыларды қандай мақсатқа дайындау керек, не үшін өмір сүреміз» деген сұрақтарға жауап береді. [4]

«Адам тәрбиенің нәтижесі. Ол өмірге пешенесіне не жазылса, сонымен келмейді, оның тағдыры туысынан белгіленбейді. Адамдық қасиетінің қалыптасатын жері – өмір талқысы, әрекет етуі, тәрбиесі. Күн мен Ай бәрімізге ортақ, бәріміз де адамның баласымыз, ешкімді біріңнен бірің артықсын деп айыруға болмайды», — дейді  Ыбырай.

Ы. Алтынсарин шығармаларында көтерілген екінші бір өзекті мәселе: жастарды түрлі жақсы қасиеттерге баулу, жаман қасиеттерден жирендіру мәселесі. Бүгінгі таңда «Әдебиеттік оқу» кітабында балаларды оқуға, өнерге, ұкыптылыққа, тазалыққа, мейірімділікке шақырған әңгімелері мен өлеңдері жиі кездеседі. Сондықтан да Ы. Алтынсарин жазба әдебиетіміздің төрінен заңды түрде орын алып отыр.

Қорыта айтқанда, «Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» демекші, бүгінгі бала – ертеңгі жаңа әлем. Сондықтан қазіргі кездегі мектеп оған жүйелі жәрдем беріп, ынта-ықыласын дұрыс бағыттайтын қабілет-қасиеттерін дамытатын, білім беретін шаңырақ болуы тиіс.  Ы.Алтынсарин ілімі – мағынасы кең, мәні терең,  ескірмеген жанданған ілім. Заманауи білім беру парадигмасының басты  бағыты – оқушының дамуы, оның жеке мұқтаждықтары, тұлғааралық қарым-қатынастар қалыптастыру. Түйіні: ізгілікті амал, тұлғалық өсуге көмек  беру, өмірге дайындығына назар аудару.

Әдебиеттер тізімі:

  1. «Өнер – білім бар жұрттар. Төл әңгімелері.». Ы.Алтынсарин, 1991ж.
  2. …http://www.orleu-uko.kz
  3. Алтынсарин И. Избранные произведения. — Алматы, 1998 г.- 260с

4.       «Білім беруді жетілдірудің жаңа парадигмалары» ғаламтор.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.