Home » Білім және тұлға » Менің мінсіз ұстазым

Менің мінсіз ұстазым

Менің кішкене кезімнен арманым — болашақта ұстаз болу. Жылдар өте келе, менің ойымда нағыз ұстаз болу үшін идеал мұғалімнің портреті  қандай болмақ керек деген сауал орнаған болатын. Оның жауабын мен Мәлік Ғабдуллиннің «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген парасатты пікірінен таптым.

          Міне осындай қасиеттердің барлығы бойынан табылған, менің педагогикалық мамандыққа деген қызығушылығымның оянуына себепші болған бір жан бар. Бүгінгі мақаламдамен үшін орны бөлек аяулы жан туралы сыр шертпекпін.

Жалпы, мен үшін мектебіміздегі мұғалімдердің барлығы да бірдей, оларды қадірлеймін, жақсы көремін. Дегенмен, ерекше жаныма жақын ұстаз, өзімнің мінсіз мұғалімім деп танитын Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, педагог-зерттеуші Айталипова Гүлнар Жамангирейқызын мақтанышпен айта аламын. Ол кісіні адами тұрғыдан ерекше тұлға, кәсіби тұрғыдан мықты маман деп танимын. Әр сабағы ашық сабақ, әр баланы жеке танып, жаңа білім беруден еш жалықпайды. Әріптестерінің арасында жоғары беделге ие ұстаздардың бірі де бірегейі. Осындай болмысы бөлек, ұстаздыққа бар жан-тәнімен берілген кейіпкерімнің еселі еңбек жолына үңіліп, зерттеп көрген болатынмын. Соған бір тоқтала кетсем.

Айталипова Гүлнар Жамангирейқызы 1974 жылы, 4 қыркүйек күні Шыңғырлау ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Шилі орта мектебін бітіріп, А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1995 жылы ұлттық мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Сол жылы оқу бітіргеннен кейін жолдамамен Шыңғырлау орта мектебіне жұмысқа орналасады. Қазіргі таңда осы мектептегі жұмыс жасайды. Еңбек өтілі 30 жыл, орыс тілі мен әдебиетінің жоғары санатты мұғалімі, педагог-зерттеуші. Өзінің шығармашылық жолында көптеген аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері. Еңбегі еленіп, түрлі деңгейлерде көптеген марапаттардың иесі де атанды. Қазір ұстазымның еңбек жолындағы соңғы жылдарда жеткен елеулі жетістіктеріне қысқаша тоқталып өткім келеді. 2015 жылы облыстық «Лучший конструктивистский урок» байқауында ІІ орынға ие болды. 2016 жылы Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді. 2016 жылы аудандық «Үздік педагог» байқауында І орынды қанжығаласа, сол жылы облыстық Білім басқармасының «Мерей» номинациясы сертификатына ие болды. 2017 жылы облыстық «Үздік сабақ контентінде» І орын иеленгені үшін дипломмен марапатталды. 2018 жылы аудандық, облыстық пән мұғалімдері олимпиадасына қатысып, І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, 2018 жылы Батыс Қазақстан облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Осы жылы 5-халықаралық Гагарин фестивалінің жеңімпазын дайындағаны үшін дипломмен марапатталды. 2020 жылы аудандық, облыстық «Знай, люби, читай Чехова» лингвистикалық турниріне қатысып, І орынды жеңіп алды. Ал 2020 жылы ҚР Конституциясының 25 жылдығы қарсаңында мерекелік медальға ие болды. Айта берсем, ұстазымның жеткен жетістіктері көп, шыққан белестері биік.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қанатты сөзді қаперге алар болсақ, жақсы ұстаздың өмірлік ұстанымы да өзіне лайық болуы қажет қой. Ұлағатты ұстаздың бітім-болмысы, сөйлеген сөзі, жасаған іс-әрекеті тұтастай шәкіртке үлгі емес пе? Педагогтың қызметі тек білім берумен шектелмесе керек. Оның тұтас тұлғасы да алдында отырған шкірттің қабылдауына әсер етеді. Менің Гүлнар Жамангирейқызын үлгі етуімнің себебі де оның анаға тән мейіріммен, шынайылықпен, қамқорлықпен кез-келген шәкірттің жүрегінен орын алауында.

Бірде сабақ барысында «Ұстаздықтың өлшемі неде?» деген сауал қойғанымда, мейірбан ұстазым «Ұстаздық-жер бетіндегі ең басты мамандық. Өл үлкен өнер. Мәселен жазушылық пен компазиторлықты өнердің биігі деп бағалалсақ. Ұстаздық сөл өнердің төресі. Себебі жазушы өзінің сан мың бояумен сапталған сұлу сөзімен, компазитор жеті әуеннің сиқырлы сазымен адамның рухани болмысына әсер етсе, ұстаз алдында отырған әр оқушының өн-бойына білімімен, махаббатымен, өмірге деген көзқарасымен тікелей әсер етіп, үлгі болады» деген болатын. Осы сыңар ауыз сөздің өзі мен үшін ұстаздықтың өлшемі тәрізді әсер қалдырды. Дана қазақ өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспеу керектігін қадап айтқан. Оның бірі – жар, екіншісі – мамандық. Мен өзімнің балалық түйсігіммен осы қатарға үшінші етіп «Ұстаз таңдаудан да қателеспеген жөн» деген пікір қосар едім. Себебі ұстаз өмірдегі рухани бағдаршамың, тәрбиедегі темірқазығың тәрізді. Ата-анаңнан кейін сенің тұлға болып қалыптасуыңа әсер ететін ең бір елеулі жан ол – ұстаз. Міне сондықтан кез келген адамның өмірінде ұстаздың алар орны ерекше. Мен өзіме ұстаз таңдаудан қателеспедім деп есептеймін.

Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады, — дейді. Ендеше Гүлнар Жамангирейқызы мені болашақта педагог болуға шабыттандырды, қанат бітірді десем болады. Рақмет саған, аяулы ұстаз!

Шыңғырлау ауданы
Шыңғырлау аулы
Шыңғырлау ЖОББМ 9-сынып оқушысы
Ойратова Инаббат

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.