Home » Білім және тұлға » Бірлігі бекем ұжым

Бірлігі бекем ұжым

Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру мұғалімнің, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. Осы орайда ауыл мектебінің бүгінгі бет–бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан «Сегізсай негізгі орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Алмаз ауылдық округіне қарасты Сегізсай ауылында  орналасқан. 48 орындық негізгі мектепте қазіргі таңда 41 жас өрен білім нәрімен сусындап, 20 педагог еңбек етуде. Қазыналы білім ордасына айналған Сегізсай негізгі орта мектебінің  әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, облыстық, республикалық байқауларға, олимпиадаларға қатысып, мектеп мақтанышына айналуды мақсат етсе, инемен құдық қазғандай білім тұңғиығының нәрін алған «Үздік аттестат» иегерлері бұл күнде республикамыздың барлық аймағында еліміздің дамуына өздерінің үлестерін қосуда. Мұның барлығы бірлігі бекем, жұдырықтай жұмыла қызмет етіп отырған біртұтас ұжымның еңбегі. Бүгін мақаламда мен осы ұжымның бірлігі хақында сыр шертпекшімін.

Осыдан аттай он үш жыл бұрын алақандай ауылдың негізгі білім ордасы жабылып, талай шәкіртті түлеп ұшырған киелі орда бастауыш мектеп болып қалған еді. 1972 жылдан бастап елге қызмет етіп келе жатырған мектептің осындай күйге душар болуы ауыл тұрғындарының, қала берді шәкіртсіз қалған мұғалімдердің көңілін күпті қылғаны жасырын емес. Алайда, қанша қиын болғанымен мектеп бастауыш мектеп болып 2 жыл қызмет етті. Ол шақтар Сегізсай ауылы үшін үлкен сынақ болатын. Себебі, ауылдың тұрғандары елден жыраққа қоныс аударып, ел жаппай көшудің аз-ақ алдында тұрған. Сол кезде ауыл ақсақалдары, бір топ белсенді азаматтар, соның ішінде мектеп  мұғалімдері мен қызметкерлері ата қонысты бірлесіп сақтап қалуды ойлап, біраз кеңескен көрінеді. Ал мектеп ұжымының басты мақсаты алтын ұя мектепті сақтап қалу болатын. Сөйтіп ортақ шешімге келген ауылдастар балалар үйінен ата-анасынның қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге алып, бір жағынан қам көңіл балаларға пана болып, екінші жағынан ауылды, киелі білім ордасын сақтап қаламыз деген шешіммен сауапты іске бел буады. Осы игі істің басы-қасында жүрген Сегізсай бастауыш мектебінің меңгерушісі қызметін атқарған Исмагулова Акмарал Тумагалиева өткен шақты былай деп еске алады:

«Рас, қызығынан қиындығы басым кездер болатын ол кездер. Алайда, әр нәрсенің біз болжай бермейтін игілігі бар ғой. Үлкендердің ақылына құлақ асып, біз де мектеп ұжымы болып осынау игі іске бар ынта-жігерімізбен кірістік. Алғашында балалар үйіндегі 17 баланы  14 отбасы бауырына басып, қайырымдылықтың бастамашысы атанды. Араға жылдар салып ауыл тұрғындары тағы 8 бүлдіршінді патронаттық тәрбиеге алды. Барлығы 25 тәрбиеленуші жаңа отбасына қосылып, ауылымыз үлкенді-кішілі балақайлармен толықты»,-деп еске алады Ақмарал Тумагалиева.

Сол қайырлы  істерінің  қайтарымы болар, қазір шалғайдағы  ауыл еңсесін тіктеді. Осынау зор еңбектің арқасында жабылудың аз-ақ алдында тұрған білім ордасының жанынан  2014 жылы 48 орындық жаңа білім ордасы

бой көтеріп, ауыл тұрғындарының көңілі жадырап сала берді. Ауылға көптеп жас мамандар келіп, ұжым қатары толыға бастады.  Жаңа мектептің ашылуы жас ұрпақтың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, егемен еліміздің өз Отаның сүйетін азаматы болуға мүмкіндік берді. Ел көшуді қойып, тұрғындардың ұйымдастыруымен және асар әдісімен  педагогтерге арналған  4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл игі іске де мектеп ұжымының қосқан үлесі аз емес.

Бүгінде мектебіміздегі ең жасы үлкен патронаттық ана георгафия пәні мұғалімі Есетбаева Сара Кабашевнаның 7 жастан бауырына басқан Сұлушаш есімді қызы анасының ұстаздық жолын жалғау мақсатында Ж.Досмухамбетов атындағы жоғары педагогикалық колледжге түсіп, білім алуда. Тәрбиеленушілердің алды Отан алдындағы борыштарын өтеп, отбасын құрып, өз алдына ата-ана атануда. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген тәрбиеленушілеріміздің бірі, сол кездегі мектеп меңгерушісі Ақмарал Тумагалиеваның ұлы  Эдуард  Ергалиев аман-есен ауылға оралып, бүгінгі күні құрылыс саласында жұмыс жасауда және болашақта аулымызға үй салуды жоспарлап отыр. Жоғары оқу орындарында білім алып жатырған оқушыларымыз, бітіргеннен кейн өскен ортасына оралмақшы, ешкім жатсынып жыраққа кетпеді. Қазіргі таңда мектебімізде 4 патронаттық тәрбиеленуші білім алуда. Араларында өзге ұлт өкілдері болса да — «Мен қазақпын! Жүрегім қазақ деп соғады! Еліммен, ауылыммен, білім беріп отырған мектебіммен, тәрбиелеп отырған ата-анаммен мақтанамын!»- деген сөздерді үнемі айтып жүреді. Балалардың осындай шын жүректен шыққан сөздерін естіген кезде, тыңдаған жанның елжіремеуі мүмкін емес.

Бүгінде  халық саны азайған шағын ауылдардағы мектептер жабылып жатырғандығын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп жатамыз ғой. Ал біздің Сегізсай негізгі орта мектебінің  ұжымы әлі де өзгеге өнеге болар сауапты ісімен талайды тәнті етуде. Атқаралып жатқан игі істердің барлығы бір отбасындай болып отырған бірлігі жарасқан ұжымның арқасы. Бұл бағытта педагогтер арасында сауапты іс жасауға ниеттеніп отырғандар қатары әлі де баршылық. Екі ұлды бауырына басып, тәрбиелеген  мектептің педагог-психологы А.Б.Кенжебаева, бар мейірімі мен шапағатын өз балдарымен қатар  үш ұлына  беріп отырған  көркем еңбек пәні мұғалімі Р.К.Тапаева да алдағы уақытта патронаттық тәрбиеге тағы да тәрбиеленуші алуға ниетті. Сонымен қатар мектебімізде келіп жатырған мамандар да «Болашақ ата-аналар мектебі» курсын аяқтап патронаттық тәрбиеге бала алып, тәрбиелеуге ықылас білдіруде.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңі мен бүгіні жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп өз сөзінде айтқанындай, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда. Берекелі ұжымның болашақта да бірлігі ажырамасына үлкен сенім білдіреміз.

Айтолқын Кужаниязова
Шыңғырлау ауданы, Сегізсай ауылы
Сегізсай негізгі орта мектебінің директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.