Айткенова Молдир Болатовна.
Қарағанды қаласы,
№5 қосымша білім беру мектеп-орталығы
«Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Еліміздегі сондай елеулі өзгеріс, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру реформасы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы бастама алды. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру тапсырмасымен әліпби нұсқалары, емле ережесінің жобалары, пернетақта, т.б. мәселелер қарастырылды. Әліпби жобасын дайындауда тілтанушы ғалымдар тілдің лингвистикалық, қоғамдық ерекшеліктерін назарға алды. Латын әліпбиіне бұрын көшкен түркітілдес елдердің тәжірибесі де сараланып, ұлтымыздың өзіндік ерекшелігі басшылыққа алынды. Сол кезден бастап атқарылған жұмыстар қызу түрде қоғамда талқыланып келеді, белсенді жұмыстар жалғасын табуда. Бүгінгі таңда елімізде жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Сондай жұмыстардың бірі – латыннегізді қазақ әліпбиінің көзшалымға икемділігін сынақтан өткізуде диктант жазу жұмыстарын атауға болады. Білім беру саласы да бұл іс-шараларға белсенді қатысып, атсалысуда. Білім беру бағдарламаларында бұл тақырып жоғары сыныптарда қарастырылады. Сондықтан мектеп оқушыларының латыннегізді әліпбиге қатысты білімін қоғаммен байланыстыру мақсатында облысымыздағы ресурстық тіл орталығымен байланыс орнатуды жөн деп таптық. Бұл жас жеткіншектеріміздің ұлттық санасының қалыптасуына, өз тілін құрметтеуіне әсер етіп, ой салатыны сөзсіз. Сондықтан бұл іс-шаралар мектебіміздің медиажоспарында алдын-ала жоспарланған болатын.
Сол жоспарға сәйкес соңғы жетілдірілген әліпби жобасы бойынша Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығымен байланыс орнатылып, түсіндірме жұмыстар жүргізу мақсатында қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн кездесулер жоспарланды. Үстіміздегі жылдың 2 ақпанында және 2 сәуірінде №5 ҚББМО мұғалімдері мен 5, 9-10-сынып оқушылары Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жақанова Жұпар Рысқұлқызымен және орталықтың тіл маманы Камила Аманмен 2 онлайн іс-шара өткізілді. Онлайн жұмыстары «Жаңа әліпби жобасымен танысамыз» тақырыбында танымдық сағатқа, «Жаңа әліпбидің жаңалығы» деген тақырыпта онлайн-кездесуге арналды. Бұл іс-шараларда жаңа әліпбидегі ерекшеліктер – диакритикалық таңбалар, әліпбидің көзшалымға қолайлылығы, халықаралық әліпбиде пайдаланылатын таңбалар қолданысы, «бір дыбыс – бір таңба» принципін сақтау мүмкіндіктері оқушыларға түсіндірілді. Теориялық түсінік оқушылардың жазылым, оқылым дағдыларына арналған практикалық жұмыстарына ұласты. Осы арқылы оқушылардың қолдағдыға, көзтанымға қатысты пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік берілді. Іс-шаралар барысында алдағы оқу жылына жаңа әліпбиге қатысты бірлесіп өткізетін жұмыстар қарастырылып, жоспарлар құрылды. Аталған бірлескен жұмысты ұйымдастырушылар – мектептің қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің мұғалімдері.
Бұл кездесулер оқушыларға елімізде болып жатқан тіл мәселесіне қатысты жаңалықтардан хабардар болуға мүмкіндік береді. Осындай талқылаулар барысында оқушылардың қызығушылықтары анықталады, оқу сауаттылығын арттыруға жағдай жасалады. Себебі оқу сауаттылығы оқушының қоғамда болып жатқан жаңалықтарды білуін, газет-журналдар оқуын да қарастырады. Ал жоғарыда аталған мақсатты және жоспарлы жұмыстар, кездесулерден кейін оқушылардың бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде латыннегізді әліпби жөнінде айтылған пікірлерге назар аударатыны сөзсіз.
Тіл дамиды, оны дамытатын – бүгінгі алдымызда отырған шәкірттер. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәрін жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды», — дейді Ахмет Байтұрсынов. Болашақ – жастардың қолында! Олай болса, жастардың жарқын болашағына жарқын қадамдар бүгін жасалуы керек. Ойлы, білімді, функционалды сауатты етіп ұрпақ тәрбиелеу – мұғалімдер, біздің қолымызда!