Курманбаева Талшын Турдакиновна
№102 ЖББМ
дене шынықтыру пәні мұғалімі
Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған,
Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой бір табан,
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан…
Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң,
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған.
Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман,
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан…
Мұхтар Шаханов
Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы — Қазақ халқының маңдайына біткен, қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуаны. Тұтас ғұмырын спортқа, күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажы Мұқан бабамыз.
Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу — сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.
Палуан бабамыздың әділетсіздікке төтеп бергені оның қайсар рухы деп білемін. Сырт келбеті, физикалық тұрғыда палуандығы өз алдына адам ретінде рухының мықтылығы ол оның тектілігі. Осындай текті бабадан тараған қазақ халқы текті ұрпақ.
Қадыр Мырзалиевтің «Бұлшық еті даланың» өлеңіндегі:
«Сайын далаң – өзің анаң, өз әкең,
Сол далаға тартпай туған аз екен.
Осындай ұл таба алам дегендей,
Тапқан сені қазекең»,
– деген шумағы кімді болса да бір тебірентіп тастайды-ау.
Биыл қара күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл. Осы орайда өскелең ұрпаққа палуан бабамыздың ерлігі мен палуандығын насихаттап, үлгі ету басты міндетіміз. Бабамыздың 150 жылдық мерей тойына арнап мектебімізде көптеген іс шаралар өткізу жоспарға қойылып, сол жоспарға сәйкес түрлі іс шаралар өткізілуде.
Солардың бірі:
- 9 сынып оқушылар арасында «Қазақ күресі» ұлттық ойыны;
- 10 сынып оқушылар арасында Қазақтың ұлттық ойыны «Арқан тарту»;
- 5 сынып оқушылар арасында «Тоғызқұмалақ» ойыны;
- Қажымұқан Мұңайтпасов бабамызды еске алу кеші;
- Қазақтың палуандарымен кездесу ұйымдастыру;
Қажымұқандай бабамыздың үлгісін көріп, оқып, танып, біліп өскен ұрпақ келешегі зор болмақ. Қайтпас қайсарлығы мен табандылығының арқасында жеткен жетістіктері бір төбе. Жекпе-жекке шыққанда намысын қолдан бермей , жекпе-жектерінің басым бөлігінде жеңіске жеткен палуан.