Биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тәуелсіздікке қол жеткізу – білім беру жүйесі мен педагог қауымдастықтары алдынан жаңа мүмкіндіктер мен көкжиектер ашты.
Батыс Қазақстан облысына қарасты Тасқала ауданындағы «Каменская» орыс-қазақ орта мектебі жанынан егемендік алған 1991-1992 оқу жылдарында қазақ сыныптары көптеп ашылды. Сол жылдары аталмыш білім ордасына келген жас мамандар Асылбек Ахметов, Ақсүйрік Халиуллина, Гүлмира Баисова, Алтынғаным Темиралиева алпыстан аса бүлдіршінді білім нәрімен сусындатты. Мектеп табалдырығын аттаған шәкірттерге жанашырлық танытқан және мұғалімдерге қолдау көрсеткен тіл жанашырлары Мағжан Кенжеғалиев пен Сансызбай Рахимов сыныптарды қажетті көрнекіліктермен қамтамасыз етті. Сонымен қатар олар бір қазақ сыныбының екі сынып болып ашылуына себепкер болған. Осылайша әр кезекті оқу жылында қазақ сыныптарына оқушылар қабылданып, өз алдына білім ордасына айналатындай дәрежеге жетті. Қазіргі таңда сол шәкірттердің жасы 35-тен асып, ақыл-ойы толысқан шаққа жетіп, бір-бір шаңырақтың иесіне айналып, әр түрлі салада еңбек етуде.
Аудан жұртшылығының қазақы болмысын қалыптастыруға ықпал еткен қазақ сыныптарының, жалпы аудандағы білім ошақтарының да алдында тұрған басты міндет – білім беру бағдарламасын жүзеге асыру және ұлттық, азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке тұлғаны кәсіби қалыптастыру, дамыту, әр оқушының бойында өз еліне, жеріне сүйіспеншілігін тәрбиелеп, тілін, тарихын, салт-дәстүрін құрметтеуге баулу, ұлтжанды азамат тәрбиелеу болып табылады. Еліміз өз тәуелсіздігін алып, ұлтымыз өз ана тілінде еркін сөйлеу дәрежесіне де жетті.
БҚО Тасқала аудандық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі