Home » Мақалалар » Сыни тұрғыда ойлауды дамыту және қолдану

Сыни тұрғыда ойлауды дамыту және қолдану

XXI ғасыр – инновациялық технология мен күрделі ғылымның заманы. Қазіргі уақытта кез келген дамушы мемлекеттің басты қозғаушы күші — ғылыми жаңалықтар мен экономиканы өрлетуші жаңа технологиялар.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында: «Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз» — деген болатын. Осы орайда Елбасымыздың сөзін тілге тиек етуім де бекер емес. Себебі, білікті мұғалімдерді жетілдіру, оларды дамыту мақсатында Қарағанды облысы бойынша «Сыни ойлауды дамыту технологиясы» атты тақырыпта ауқымды семинар өтті. Семинар барысында білікті мамандар білімнің жаңа мазмұнын жүзеге асыру үшін сыни ойлауды дамыту технологиясының маңызы өте зор екенін басты назарға алды. Бұл технологияның педогог пен оқушы үшін пайдасы неде,оны біз қалай және қаншалықты дәрежеде қолдана аламыз деген сұрақтарға жауап алдық. Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз — ой қозғай отырып, оқушының өз ойы мен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегеніг өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау, өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау. Оқушыны мұғаліммен, сыныптастарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, түрлі қиындықтарды жеңуге баулитын бағдарлама. Сыни тұрғыдан ойлаудың басты ерекшелігі білімнің дайын күйінде берілмеуі болып табылады.
Мен семинар бойы білікті де білімді спикерлердің «Сыни ойлауды дамыту технологиясы» тақырыбындағы берген барлық мағлұматтары мен тың идеяларын санамның түкпіріндегі сүзгісінен өткізіп, жаңа тәжірибенің мол қазынасына қол жеткізе алдым. «Қыбырламаған қыр аспайды» демекші, семинардың арқасында алған білімімді өз сабақтарымда қолдану арқылы өзімді де, білім нәріне зәру оқушыларды да дамыту басты назарда. Әрбір ұстаздың кәсіби өмірі ізденумен, жаңа білім алумен, ең бастысы, тәжірибе жиналған сайын сыни ойлаумен жалғасатынына көзім түбегейлі жетті.

Айгүл Амантайқызы ҚОЯНБАЕВА,
Жаңаарқа ауданы
«№132 тірек мектебі» КММ
география пәнінің мұғалімі,
педагог-сарапшы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.