Сүйінші, халқым!
Жаздайғы төккен терімнің жемісі — еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай қолға алған жобам мәресіне жетті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек» деген еді. Біз «Тұлға-достық» қоғамдық қоры идеологиялық маңызы бар ауылдарымыздың жетістігін көрсететін «Үздік 30 ауыл» жобасын жүзеге асырдық. Еліміздің 14 облысын қамтыған, әр облыстан ішкі саясат басқармасы ұсынған екіден ауыл енгізілген «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомын жарық көрсеттік.
Анықтамалықтың тұсаукесері Нұр-Сұлтан қаласы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында
«Конституция» залында өтеді.
Шараға билік өкілдері, «Nur Otan» пртиясының басшылары, зиялы қауым қатысады. Тұсаукесерге еліміздің 14 облысынан анықтамалыққа ауылдары енген 30 ауылдың өкілдері аудан, ауыл әкімдері, ішкі саясат басқарма басшылары шақырылып отыр.
Өтетін уақыты: 16 қазан 2021 жыл, сағат 11:00-де.
Жобаның мақсаты:
«Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомын еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту ету, үздік ауылдарды өзге ауылдарға үлгі-өнеге ету; Ауылдардан шыққан ауылын көркейтуге үлес қосып отырған азаматтарды дәріптеу; Кәсіпкер азаматтардың жастардың назарын туған ауылына
бұру. Анықтамалықта ауыл жайлы мағұлматтар беріліп, суреттері қамтылған.
Жобаның барысы:
Мен 3 мамырда 14 облыстың әкіміне жоба жайлы хат жаздым. Әр облыстан үздік 2 ауыл ұсынуларын сұрадым. Хатыма жауаптар келе бастады. Сонымен еліміздің 14 облысын жеке көлігіммен 1 ай 2 күнде аралап, ішкі саясат басқармасы ұсынған 30 ауылды фотоға түсіріп, материал жинап «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомын құрастырып, жарық көрсеттім.
Мұратхан ШОҚАН