Алтанбаева Айкүнім Серікқызы
«Сәтбаев қаласының №1 мектеп-гимназиясы» КММ
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
«Дана да дара тұлға – Бауыржан Момышұлы»
Бауыржан Момышұлы – алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, әрі шешен, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірі ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде сақталған. Бауыржан Момышұлын тарихи тұлға дейміз. Өйткені ол кісінің есімі Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігімен бүкіл Кеңес Одағына танылды.
Бауыржан Момышұлы — мұқалмас ерлік-жігердің, күш-қайраттың, ақыл-парасаттың, ар-ожданның иесі болды. Соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы ғана болып қана қойған жоқ , сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, мейірман тәрбиешісі де бола білген. Ұлтжандылықтан жаралған батырлық бейнесі тарих беттерін аралап, жыл өткен сайын «тот баспас саф алтындай жарқыраған» ерлік жолы ұрпақ жадында сақталып, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қаһарманына айналған тұлға. Ол өзінің сөздерінде:«Ұлттық рух – асыл қасиет, ұлтшылдық – бұл ұлт ішіндегі жеке адам бойындағы көркемділік деген.
Бауыржан Момышұлының өмірі – өнеге, жазған мұралары – патриоттық өсиет. Өнегелігі – елі мен туған жерін нағыз сүйген, оған қашан да адал қызмет еткен, сын сағатта Отанын жан аямай қорғаған және қол бастап, жауды жеңуге ерен үлес қосқан ер. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз», — деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері ұрпақ үшін өнеге.
Батыр Бауыржанның бойындағы айрықша дарындылық пен адалдық, әділдік пен шыншылдық қасиеттері көптің көңілінде, ұрпағының мәңгі есінде. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бәсекеге қабілетті болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, Б.Момышұлының шығармалары ұлттық рух пен алып күш беретін құрал болып қала береді.