Оралдық педагогтар Алматыда болып, тәжірибелерін толықтырды
Орал қаласы мектептерінің директорлары мен орынбасарлары «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының «Басқарудың жаңа моделі» курсы бойынша Алматы қаласындағы ең үздік 10 мектептің моделімен танысты.
Әр мектеп таңдалған моделіне байланысты оқу бағдарламасын әзірлеу, оны жүзеге асыру, HR саясатын құру, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша іс-тәжірибелерімен бөлісті. Осы ретте Гүлмира Курганбаева, Назым Арзимбетова, Әсем Арын (Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU), Дидар Марданов («Талапкер» білім беру қоры), Ольга Пак, Адиль Тудияров ( NGS Жаңа ұрпақ мектебі), Олег Пак (Ш.Уәлиханов атындағы мектеп), Жанар Кулиева (Tamos Education мектебі), Гүлмира Канай (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) сынды білім саласындағы үздік менеджерлер болашақтағы оқу үрдісіне жаңаша бетбұрыс жасауға негіз салды. Бұл сапар туралы оралдық мектеп басшылары өз әсерлерімен бөлісті.
№12 орта мектептің директоры К.Хайранова: «Күзгі мектеп сессиясы аяқталды. Республиканың үздік мектептері мен жоғары оқу орындарының жұмысымен танысуға бірегей мүмкіндік болды. Біз үйге жаңа білім мен түрлі әсерлермен келеміз. Тренинг бағдарламасы мазмұнды және қызықты болды. Идеологиялық дем берушілер Гүлмира Аманжолқызына, Ақжарқын Мүтиғоллақызына «пайдалы демалыс», тамаша ұйымдастырылған маршрут үшін алғыс айтамыз».
Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясы директорының орынббсары Б.Жұбашева: «Орал қаласының директорлары мен олардың орынбасарларына арналған «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының Күзгі мектебі жан-жақты дайындықпен ұйымдастырылған тағылымды, мазмұнды іс-шара болды. HIGH TECH AKADEMY, HGS, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп, TAMOS education, AImaU, NIS жекеменшік мектептеріне барғанымыз ұмытылмас әсер қалдырды. Кездесуді ұйымдастырушылар рухани азыққа да мән берді. Осы ретте Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында болып, «Біржан-Сара» операсының қойылымын тамашаладық. Бірақ біз үшін ең бастысы, мектеп пен бизнес арасындағы табысты өзара әрекеттестікке қол жеткізген мұғалімдермен, білім беру ұйымдарының басшыларымен және құрылтайшыларымен қарым-қатынас және тәжірибе алмасу. Әрқайсымыз өзіміз үшін және мектебімізге өсу мен даму нүктесін белгіледік».
Еске сала кетсек, Орал қаласы білім беру бөлімі «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының бастамасымен мектеп басшылары мен педагогтары үшін басқару құзыреттіліктері және жаңа педагогиканы оқытуға арналған жобаны қолға алған болатын. Жобаға қаладағы 30-дан астам мектеп қатысуда.
БҚО білім басқармасы баспасөз қызметі