Туякова Раушан Муратовна
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
«Қаражар ауылының жалпы орта білім беретін мектебі»КММ
бастауыш сынып мұғалімі
«Кітап — ғалым, тілсіз мұғалім» деген қазақта даналық сөз бар. Сабақтағы санаулы уақытта толығымен ала алмаған білімді шәкірттеріміз кітаптан өз бетінше ізденіп, тауып оқып, түйіндеп жатса, қандай тамаша. Қазіргі таңда, ғаламтор дамыған кезеңде, ноутбук, телефон, планшет сынды заманауи технология құралдары көз қызықтырып тұрғанда, шәкірттерді кітап оқуға жұмылдыру оңай шаруа емес белгілі. Оқушыға «кітап оқы» деген тек құрғақ сөздің аздық етері ақиқат.
Сол үшін мен, 26 жыл өтілі бар бастауыш сыныптың мұғалімі ретінде тәжірибеммен бөлісер болсам,, ең бірінші оқушыларыма «Кітап пен ғаламтордың қайсысы пайдалы?» деген сұрақ қойып, олардың пікірлерін байыппен тыңдай келе, оларға телефонда қажетті қажетсіз ақпарататтың шектен тыс көп екенін, ал кітаптан қажетті материалыңды тауып оқуға мүмкіндік жоғары екенін айтып түсіндіремін. Сонымен қатар, басты назар аударарлық мәселе-телефоннан адам ағзасына радиация бөлінетінін, шектен тыс телефонға үңілу көз көру қабілетін де нашарлататынын ескерттім.Тіптен, телефоннан оқыған электронды кітаптың өзін ғаламатор, ватсап арқылы әр уақыт хабарламалар келіп отыруы себепті, еш алаңсыз, бар ынтамен оқуға, есте сақтауға мүмкіндік бермейтіні жайлы айттым. Бұл бойынша ата-аналарға де кеңес ретінде мағлұматтар беріп, балаларының бос уақытында кітап оқуын қадағалауына кеңес бердім.Содан ары, оқушыларымның арасында ертегі, әңгіме-мысалдар оқып келуге тапсырма беріп отырдым.
Оқушыларымды кітапханаға апарып, өздері қызықтырған кітаптарды таңдауға көмектестім. Бұл жерде айтарым, кітапханашымен тығыз байланыстың маңызы өте зор. Балалар өзара бәсекелесе, әдеби кітаптарды таңдап, үйлеріне апарып оқып, түсінгендерін сабақ арасында мазмұндап айтып жүрді. Бұл жерде барлық оқушым бірден кітапқа бас қойды деуден аулақпын. Кейбір оқушыларым кітаптың тек суреттерін қызықтау үшін алып жүрді. Оларға суретте не бейнеленгені жайлы сұрақтар қоямын. Көркем тілде баяндап беруін сұрап отырамын. Ал нағыз кітапқұмарлар сайысына қатысқан оқушыларым жарыса оқыған кітаптары жайлы айтуға асығатын болды. Тағы бір маңызды жайт, кітап оқуға қызығушылығы оянып жүрген оқушыларымның сабақта сөйлеу, әңгімелеу мәнерінің жақсарып келе жатқаны байқала бастады.
Мен сынып арасында «Үздік жас оқырман» сайысын бастап кеттім. Тиісінше, оқушыларымның бұрынғыдай емес, қоңырау арасында кітапханаға баруы жиілей бастады.Сынып ішінде сайыс өткізген соң, іріктелген жеңімпаздарымды мектепішілік жас оқырмандар сайысына қатыстырдым. Бұл сайыста Өмерзак Біржан атты оқушым жүлдегер атанды. Оқуда озат, тәрбиелі, өнерлі шәкіртім «Үздік жас оқырман» атағын иеленіп, марапатталған сәтте мерейі үстем болғаны бал-бұл болған жүзінен аңғару қиын емес еді. Ұстаз үшін шәкіртінің білімділер сайысынан оза шауып, бас жүлдені алып, ерекшеленіп жатқанынан артық не бар? Бұл сайыстан кейін қалған оқушыларымның да кітапқа деген қызығушылығы тіптен арта түсетініне бек сенімдімін. Және де, алдағы уақытта өткізілетін кітап оқу сайысына қатысатын оқушыларым аудан, облыс , республикалық деңгейдгі мәрелерден көрінер деген үміттемін.