Home » Мақалалар » Педагогтардың кәсіби әрекетіндегі әдеп қағидаттарының маңызы

Педагогтардың кәсіби әрекетіндегі әдеп қағидаттарының маңызы

Нуркабылова Алмагуль Жеткергеновна
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«№86 «Зияткер» балабақшасы МКҚК-ның
меңгерушісі

Өзінің  кәсіби тұлғалық қасиеті өн бойынан көрініс табатын бірден-бір мамандық иесі – ұстаз мамандығы. Сондықтан да әр заманда ұстаздың қадір-қасиеті туралы ұлы адамдар ұлағатты сөздерін айтып, келер ұрпаққа жеткізіп отырған. Мысалы, қазақтың алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» десе, Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деп баға берген. Сондықтан да әр ұстаз, әр оқытушы, әр мұғалім, жалпы әр педагог ең алдымен, «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан» деген Абай атамыздың мағыналы сөзіне сүйене отырып, ең бірінші кезекте адамгершілік белгілерінің басты шарттарын назарда ұстап, іскерлігі мен дағдыларының арқасында, баламен қарым-қатынас жасауда педагогикалық этика ережелерін басшылыққа алу керектігін назарға алуы тиіс.

Ол туралы 2020-2021 оқу жылында Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқаухатта ерекше көрсетілген. Ол жерде ең бастысы, тәрбиелеу процесінде баланың бойындағы жақсы қасиеттерді «Мен айтқандай істе» тұрғысынан емес, «Мен сияқты істе» тұрғысынан дамыту керектігі басым айтылған. Педагогтың мәдениеті мен шеберлігін анықтайтын сыртқы бейнесі, сыртқы келбет мәдениеті, мимикасы, сөйлеу мәдениеті үнемі балаға үлгі ретінде көрсете алатындай сипатта болуы керек. Кез-келген педагог оны өз тәжірибесінде пайдалана отырып, баланы тәрбиелеуде ең басты қағидат ретінде санауы тиіс.

Жалпы, нағыз педагог тек қана білім алушыға жақсы сапалы білім мен тәрбие берумен шектелмейді.

Ең алғаш еңбек жолын бастаған әрбір педагог жан-жақты «Ұстаз» деген атқа лайықты болуы үшін міндетті түрде өзі таңдаған мамандығының негізгі ұғымдарын біліп, педагогикалық әдеп қағидаттарын сақтап, оған қоса жауапкершілік талаптарын  тереңінен түсіне білуі шарт.

Ол үшін педагог Қазақстан Республикасының заңдарына, нормативтік актілеріне Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Білім туралы Заңына, «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығына, 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы, «Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 190 бұйрығына, Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасының
2020 жылғы 16 қыркүйектегі №107-04-26/203 хатын негізге ала алады.

Жоғарыда көрсетілген «Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы
№ 190 бұйрығындағы мына мәселелерге назар аударсақ,

МҰД — да педагогикалық әдеп кеңесін құру қағидаттары:

  1. Адалдық: педагогтің адалдығы олардың оқыту мен тәрбиелеу нәтижесіне,
    өз қызметіндегі түзетулерді жүзеге асыра білуіне, сынға және рефлексияға қабілетін дамытуға, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің), әріптестерінің кез келген пікірі үшін ашықтығына жауапкершілігін білдіреді;
  2. Әділдік: педагогтің әділдігі оның бағалау кызметінің ашықтығын, олардың құрған білім беру ортасының айқындылығын білдіреді.
  3. Жеке тұлғаның абыройын және қадір-қасиетін құрметтеу:
    Білім беру процесінің қатысушыларына қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдістерін қолдануға жол бермейді;
  4. Патриотизм: педагог өз Отаны — Қазақстан Республикасына, тарихына, дәстүрлеріне және тіліне адал және сүйіспеншілікпен қарайды.
  5. Жалпы адами құндылықтарды құрметтеу және төзімділік: Педагог жалпы адами құндылықтардың басымдылығын мойындай отырып, әрбір ұлт мәдениетінің ерекшелігіне, құндылығына және қадір-қасиетіне құрметпен қарайды.
  6. Кәсіби ынтымақтастық: педагог кәсіптің беделі туралы ойлайды, әріптестерінің абыройы мен қадір-қасиетін құрметтейді, мұғалімнің беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге жол бермейді.
  7. Үздіксіз кәсіби даму: педагог өзінің кәсіби шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін жетілдіреді.

Сонымен қатар, тақырыбымызға байланысты қажетті негізгі ұғымдар ретінде мыналарды көрсетуге болады:

  • Педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам делінген.

(ҚР Білім туралы заңы 1 бабы, 50 – 1 тармақшасына сәйкес)

  • Педагогтік әдеп – педагогтердің Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген мінез-құлық нормалары

(Педагог мәртебесі туралы Заңы, 1 бабы, 1т.2т)

  • Педагогтік әдеп жөніндегі кеңес – білім беру ұйымында құрылатын, педагогтердің педагогтік әдепті сақтау мәселелерін қарайтын алқалы орган

(Педагог мәртебесі туралы Заңы, 1 бабы, 1т.2т)

Жоғарыда педагогикалық әдеп кеңесін құру қағидаттарына тоқталып кеттік.
Ал, жалпы педагогикалық әдеп дегеніміз не? Осы сұрақтың жауабын тауып көрейікші? Менің ойымша, педагогикалық әдеп этика ғылымының бөлігі болып табылады және педагогикалық адамгершіліктің ерекшеліктерін зерттейді, педагогикалық еңбектегі адамгершіліктің ортақ қағидаларының жүзеге асырылуын қадағалайды, оның негізгі қызметтерін және этикалық категорияларды қарастырады. Ол үшін педагогке тиісті заңдарды білумен қатар, қарапайым адамгершілік яғни, кәсіпке, қоғамға деген қарым-қатынас, тәртіпті болу, өзіне және балаларға қаталдықпен қарау, эмоцияналдық байсалдылық, әдептілік, ұжымдағы әріптестермен жақсы қарым-қатынас орнату, әділ болу, балалардың бәрінің бірдей екендігін мойындау, өз мінез-құлықтарына баға беру, өзін-өзі сынау, өзін-өзі үзбей жетілдіріп тұру деген сияқты қағидаттарды есте шығармау керек. Өйткені, «педагог» ұғымының дәрежесін түсірмей, биікке көтеру үшін осы бағытта жұмыс жасағанымыз жөн. Белгілі педагог К.Д. Ушинский «Педагогика теориясын қаншама жетік білгенмен, педагогикалық әдептің қыр – сырын меңгермейінше, педагог ұстаздық шеберлікке қолы жетпейді» деген нақыл сөзі осы ойымыздың дәлелі іспеттес. Қазіргі кезде педагогикалық әдеп әр адамның бойынан көрінуге тиіс нәрсе. Кез-келген ортада, жұмыста болсын адамдармен, балалармен, ата-анамен қарым-қатынас жасау кезінде әдеп қағидаттарын ұстану керек. Әдеп қағидаттары адамның сөйлеу иекемділігіннен, балалардың іс-әрекетін ұйымдастыра алатынынан, өзін-өзі ұстай алуынан, сонымен қатар, баланың мінез-құлқына баға берген кезде, мақтау, мадақтау кезінде байқалып отырады. Сондықтан да әдептілік – педагогтың мінез-құлығындағы ерекшелікке айналу керек. Өйткені, педагогикалық әдеп – мұғалімнің ең етене кәсіптік белгісі, педагогикалық шеберлігі. Ал, пеадогоикалық шеберлік дегеніміз не? Оны әрине барлығымыз жақсы білеміз. Әйтсе де, менің түсінігімдегі педагогикалық шеберлік, ол – педагогтың пәнді жетік білуі, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін білуі, педагогтың өмірге деген көзқарасы және педагогикалық әдебі. Ол үшін адамда, ең алдымен кәсіптік білім, біліктілік, кәсіптік қабілет болу керек. Осы қасиеттердің барлығы бойында жиналған адам нағыз педагог атағына сай деуге толық негіз болады.

Екінші ұстаз, энциклопедист ғалым Әл-Фарабидің «Нағыз тәрбиеші ұстаз бойында он екі тума табиғи қасиетті меңгерген дана адам болу керек» деген керемет ойы сөзі бар. Осы сөздің мағынасына үңіліп көретін болсақ, адамның бойында тума қасиет болмаса, даналықтың төріне жету қиын. Ал, педагог адам дана болуға тырысуы тиіс. Ол үшін педагог бойында мейірімділік, балаларға деген шынайы махаббат, эмоционалдық байсалдылық, әділдік, балаларға деген зейін, қайырымдылық, сергектік, жігер болса, ол педагог әр баланың жүрегінен орын табатыны талассыз. Ал, егер педагогтың бойында  оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдамау, әділетсіздік, өзін-өзі ұстай білмеу, балаларға немқұрайлы қарау сияқты теріс қасиеттер болса, оны бала бірден сезеді. Және ол педагогтан өзін алыс ұстайды, жолмайды.  Сондықтан да педагогикалық этиканың ең қажетті тұсы осы жерде көрінеді. Бұл жерде ұстаздың адамгершілік қасиеттері қоғамдық құндылыққа айналады, бұл қасиеттерсіз мұғалімнің басқа да кәсіби қасиеттері мен икемділіктердің құндылықтары жойылады. Зияткерлік және психологиялық қасиеттермен бірге жауапкершілік, абырой, әділеттілік, шынайылылық, ар-ұят, қарапайымдылық сияқты қасиеттер  педагогикалық беделдің  негізгі құрауыштары болып табылады.

Жалпы, педагог пен оқушының жеке әлеуметтік-психологиялық өзара қарым-қатынасындағы педагогикалық әдептің алатын орны: оның ішінде, педагогтің өз мінез-құлқын, сезімдерін басқара алуы, тәрбиеленушілердің ішкі жан дүниесін  түсіне білу және оны ескере білуі, «жүзіне қарап оқи алуы», балалармен байланыс жасай алу қасиеттері ерекше. Ол үшін педагогке педагогикалық іс-әрекетте қарым-қатынас жасаудың барлық түрлерін қолдану керек. Саралап айтар болсақ, қарым-қатынас жасау арқылы шешетін мәселеңізді айқын және нақты тұжырымдап алыңыз, қарым-қатынас жасаудың стратегиясы мен әдіс, жолдарын ойластырып алыңыз, баланың санасы мен мінез-құлқына ықпал ететін әдістерді таңдап алыңыз, тәрбиеленушілермен қарым-қатыста тілдесуді «тік», жоғарыдан төменге қарай емес (педагог баладан биік), керісінше, «көлденең» (педагог пен бала бірдей) дәрежесінде ұйымдастырған жөн, тәрбиеленушілермен қарым-қатынастағы бастаманы өз қолыңызға алыңыз, есіңізде болсын, өзіндік бастама балармен ынтымақтастықты жасауға Сізге көмектеседі, тілдесу кезінде өзіңізді еркін ұстаңыз, ешқандай бөгеліп қалушылық, бейберекет қозғалыс, бос күлкі болмау керек, кейбір балаларға деген  келеңсіз ойларыңызды, қарым-қатынасыңызды көрсетпеуге тырысыңыз, баламен қарым-қатынаста мақтауды, мадақтауды, қолдау көрсетуді, мақұлдауды қолданыңыз, балаларды, ести және тыңдай алу керек, жиі-жиі күліп жүріңіз, күлкі балалармен тілдесуге, қарым-қатынас жасауға көмектеседі.

Ескере кететін тағы бір жағдай, педагогикалық техника  туралы ұғым. Педагогикалық техника – педагогтың бойындағы тәрбиеленушілерге ықпал жасайтын икемділіктер кешені болғандықтан оның да маңызы ерекше орын алады. Дұрыс және мәнерлі сөйлеу икемділігі, жест және мимиканы, пантомимиканы қолдана білу икемділігі, өзінің психикалық жағдайын – сезімдерін, көңіл-күйін — басқара алу икемділігі, өзін-өзі сырттай көре алу икемділігі (әлеуметтік перцепция), барлығы, педагогқа керек дүние.

Егер кез келген педагог ынта-ықылас қойып, табандылық танытатын болса, өз бетімен көп еңбектенсе, идеялық жағынан сенімді, саяси жағынан есейген азамат болса, өз пәнін жақсы білсе, оқытудың әдістемесін меңгеріп, бала психологиясын жете білсе, педагогикалық техниканы қалыптастыра алса, педагогикалық шеберлікке жету қасиеттеріне ие бола  отырып, педагогикалық кәсіпті меңгерсе, педагогикалық әдепті бойына сіңірсе, онда талантты, шебер  ұстаз бола алады.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.