Home » Мақалалар » Диас — үздік фотограф!

Диас — үздік фотограф!

Диас — үздік фотограф!

   Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Диас Баймухаметов Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының арасында өткен «Photocamp -2021» байқауында 1 -ші орынды жеңіп алды.

    «Photocamp» — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен «National Geographic» бірлесе жүзеге асырған жоба. Ағымдағы жылдың маусым айында зияткерлік мектептер оқушылары аталған жобаға қатысып, 1 апта бойы суретке түсіру ережелерімен танысып қайтқан. Алматы қаласында өткен тренингті National Geographic журналының әйгілі американдық фотографы Герд Люгвиг (Gerd Lugwig) жүргізді.

     — Байқауды өткізудегі басты мақсатымыз — «Photocamp» курсына қатысқан шәкірттеріміздің «кадр ішіндегі әлем» жайлы білімін жетілдіру. Олардың ұшқыр қиялдарына қолдау білдіру. Сонымен қатар әр мектептегі фотостудия жұмысын жандандыру. Алғаш рет ұйымдастырылған желілік байқауға 42 шәкіртіміз қатысты. Үміткерлердің  жұмыстары: «Өлкетану. Туған елге тағзым», «Қоғамға қызмет ету», «Менің қаламның келбеті – бақытты сәт», «Менің жазғы демалысым» бағыттары бойынша қабылданды, -дейді Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.

Байқауда жеңіске жеткен Диастың фото түсіруге деген әуестігі бұрыннан бар. Сабақтан тыс уақытта мектебіміздің телестудиясы жанындағы фото үйірмесінен дәріс алады.

— Қоршаған ортадағы түрлі құбылыстарды суретке түсіру мен үшін жай ғана қызығушылық емес, үлкен еңбекті талап ететін өнер. Оны меңгеру үшін оқып үйрену керек деп білемін. Өзім телестудиядағы Дәурен Серікқазыұлынан дәріс алып жүрмін. Түсірген суретіңнің сәтті шығуы үшін қажетті түрлі әдіс-тәсілдерді сол кісіден үйренудемін. Ал «Photocamp» курсы біздің фотограф болып қалыптасуымыз үшін үлкен мүмкіндік берді. Осы үшін ұстаздарымызға, курсты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, — дейді Диас Баймухаметов.

Жеңімпаз байқауға «Өлкетану. Туған елге тағзым», «Менің қаламның келбеті – бақытты сәт», «Менің жазғы демалысым» бағыттары бойынша өз еңбектерін жолдаған.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.