Home » Мақалалар » Ағайынды Кенішбаевтар

Ағайынды Кенішбаевтар

ҮЛГІ ТҰТАЙЫҚ!

ФБ (facebook) деген жақсы ғой. Бір кездегі айлап әзер алатын хабарларды бір сәтте алуға болады. Сондай көп ақпараттың ішінде жүзі таныс азаматтар жарқ ете қалды. Зер салып оқып шықтым. Өзіміздің батырлар. Разия әжемнің жиендері. Мақаланы боратып тұрып жазған досым Ғаббастың Ұлы. Үлгі тұтар қара іздеп жүргенде бауырларымның батырлығын көрмейтіндей көзге шел, жүрекке қан толмаған шығар. «Жақсының жақсылығын айтқан» азаматтарды қолдамай, насихаттамай не көрініпті?! Осынау бейбітшілік заманда да әрқилы майдандар мен арпалыстар жүріп жатыр. Оны көре, түсіне білген азаматтар майдан шебінде жүр. Бірі ақпараттық, енді бірі пандемиямен, тағы біреулері тілсіз жаулармен шайқасуда. Осы айтқандарымның бір дәлелі ретінде Бауыржан Бегеновтің ФБ парақшасындағы жазбасын қаз-қалпында ұсынып отырмын.

                                                                Қуантай Амантайұлы

    Кеше Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласына тиесілі ауыл шаруашылық телімдері өртеніп, шөпші жігіттерді біраз әбігерге салды. Сонымен қатар, бұл жолғы өртке де, Жезқазған қаласы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмылдырылды. «Құдайға шүкір, адам шығыны болған жоқ. Әйтсе де, бірнеше қауіпті жағдайлар орын алды» – дейді бүгінгі күннің батыр жігіттері. Жарайды, өртті қойшы. Күйген дүние, оралар. Бүгінгі мақаламды осы батыр жігіттерге арнағым келді.

Тақырыптың басты кейіпкерлері Жетіқоңыр ауылының тұрғыны Ах­метжан ақсақал мен Ғайни апа­мыз­дың төрт ұлы жайлы болмақ. «Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсер» деген бұл батыр жігіттердің ата-анасын көріп білмесем де, осындай қайратты да, қажырлы азаматтар тектінің ұрпағы екендіктерін, олардың сөздері мен істері дәлелдеп-ақ тұр. Әрқайсысы жеке дара бір төбе! Сөздері де батырларға сай кесек-кесек. Артық ауыз арзан сөз айту қандарында жоқ. «Батырлық – айқаста танылар» демекші, қандай бір қиын іс болмасын, артқа тартыншақтап шегініп жатпайды. Біздің жақта орын алған өртті де, осы азаматтардың екінші қайтара ауыздықтап отырған жайы бар. Әншейінде, жайдары қалпында әңгіме-дүкен құрып отыратын жігіттеріміз, қандай бір іске тас-түйін, жұмыла жабылып кірісе жөнелгенде, бұл азаматтардың алмайтын қамалы жоқ-ау… – деп ойланып қаламын. Бәрі де сақадай-сай, «Жау қайда?»-деп айқайға салып ақырып тұратын баяғының батырлары ма дерсің! Сөздің шындығы сол, әрқайсысы да тепсе, темір үзетін жігіттер!
«Батыр болсаң жауды қайтар»-деген, бүгінгі күні тілсіз жаудың бетін қайтарып жүрген батырларымыз, осы жігіттер!
«Біз – штатта тіркелмеген өрт сөн­дірушілерміз ғой!» – дейді, Ахметжан ақсақалдың ортаншы ұлы Бауыр­жан, сөз арасында бір күліп алып. Қай жерде жүрсек те, осы өртке тап бола береміз. Көрініп тұрған өртті сөндірмей отыра беруге дәтіміз шыдатпайды. (Ūlytau Audanynyñ Äkımdıgı Советбек Медебаев ағам ғибрат алсын. Автор) «Қандай бір жағдай болмасын, ең бірінші кө­рін­ген кедергі мен тосқауылды жақ­сылап зерттеп алған соң, бір-ақ кірі­семіз. Асығып-аптығуға болмайды. Әйтпесе, еңбек зая кетеді. Кешегі өрт кезінде де, оның бағыты мен күшін анықтап алған соң, МТЗ тракторына, КаМаз жүк көлігіне ауыр блоктарды байлап алып, өрттен 300 метр алдын орап, екі-үш қайыра жүргізіп алдық. Ал, шаңы шығып, шөбі тапталған жерге өрт келіп амалсыздан тоқтайды. Әр ісіңе сақтықпен қарап отыру қажет. Кешегі күні, өрттен шыққан түтіннің қою болғаны соншалық, бір-бірімізді көруден де қалдық. Екі жақтан өрттің алдын орап келе жатқанда, тракторымыз бен көлігіміз соқтығысып қала жаздады. Абырой болғанда, тез аңғарып қалып, соқтығысудың алдын алдық. Жел де қатты болып, от лезде алдыңды орап кеткісі келген жағдайлар да болды. Ондай кезде, амалсыз оттың үстімен жүруге тура келді. Солай жасағанда ғана беті қайтады. Артынша қайыра келіп үстінен және жүріп өткенде, от бықсып, ал, соны күтіп тұрған жаяу жігіттер бықсыған шоқты «хлопушкамен» ұрғылап отырып, лезде өшіріп тастайды. Біздің өрт сөндіру тәсіліміз осындай. Су іздеп әуре-сараңға түс­пейміз» – дейді Баукең.

«Осы төртеуміз жүріп жасайтын істі, Әкеміз жалғыз жүріп жасайды» – дейді Ахметжан ақсақалдың үлкен ұлы Мұхит. «Не іс жасасақ та, әкеміз мақтаған емес. «Мұны былай істеу керек еді. Ал, сендер басқаша жасап жатырсыңдар» – деп кейде кейістік танытады дейді ол.

Ия. Бұл бұрыннан келе жатқан –тәрбие. Шынымен де, әкелеріміз біз­дерді ширату үшін, осылайша жа­сайтын еді ғой. Мақтау дегенді сирек, жылына бір-екі рет қана алатынбыз. Мақтауға тұрарлық іс жасап келіп, балалық көңілмен бір мақтаса екен дейміз. Ал, олар болса: «Дұрыс, ертең, енді мынаны жасап қой!» – деп, жүре тыңдап, кете беретін. Сондай тәрбие көрген соң, бүгінгі күні, кемшілік көрген ұрпақ жоқ. Қайта бір аяқтаған ісіңе қайыра келіп аяқ баспайды. Бұрынғының көзін көрген әкелеріміз, солардан алған ғибратты біздердің бойымызға осылайша дарытып жатқандағысы осы емей, немене?!

Ахметжан ақсақалдың да ұлдары біздерге батыр болғанымен, ол кісіге әлі бала. Ал, балаларын қайрай біл­ген әке ғана, оларды мұраттарына жеткізеді. Ахметжан ақсақал ұлда­рына дорбалап қаражат берген жоқ. Кері­сінше, оларға адал еңбекпен мал табудың дұрыс жолдарын көр­се­тіп, соны ұлдарының бойында қа­лып­тастырды. Бұл – тектілік! Ал, аз уақыт ішінде қыруар техника жинап алып, өз ісін дөңгелетіп жүргізу, екі адамның бірінің қолынан келе бермейтіні, даусыз. Жетіқоңырдың қай азаматымен кездесе қалып, Ахметжан ақсақалдың ұлдары жайлы сұрай қалсаң, қолды-аяққа тигізбей мақтап ала жөнеледі.

«Қысылып алдына барсаң, қолың­ды қайтармайды. Малымыз шөпсіз қалды дегенді естіген соң, қыстың қара суығында шөп шауып, жеткізіп берген күндері де болған» – дейді ауыл тұрғындары. Мұндай іске, тек жүрегі үлкен азаматтар ғана бара алады! Ол – ақиқат! Осындай батыр да, іскер жігіттермен қоян-қолтық араласып еңбек етудің өзі, бір ғанибет! Аллаһ Тағаала Ахметжан ақсақал мен Ғайни апамызға, оның отбасына берер берекетін арттыра берсін! Мерейлерін үстем етсін!

 Бауыржан Бегенов
аббастың Ұлы),
шаруа қожалық жетекшісі
Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.