Home » Мақалалар » Балалық шақтың бастауы

Балалық шақтың бастауы

 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Мектепке дейінгі балалық шақ» мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін жасап жатыр дегенді құлағымыз бірнеше рет шалып қалған. Бүгін аталмыш мекеменің директоры Манара Елекенқызы Адамовамен жолығып, 2021–2022 оқу жылы жайында азды–кемді әңгіме жасадық. Заман талабына сай сұрақты да, жауапты да қысқа әрі нұсқа етіп жасауға тырыстық.
– Жаңа оқу жылында нендей өзгеріс бар? (ТУП – Үлгілік оқу жоспарында)
– Биыл еліміздің мектепке дейінгі ұйымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №604 бұйрығымен бекітілген қолданыстағы стандарт бойынша жұмысын жалғастырады. Осыған сәйкес Үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламасы да қолданыста болады. Жаңа стандарт пен оқу бағдарламасын әзірлеу әлі де жалғасуда, осы нормативтік актілерді бекіту 2022 жылға жоспарланған.
– Балабақша мақсаты не?
– Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың білім беру процесінің барлық қатысушыларының өзара іс-қимылы арқылы бақытты, дені сау, дербес, білуге құмар, тіл табысқыш, сын тұрғысынан ойлайтын балалардың толыққанды дамыту.
– Осы тұста. Сіздердің, «Балалық шақ орталығының» атқарар міндеттері қандай?
– Әдістемелік қамтамасыз ету, әдістемелік тұрғыдан педагогтар мен әдіскерлердің практикасын оқу-әдістемелік сүйемелдеу.
– Осыншама қыруар жұмысты жергілікті жерлерге қалай жеткізесіздер?
– www.rc-dd.kz сайты, Инстаграмм, Фейсбуктегі парақшаларымыз арқылы, «Дана бала» журналы, сайттағы сұрақ-жауап айдары арқылы кері байланыс, кеңес беру жүргізіледі, семинар, тренингтер өткізіледі.
http://rc-dd.kz/sites/rc-dd.kz/uploads/docs/metodicheskie_razrabotki/2021/IMP_060821_rus.pdf
www.rc-dd.kz
– Мектепке дейінгі мекемелер қандай құралдармен жұмыс жасай алады? Және неге сүйенеді. Оқу кұралдарымен кім қамтамасыз етеді?
– Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиелеу-білім беру қызметін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына; Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына; Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырады. Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің, немесе Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының сараптамаларынан өткен оқу-әдістемелік ресурстар мен кешендерді педагогтар өз еркімен таңдай алады.
– Биыл балалар әдебиеті жылы. Балалар дегенде бүлдіршіндер де тыс қалмау керек деп ойлаймын. Мектепке дейінгі мекемелерде қосымша әдебиеттермен қамтамасыз ету жолдары қалай қарастырылған?
– Қазіргі таңда білім беру ұйым­дарында кітапхана қорын жаңғырту жүруде, сонымен қатар баспалар электронды контент әзірлеуде. Соның ішінде «Алматыкітап» және «Шұғыла» баспалары өз ресурстарын Тамыз кеңесі аясындағы панельдік сессия жұмысында ұсынды. Цифрлық платформалардағы оқу ресурстары және олардың жаңалығы Bilimland, Bilimkids компанияларымен, дидактикалық материалдар «Интеллектум» компаниясымен жаңа оқу жылының алдында педагогтарға таныстырылды. Сонымен қатар, мектепалды даярлық тобы/сыныбына арналған «Шашу» оқу-танымдық кешені де педагогтардың назарына ұсынылуда. Әлі де облыстардың секция жұмыстарында оқу ресурстарын таныстыру жүріп жатыр.
– Бүгінгі таңда елімізде 10 мыңнан астам, оның ішінде мемлекеттік 6 мыңнан астам, жекеменшік 4 мыңнан асатын мектепке дейінгі мекеме бар. Оларда 96 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Мектепке дейінгі саланың маманы ретінде осы кісілерге қандай кеңес айтасыз?
– Қазіргі қарқынды даму жағдайында білім беру жүйесі өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Сондықтан да біздер, педагогтар, өзіміздің педагогикалық шеберлігімізді жетілдіріп, бала жүрегіне жол тауып, дені сау, дербес, білуге құмар, көпшіл, сын тұрғысынан ойлайтын және өмірде табысты жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек, өйткені олар біздің еліміздің болашағының кепілі.
Ғасырдан ғасырға қайсар рухты ұл, инабатты қыз тәрбиелеп, оларға елі мен жеріне қорған болар қасиет дарытып келе жатқан елміз, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру – бұл ұрпақ жалғастығын ұлт болашағымен ұштастыратын тәрбие мектебі.
Мектепке дейінгі балалықтың жас кезеңдеріне сәйкес толыққанды дамытуды және өмірлік дағды қалыптастыруды сапалы іске асыратындарыңызға мен сенемін!
Сөзімді қорыта келе, жаңа оқу жылында жас ұрпақты тәрбиелеу мен дамытуда толағай табысқа кенеле берулеріңізге тілектеспін!
– Мынау қарбалас уақытта, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат жасағаныңызға рақмет!

Қуантай Амантайұлы
Республикалық «BILIM AINASY»
жобаларының негізін қалаушы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.