Қазіргі кезде жеке тұлғаның рухани-адамгершілік дамуына үлкен мән берілуде, соған орай адамгершілікке тәрбиелеу мен рухани жағынан да сай қалыптасу тәрбие үдерісінің өзегі және заман талабы болып отыр. Ал жеке тұлға саналы, дара, басқа сөзбен айтқанда өзіне тән мінез-құлқы, жеке моральдық талаптары мен ерекше көз-қарасының болуы және жауапкершілігі мол болуы тиіс. Жеке тұлға — қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу белсенді мүшесі. Жеке тұлға өзінің сана-сезімін, дүниетанымын, рухани ойлау қабілетін білім мен еңбектің арқасында ұдайы байытып, жан-жақты дамытып отырғаны абзал. Ғалымдар жеке тұлғаның дамуына әрі қалыптастыруына әсер ететін негізгі факторларға тұқым қуалаушылық, әлеуметтік орта, тәрбиені жатқызады. Тұқым қуалаушылық — ұрпақтың ата-анасынан берілетін биологиялық ұқсастығы. Әлеуметтік орта — жеке адамның мінез-құлқының дамуына ықпал жасайтын әлеуметтік қарым-қатынас, яғни отбасы мен мектебі.
Міне, осы орайда мен бүгінгі кейіпкерім туралы жазғым келіп отыр. Кадралиев Шыңғыс Асылбекович біздің мектебіміздің түлегі, ауылымыздың белсенді мүшесі әрі жанашыры, үлгілі азамат, аяулы әке, адал жар. «Жүз теңгем болғанша, жүз досым болсын» деген мақал да осы ер азаматқа тән. Жоғарыда айтып өткендей, жеке тұлға болу үшін ата-ананың септігі мол. Шыңғыс кішкентай кезіннен ата-әжесінің өнегесін сіңіріп, әке-анасының білімімен шыңдалып өскен. Атасы шебер әрі көпті көрген тыл ардагері немересін кіші кезінен бастап еңбекке баулып, қолынан не келсе соны әлі күнге дейін үйретіп келеді. Бала Шыңғыс табиғатты, жануарларды, әсіресе жылқыларды сүйіп өсті және бүгінгі күнде сүйікті ісімен ұштасқан арманына да қол жеткізді, яғни ауыл сыртында мал шаруашылығымен айналасуда. Әр төлге өз баласындай махаббатын бөліп, қамқорлап, өзі аяқтай жүріп бағуда. Осындай жетістікке жеткен жас кәсіпкер ауыл тұрғындарына, әсіресе оқушыларға бейжай қарамайды. Атап айтқанда, жыл сайын ауыл белсенділері ұйымдастыратын садақаға мал бөледі, Наурыз секілді мейрамдарда да әрдайым өз қол ұшын аямайды, соңғы кезде еліміздегі індет кезінде көп балалы жанұяларға азық-түлік апарып берді. Сонымен қатар өзі тәлім-тәрбие алған жерін де ұмытпай, өз еркімен мектебіміз спонсоры болды. Атап айтқанда, «100 кітап акциясы» бойынша жыл бойы ең көп кітап оқыған оқушыға велосипед сыйлады. Міне, бүгінгі кейіпкерім қарапайым, өз туған жерін, мектебін сүйетін, әрдайым көмектесуге дайын, адамгершілігі мен жауапкершілігі мол, көзі ашық жеке тұлға. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі.
Тарих пәнінің мұғалімі: С.Мұханбетова