Home » Мақалалар » Жаңартылған бағдарламаға — жаңаша көзқарас

Жаңартылған бағдарламаға — жаңаша көзқарас

Коучинг сабақ жоспары
Абитаева Г.К., Мұхамеджанова Р.Ж., Ахметова Г.Қ.
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған
облыстық қазақ гимназия-интернаты

Мақсаты: Жас мамандарға білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру туралы бағыт беру.

Күтілетін нәтиже: Жаңартылған бағдарламаға жаңаша көзқарас дамиды.

Түйінді идеялар: Жаңа білім мазмұны арқылы табысты оқытуға қол жеткізеді.

Барысы:

Кіріспе сөз.

Топқа бөлу: Ұстаздарға 2 түсті  карточкалар таратылады. Әр карточканың екінші бетінде буындар жазылған: оқы-ту мақсат-тары, баға-лау крите-рийі. Осы 2 сөзді құрап, 2 топқа бөлініп отырады.

Тақырыпқа шығу: Әр топ өзінің құраған сөзін тақтаға іледі, «Екі сөз, бір сұрақ» әдісімен тақырыпқа шығады.

Психологиялық қолайлы ахуал туғызу. «Как достичь своей цели» бейнеролигі.

«Жарнама» әдісі арқылы ұстаздардың зейіндері шоғырландырып, қызығушылықтарына қозғау салынды.

«Аукцион»  әдісімен құпия қалталарды сату арқылы келесі тапсырмадағы рөлдік ойындарды сомдайтын үш қатысушы анықталады: автор, алма ағашы, адам. Құпия қалталардың реттік санына сәйкес сұрақтар қойылды:

№1 – ОДД-ның 1-сатысы қалай аталады?

№2 – Бағалаудың екі түрін атаңыз.

№3 – Сабақтың 3 кезеңін айтып беріңіз.

Топпен жұмыс. Қысқа мерзімді сабақ жоспарынан үзінді.

Сынып: 7.

Пәні: Қазақ тілі.

Тақырыбы: Достық –асыл қасиет.

Оқыту мақсаты: 7.Т/А1.Мәтін үзінділерін тыңдай отырып, оқиғаның дамуы мен аяқталуын болжау.

Алма ағашы мен бала достығы

Бір бала мен алма ағашы дос болыпты. Бала ағашқа өрмелеп ойнап, күн ыстықта көлеңкесіне саялап, қарны ашқанда жемісін жеп, шаршағанда ағаштың түбіне ұйықтап, күнұзақ уақытты бала мен алма ағашы бірге өткізеді екен. Таң атқанда ағаш баланы күтеді, бала келеді, осылайша күндер өте береді…

Бір күні таңертең бала келмейді. Алма ағашы күтеді, бірақ бала келмейді, себебі бала өскен еді. Алма ағашы баланы сағынады, күтуін қоймайды.

Күндердің күнінде жігіт келеді, ағаш «бұтақтарыма шығып ойна» дейді. Жігіт «ойын жасынан шықтым» дейді. Ағаш «алмамды же» дейді, жігіт «алма жейтін бала емеспін» дейді. «Енді неге келдің?» деген сұраққа «Ақша керек» деп жауап беріпті жігіт. «Онда алмаларымды алып сат, ақша қыл» депті алма, жігіт қуанып кетіп, алмаларды теріп алады.

Күндердің күнінде көңіл-күйі түскен жігіт тағы келеді. Алма ағашы не болғанын сұрайды. «Үйім жоқ» деп жауап береді жігіт. «Бұтақтарымды кесіп алып, үй сал» дейді ағаш. Жігіт айтқанын істепті.

Құр діңі қалған ағашқа жігіт тағы келіпті. «Саяхатқа шыққым келеді» депті жігіт, «діңімді кесіп алып қайық жаса» деп жауап берді алма ағашы.

Уақыт өтеді…

І топқа тапсырма. Осы оқиғаның сәтті аяқталуын сурет түрінде бейнелеп, түсіндіру.

ІІ топқа тапсырма. Осы оқиғаның сәтсіз аяқталуын сурет түрінде бейнелеп, түсіндіру.

Топтар қорғалымынан кейін «кубик» әдісімен әр топ бағалау нысан түрін таңдады:

І топ: «SMS» әдісі.

ІІ топ: «Шынығу» әдісі.

Топ ішінде мүшелерінің бірлескен іс – әрекеті негізінде өздерінің бағалау критерийлерімен таныстырып, бағалау нысанына сәйкес басқа топтардың жұмыстарын бағалады.

Бағалау критерийі. 2 топқа тапсырма. Осы тапсырмаға бағалау критерийін құрыңыз.

Сергіту сәті. «Егер»

1. Егер сіз таңертең мектепке көтеріңкі көңіл-күймен баратын болсаңыз – оң қолыңызды бұлғаңыз.

2. Егер сіз өз білім, білік-дағдыңызға сенімді болсаңыз, аяғыңызды тарсылдатыңыз.

3. Егер сіз балалардың ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарамастан олардың құқығын сыйлауымыз керек деп санасаңыз, оң қолыңызды көтеріңіз.

4. Егер сізді еліміздің тағдыры толғандырса, екі қолыңызды да көтеріңіз.

5. Егер сіз мектебіңіз жаңартылған бағдарламаны сынақтан жетістікпен өткізеді десеңіз, екі қолыңызды алға созыңыз.

6. Егер сіз еліміздің болашағы сіздің қолыңызда деп ойласаңыз, қол ұстасыңыздар.

7. Егер сіз үштілдік саясаты балаларымызға пайдалы болады десеңіз, орныңыздан тұрыңыз.

8. Егер сіз біздің білім жүйесін жаңарту керек деп санасаңыз, шапалақ соғыңыз.

Рефлексия кезеңінде көп қалталы жейденің артқы қалталарының құпиясы ашылады: Бұл қалталарда жұмыс барысында көрсетілген әдіс – тәсілдерінің атаулары жазылған: «Жарнама», «Аукцион», «Кубик», «Аралдар», «Шынығу», «SMS», «Екі сөз, бір сұрақ», «Рөлдік ойын». Әр ұстаз өзіне ұнаған әдіс – тәсілдің біріне немесе бірнеше түріне дауыс береді.

Соңында «Аралдар» әдісі бойынша коучингке өз пікірлерін білдіріп, стикер жазады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.