Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев ҚР БҒМ аппараттық отырысында өңірлердегі әдістемелік орталықтар қызметінің жайы және оны жетілдірудің жолдары туралы баяндады.
«Қазіргі уақытта республикамызда 14 облыстық, 3 республикалық маңызы бар қалалық және 199 аудандық/қалалық әдістемелік кабинет жұмыс істейді. Орта білім беру жүйесі қамтитын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, негізгі және жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 412 305 педагог бар. Оларға 2773 әдіскер қызмет етеді. Республика бойынша орта есеппен бір әдіскерге 150 мұғалімнен келеді », – деді Ғани Бейсембаев.
Әдістемелік кабинеттердің кадрлық әлеуетіне назар аударсақ, 2773 әдіскердің 6,6%-ында ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар, ал 13,3%-ы жоғары санатты педагогтер.
Баяндама аясында Ғ.Бейсембаев әдістемелік орталықтардың кадрлық әлеуетіне, ұйымдастырушылық-құқықтық мәртебесіне, сондай-ақ материалдық базасына тоқталды. Атап айтқанда, аймақтық әдістемелік кабинеттердің ұйымдастыру-құқықтық статусын, атауларын, Жарғылары мен Ережелерін, штаттық бірліктерін бірізділендіру мәселесі көтерілді. Сондай-ақ, әдістемелік орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігі атап өтілді.
Академия президенті аталған мәселелерге қатысты мынадай негізгі ұсынымдар жасады.
– Білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету халықаралық тәжірибесін енгізуді қолға алуды ұсынды;
– «Үздік әдістемелік орталық» республикалық байқауын ұйымдастыру;
- Әдістемелік орталықтар өз аймақтарында педагогикалық инновация мен заманауи озық тәжірибелерді таратудың орталығына айналуы тиіс.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының баспасөз қызметі