Home » Мақалалар » ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН – ЖАҚСЫ КӨҢІЛ-КҮЙМЕН

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН – ЖАҚСЫ КӨҢІЛ-КҮЙМЕН

Қасымова Айжан Тойбекқызы,
Алматы қаласы
№59 мектеп-гимназиясының директоры 

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН – ЖАҚСЫ КӨҢІЛ-КҮЙМЕН

Міне, биылғы жаңа оқу жылын тағы да бір жағымды жаңалықтармен бастап отырмыз.
1 қыркүйек —  Білім күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыпта парламенттің бірлескен отырысында сөз сөйлеп, халыққа кезекті Жолдауын арнады. Тәуелсіздіктің
30 жылдығы қарсаңында жасаған бұл Жолдауында 7 мәселеге тоқталып,
5 бастаманы ортаға салды.
Әр салада маңызды деп танылған    мәселелер сөз болып, атқарылатын ауқымды іс-шаралар мен мақсат-мұраттарды, жүзеге асырылуы тиіс міндеттемелерді айқындап берді.  Әсіресе білім саласында жасалып жатқан реформалардың маңыздылығын айтып, жақын арада атқарылуы тиіс жұмыстарды ортаға салды. Педагогтерді қолдау саясаты одан әрі жалғаса беретіндігін баса айтты. Бұл ұстаздар қауымына жағымды әсер етіп, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауына түрткі болды.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан жалақы мөлшері 25 пайызға көбейіп, педагогтердің әлеуметтік жағдайының жақсаруына біршама қадамдар жасалғандығы белгілі. Ұстаздар туралы заң қабылданып, педагогтер статусының көтерілуіне көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл Мемлекет басшысының барша ұстаздарға деген қамқорлығы мен қолдаушылықтың көрінісі ретінде бағаланды. Ендігі кезекте Қасым-Жомарт Кемелұлы білім беру саласына жігерлі әрі білікті мамандар қажеттігін ортаға салып, алдағы уақытта мұғалімдерді қазіргідей
5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу керектігін айтып кетті. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс деді. Бұл мақсатта ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді деп ескертті. Бұл да бір жақсы жаңалықтардың бірі деуге болады. Өйткені өмір бір орында тұрмайтындығы, күннен-күнге әртүрлі өзгерістер мен жаңалықтардың орын алып жататындығы анық. Сондықтан да мұғалім әрдайым өзгерісте, ізденісте болуы тиіс. Жан-жақты білімді, білікті болып, заман талабына сай саналы азаматтарды тәрбиелеп шығару үшін өз білімін жетілдіріп, шыңдап отыруы керек. Сонымен бірге дарынды балаларды жан- жақты қолдап, жоғарғы оқу орындарына конкурстан тыс гранттар бөлініп, ақшалай сыйақы төленетіндігі, сол балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырылып отыратындығы да дұрыс қабылданған шешім деп білеміз.

Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балалардың жағдайы да тыс қалмады. Оларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету керек екенін айтты.

Әлемдік өзгерістер кезеңінде мектеп бітірушінің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы мүмкін. Сондықтан да құзырлы мекеме алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр деп тапсырма берді.

Мектептердегі орын тапшылығы да сөз болды. Өйткені қазір кейбір мектептерде «Ы» сыныбына дейін ашылып, оқушыларға орын жетіспей жатқандығы белгілі болып жатыр. 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді деген мәлімет те бар. Осыны ескерген Президент 2025 жылға дейін алдында тапсырма бергендей 800 мектеп емес, енді бір мыңға жеткізуді міндеттеді.

Сондай-ақ балаларды жастайынан мамандыққа бейімдеудің артықшылығын айтты. Жас ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс деді.

Мектеп бітірген 50 мың түлек жыл сайын оқуға ақылы негізде түседі екен. Сол балалардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасынан шыққандар. Бұл мәселені уақыт өткізбей шешу қажет  екендігін тілге тиек етті.. Осыған орай сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі тиіс деп міндеттеді.

Ғылымды дамытудың да басты мәселе екендігін айтып, бұл бағытқа да айырықша көңіл бөлу керектігін ортаға салды.

Биыл Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында біз талай биік белестерді бағындырып, көптеген табыстарға қол жеткіздік. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Тұрақты қоғам қалыптастырып, даму жолына түстік. Бұл біздің береке-бірлігіміз бен ынтымағымыздың, әрі мемлекетіміздің салиқалы саясатты ұстанып, жүйелі жүзеге асыруымен қол жеткізіліп келеді. Ел болу жолында әр сала өкілдері секілді Қазақстан ұстаздары да ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, ізденіп, ұдайы алға ұмтылумен болды. Тәуелсіздікті нығайтуда күш-қайрат танытты.

«Қазір біз ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық» деп Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, алдымызда үлкен міндет, нақты мақсат тұр. Бұл мақсатқа бірлік пен ынтымақтастықтың, ұжымдаса еңбек етудің арқасында ғана қол жеткізе алатындығымыз анық. Ертеңгі қоғамның, елдің тіректерін дайындап жатқан біздер, яғни ұстаздар қауымы, өз ісінің хас шебері пен кәсіби маманы болуға міндетті екенін анық сезіне отырып, биік мақсат жолында бір кісідей жұмылып, нақты іске кірісуге дайын екенімізді баса айтқымыз келеді. «Ұйымдаса білген – ұтады» деген қағиданы ұстанып, Президент бастамаларын қолдап, бірлесе қимылдап, біліктілік танытудың арқасында кез-келген сыннан лайықты шығып, алға қойған міндеттерді толықтай орындап шығуға мүмкіндіктеріміз бар.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.