Қазіргі елінің келешегі, бүгіні мен ертеңі алдымызда тәрбиелеп отырған жас ұрпақ деп білемін. Сол ұрпақты өзге елдермен тереземізді теңестіріп, өркениетті елдер қатарына ілестіріп, әлемге көк байрағымызды желбіретер жас ұлан етіп тәрбиелеу мұғалімнен үлкен жауапкершілікті талап етеді.Осы жауапкершілігі жоғары істің аясында ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды шәкірттер тәрбиелеу міндеті тағы бар.
Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт — бағдар беру бізге, мұғалімге байланысты. Ол үшін оқушымен тығыз қарым — қатынаста болып, оның білімдік – танымдық әрекетіне шығармашылық тұрғыдан әрекет ету менің басты парызым деп ойлаймын.
«Сөзіңді қалдыр, сөзден мұра шаша жүр,
Ісіңді қалдыр, бұлақ көзін аша жүр»,- деп М.М.Көпейұлы айтқандай шәкірт жүрегіне жол тауып, оның жетістікке жетуіне жол сілтеу – үлкен бақыт. Сол бақытқа кенелу үшін қазіргі заман бізден жаңашылдықты, үнемі ізденісті талап етеді.Ізденіс нәтижесінде өтетін әр сабақтағы тиімді оқыту әдісім оқушыларымды алғырлыққа, байқампаздыққа, шығармашылыққа, еңбекқорлыққа, ең бастысы, ғылыми негізде ынтасын арттыруға жетелеп отырды. Соның нәтижесінде оқушыларым облыстық, республикалық пәндік олимпиада, ғылыми жоба, мәнерлеп оқу, шешендік өнер сайыстарында жүлделі орындарға ие болды.
Солардың қатарына биылғы мектеп түлегі, ерекше аттестатқа үміткер Ерболова Ақгүлімді ерекше атап өтер едім. Ақгүлім ұшқыр ойымен, сабаққа деген зейінімен, білімге құштарлығымен бірден көзіме түсті. Үнемі ізденіс пен жаңашылдықпен сабақ өткізуім оның пәнге деген қызығушылығын, қабілетін шыңдай түсуіне зор ықпал етті.
«Оқушының ынтасын ояту үшін әр сабақта жаңашылдық болуы керек» ,- дейді Ж.Аймауытов. Сондықтан әр сабағымда қазіргі заманға сай әдіс – тәсілдерді тиімді қолдана отырып, оқушымның жетістікке жетуіне арналған алғы шарттарды орындап отырдым.
Дарынды баланы іздеу алтын түйірін іздегенмен бірдей.Ақгүлімнің бойындағы ерекше дарындылық сабақ кезінде де танылып, оның әрі қарай жалғасы әртүрлі сайыстарда дәлелденді. Ақгүлімнің алғашқы жетістігі 2016 жылы 7 – сыныпта Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған облыстық шығармалар сайысында жүлделі 2 – орын алумен басталды. Бұл Ақгүлімнің облыс көлемінде алған алғашқы жүлдесі болса, одан кейінгі қатысқан әр жарыстан Ақгүлім жүлдесіз қайтқан емес.
2019 жылы 9 – сынып оқушысы Ерболова Ақгүлім жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 10- сынып оқушылары арасында жүлделі 1 – орын иеленіп, Қызылорда қаласында өткен республикалық олимпиададан 3 – орын алып, абыроймен оралды.2018-2019 оқу жылы Ақгүлім үшін жетістіктер мен жеңістерге толы болды. Солардың кейбіреуіне тоқталсақ, Ақтөбе қаласында «Тәуелсіздік – жыр – әнім» тақырыбында өткен республикалық шығармашылық фестивалінде Бас жүлде, Ш.Қыдырниязованың туғанына70 жыл толуына орай өткізілген облыстық «Алтын қалам» шығармалар байқауынан Бас жүлде,Облыстық ,республикалық Қадыр оқуларынан Бас жүлде,Облыстық Абай оқуларынан Бас жүлдеге ие болып, Семей қаласында өткен республикалық Абай оқуларынан жүлделі 2 – орынға ие болып, облыс намысын қорғап қайтты.
«Оқушы тек бәрін есте сақтап, қалтқысыз орындауы ғана емес, ұстазымен бірге шығармашылық іске араласып, бірге ізденуі тиіс», — деген екен Сократ.Сондықтан шәкіртімнің нәтижелі білім алып, пәнді терең меңгеруіне бағытталған жұмыстарым ғылыми жоба қорғаудан да өз нәтижесін көрсетті дей аламын.Оның дәлелі 2018 оқу жылы оқушылардың облыстық ғылыми жобалар конкурсында әдебиет пәнінен «Өлең сөздегі Ақжайық бейнесі» тақырыбына жазылған ғылыми жобасы жүлделі 2- орынға бағаланып,тесттен 89 балл жинап, республикалық кезеңге жолдама алды.2020 жылы шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» республикалық өнер байқауында «Ақындар мүшайрасы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, «Дарын» РҒПО – ның дипломымен марапатталды. 2021 жылдың ақпан айында жалпы білім беретін ұйымдар арасындағы ІІІ республикалық Абайтану олимпиадасына қатысып, білімі мен еңбегінің нәтижесінде жүлделі 3- орынға ие болып, Білім және ғылым министрінің дипломымен марапатталды. Осы 2021 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 1 – орынға ие болып, республикалық кезеңнен жүлделі орын алып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.Өз пәніме деген сүйіспеншілігім оқушымның бойындағы білімге, пәнге деген қызығушылығын осылай арттыра түсті.Осы жетістіктерінің нәтижесінде республикалық деңгейде топ жарған шәкіртім Ерболова Ақгүлім «Елбасы Медалі» жобасының қола медаль иегері атанып, «Елбасы Академиясының» сертификатына ие болды.
Білім жолы-қашанда қиын жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек етіп, жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Егеменді еліміздің болашағы Ақгүлім секілді жас білімдар шәкіртіміз Тәуелсіздіктің тұғыры биік болып, бейбітшілік бесігін тербеткен талай асуларды бағындыратын саналы ұрпақ болатынына сенімім мол.
Байжиенова Агерке Орыновна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог-шебер
санатындағы мұғалімі