Әр сөзі мейіріммен басталатын,
Қатайтқан шәкіртінің жас қанатын.
Білімнің нәрін сепкен ұстаздардың,
Қалайша атамасқа асқақ атын!
Ардақтаймыз ұстазды ұлағатты,
Жас жанға мейірім нұрын ұялаттың.
Өзіңдей абзал жанды мақтан тұту,
Міндеті деп әркімнің ұран айттым!
Ұстаз алдын көрмеген жан жоқ. Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мәні қылған ардақты да қадірлі мұғалімдер өңірімізде баршылық. Солардың бірі – Әжібай ауылының тұрғыны, ардақты ана, сүйікті әже, зейнеткер – ұстаз Искалиева Рыс Қуанышқалиқызы. Жақсы ұстаз өз жолын қуатын шәкірт тәрбиелеп, ұстаз бен шәкірт арасында үзілмес сабақтастық орнатқанда ғана ұстаздың есімі ұрпақтан ұрпаққа таралары сөзсіз. Себебі, кез – келген салада, білім мен ғылымда болсын жетістікке жеткен жан әуелі өзінің алғашқы ұстазын еске алатыны белгілі. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз – өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез – құлық ерекшеліктерімен, сондай – ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегіміен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын зейнеткер – ұстаз Рыс Искалиева да өз балаларына қарағанда шәкірттерінің есімін жиі қайталады. Ал, ұстаздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі қаншама жылғы еңбегінің жемісі, шәкіртінің жеңісінен көрініп тұрады.
Искалиева Рыс Қуанышқалиқызы 1958 жылы 28 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Бозоба селолық округінде дүниеге келген. 1981 жылы Орал педагогикалық учелищесінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығын бітірген. Бітіргенге дейін 1976 жылы 11 қазаннан 1979 жылдың қаңтар айы аралығында Казталов аудандық балабақшасында тәрбиеші қызметін атқарған. 1979 жылдың қаңтарынан 1981 жылдың мамырына дейін аудандық оқу бөлімінің нұсқауымен Бірік орта жалпы білім беретін мектебінде ұстаздық қызмет еткен. 1981 жылдан 1984 жылға дейін Казталовка бастауыш мектебінде мұғалім болып болып қызмет атқарған. 1984 жылдың қыркүйегінен бастап Бірік орта жалпы білім беретін мектебінде ұстаздық қызмет етті. Еңбек еткен жылдарында облыстық Аға мұғалім атағы \1990 жылы \алса, 2006 жылы Білім саласындағы нәтижелі педагогикалық жұмысы мен шығармашылық еңбегі үшін Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы Құрмет грамотасымен \2013 жылы\ марапатталған. Әр жылдары еңбегі еленіп, республикалық, облыстық, аудандық және мектепішілік марапаттауларға ие болған. Ұстаздың еңбек жолындағы шәкірттері «Алтын белгі» иегерлері \Зайнуллина Инабат, Сейфолла Айгүл, Гарифуллин Аманай, Жумағалиев Тілепберген\ атанып, бүгінгі таңда еңбекке араласуда. Жолдасы Жұбанов Ғарифолла мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. Өмірі өнегемен өрілген ұлағатты ұстаз Рыс апай жолдасы Ғарифолла ағаймен отбасының берекесін айрандай ұйытып, бір ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиеледі. Бүгінде мәуелі бәйтеректей жайқалып, немере мен жиен өсіріп отырған құрметті ана, аяулы әже.
Батыс Қазақстан облысы
Казталов ауданы
Әжібай ауылы
Бірік жалпы орта білім беретін мектебі