«Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз,» — деп шығыс ғұламасы Әл-Фараби атамыз айтып кеткеніндей, бүгінгі әңгімеміз өз ісінің маманы бола білген, білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері мен жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз жетістіктерге жеткен, ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алған ардақты ардагер ұстаз Альфия Сабырқызы туралы болмақ.
Чекаева Альфия Сабырқызы 1949 жылы 26 қарашада Фурманов ауданында дүние есігін ашты. Әкесі Чекаев Сабыр Абдрахманұлы Герман соғысының, Азамат соғысының және Ұлы Отан соғысының ардагері болса, Анасы Чекаева Фатима Жүнісқызы үй шаруасындағы қарапайым ананың құрсағынан дарыған 16 ағайындының бірі болып тәрбиеленді. Сол ауылда өсіп-өніп, ең алғаш мектеп табалдырығын Фурманов орта мектебінің орыс сыныбында білім алды. Мектепте орыс тілі мен әдебиеті, математика пәнінен зерек болды. Бастауыш сыныпта өзі тәлім алған Егорова Мария Павловна алғашқы ұстазының терең білім бергенін , жоғары сыныпта осы физика-математикаға бейімдеп, оқуға түсуге ұстазы Қабылсихов Абухан сынды ұстаздарының берген білімдерінің жемісі деп біледі. Фурманов орта мектебін 1968 жылы аяқтап, еңбекке ерте араласқан. Фурманов Казселхоз техникасында 2 жылдай еңбек ете жүріп, өмірге шыңдала түскен шағында өжеттілігімен, қайсарлығымен, өз өзіне деген сенімділігін алға тартып бұрынғы Целиноград қаласында орналасқан С.Сейфуллин атындағы институттың «Физика-математика пәнінің мұғалімі» бөліміне оқуға түсті. Армандаған оқуын аяқтап 1974 жылы өзі түлеп ұшқан Фурманов орта мектебіне қызмет етуге физика-математика пәні мұғалімі болып орналасты. Шәкірт тәрбиелеуде меңгерген білімін жас ұрпаққа беруде талмай еңбек еткен ұстаз 1980-1985 жылдары Фурманов аудандық №126 училищеде тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінде еңбет етсе, 1985 жылы Жұлдыз сегіз жылдық мектебінде еңбек жолын партияның жолдауымен мектеп директоры лауазымымен бастады. 1985-2000 жылдары сол қиын кезеңдерде еңбек еткен Альфия Сабырқызының Жұлдыз сегіз жылдық мектебінен орта мектеп болып ауыстырылуына ықпалдастығы тиді. 1986 жылы орта мектеп болып ашылып, мектепке Кеңес Одағының батыры Ахмедияр Хұсайыновтың есімі берілген еді.Мектеп басшылығы қызметінде мұғалімдер мен де оқушылармен де сырлас, адам жанын айтпай-ақ түсіне білетін, үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі мол ұстаз бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, оларға дұрыс бағдар беріп, ұжым арасында сапалы білім беруге күш салды. Альфия Сабырқызы ұлағатты ұстаз ғана емес, мол тәжірибесімен әріптестерімен бөлісе білген тағылымды жан. Өз ісінің білгірі ретінде өзгеден көмегін еш аяған емес. Осы бір қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолда еңбегі елеусіз қалмай Республикалық, облыстық және аудандық құрмет грамоталарымен марапатталды. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған, бағып-қағып өсірген ұлының және 3 немересінің қызығына бөленіп отырған аялы ана, ардақты әже.
Жубанышкереева Айнагүл Ержанқызы
А.Хұсайынов мектебінің кітапханашысы