Әр ауылдың өз тұлғасы болады. Шын тұлғаның әр заманда да жұлдызы биік болады. Өйткені шын тұлға ең алдымен айналасына мейірімін төге білуімен, адалдығымен, еркін ойлайтындығымен, сол сияқты еңбекті ұйымдастыра білуімен ерекшеленеді. Бүгін біз сөз еткелі отырған жан — біздің ауылда, өзінен кейінгі жерлестері өзін үлгі тұтып өскен жан — Ахатов Мұхтар туралы болмақ.
Ахатов Мұхтар Кабланович 1965 жылы 3 шілдеде БҚО, Бөрлі ауданы, Приурал совхозына қарасты Жетекші ауылында қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қаблан ауылда қарапайым механизатор боп, анасы балабақшада кіші қызметкер боп еңбек еткен. Мұхтар Кабланович 1-3 сыныпты Жетекші ауылындағы бастауыш мектебінде, 4- сыныптан 7-сыныпқа дейін Приурал мектеп интернатында білім алған. Содан 8-сыныпты тәмамдап, Орал қаласындағы теміржол училищесіне түсіп, теміржолшы мамандығы бойынша 1 жыл «ДЕПО-да» қызмет атқарады. 1981 -1987 жылдары әскер қатарында болып, 1987-1991 жылдар аралығында ауылда Комсомол ұйымының хатшысы қызметінде, 1991- 2000 жылдар аралығында ауылда механизатор, 2001 жылдан бастап осы күнге дейін мұнай газ саласында жұмыс жасайды. 2012-2015 жылдар аралығында Бөрлі ауданындағы техникалық колледжінде мұнай газ мамандығы бойынша білім алған.
Адамның қайраты алмас қылыш секілді. Ал жігерді ұштайтын тынымсыз еңбек. Ештеңе де, абырой да, атақ та, барлық пен байлық та аспаннан түспейді. Бәріне қажыр қайрат жұмсауың керек, күресуің міндет.Осындай мақсат мен міндетті алға қойған ел ағасы бүгінгі таңда туған жеріне адал қызмет етіп келеді. Мамандығы мен шаруашылығын қатар алып келе жатқан Мұқтар Кабланович туған жерінің дамуына да өз үлесін қосуда. Соның бірі — жер шаруашылығы. Мұхтар Кабланович жеке мал шаруашылығымен бұрыннан айналысып келе жатыр, бірақ 2012 жылдан бастап малдың жем –шөбін дайындап, ауыл тұрғындарын қамтамасыз етіп келеді. Ағайымыздың ауылдағы шаруасы тек мұнымен ғана шектелмейді. Қарапайым қайсарлық оны үнемі өз мақсатына деген нұрлы нысанасынан адастырған жоқ. Ол бау — бақша шаруашылығында да бағын сынамаққа бел буып, 2017 жылдан бері бау — бақша өсірумен айналысады.Бүгінде жер шаруашылығымен, бау — бақша шаруашылығымен айналысып, мүмкіндігінше ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтамасыз етіп, оларға бағыт — бағдар беріп отырады.
Мұхтар Кабланович өзі білім алған мектебінің өміріне де бей-жай қарамайды, «Қамқоршылық кеңес» мүшесі, мектептегі түрлі іс — шараларға белсене қатысып, әрдайым көмек қолын созады.
Осы тұрғыдан келгенде, Мұхтар Ахатов сөз етуге де, үлгі етуге де жарайтын айтулы адамдар қатарында. Сөзі өтімді, өзі көпке танымал еңбекқор әкенің тәлім — тәрбиесін алған ұрпақ ешқашан қор болмайды.
Мұхтар Кабланович қазіргі таңда жары Гүлжихан екеуі 1 қыз,2ұл тәрбиелеп отырғанүлгілі ата — ана, ардақты ата — әже.
«Адал еңбек ет, әділ бол, аянбай еңбек етсең, сый — құрмет пен абырой сені өзі — ақ іздеп табады»,- дейді Мұхтар аға.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жібектей сусыған өмірде кейде жаныңда жүрген жайдары жандардың игі істерін елемей жатамыз, алайда Мұхтар ағамыздың еңбектерін елемеу мүмкін емес.
Туған елге, ағайын туысқа, бірге өскен ауылдастарына деген ықыласы мен махаббаты арқылы бойына адамгершілікпен қатар қайтпас қажыр қайратты жинаған Мұхтар ағамызға «Жанымда жүр жақсы адам» деп жылы лебізімді білдіргім келеді.
БҚО, Бөрлі ауданы
, «Приурал «мектеп — бөбекжай — балабақша»
кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі Жалекенова Ақкүміс Мұқташқызы