Home » Білім және тұлға » Біздің тұлға

Біздің тұлға

Сутеев Саин Кадимұлы Батыс  Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Жаңаталап ауылында 1948 жылы  4 қарашада дүниеге  келген. Әкесі Кадим мен анасы Сахипжамал 4  бала тәрбиелеп өсірген. Өзінің туып-өскен жері Жаңаталап ауылында алғаш мектеп табалдырығын аттап,  1966 жылы Успен орта мектебін бітірді. 1968 жылы  Орал педагогикалық институттын тарих мамандығы бойынша тәмамдайды.

«Ұстазы жақсының-ұстанымы жақсы» демекші, ұстазы Морозова Нина Васильевнадан алған сапалы білімі мен саналы тәрбиесі де әлі есінде. Негізі арманы дәрігер болу еді, отбасы жағдайына байланысты ұстаздық жолға бет бұрады. Алайда, бұл мамандықты таңдағанына еш өкініші жоқ.

Мерейлі ұстаздың еңбек жолы сонау 1968–1969 жылдары мектеп мұғалімінен басталды. Өзі білім алып, туып –өскен өңірінде , 1975-2009 жылдары аралығында Қарасу мектебінің   директоры қызметін атқарып, абыроймен зейнеткерлікке шығып отыр.

Десек те ауыл –аймақ, әріптес және шәкірттерінің жүрегінде Саин Кадимұлының өзіндік орны бар тұлға.  Бұл өзі таңдаған ұстаздық жол мен адамгершілігінің биіктігі, ширек ғасырға жуық табан аудармай істеген еңбектің, төккен маңдай тердің жемісі екендігі даусыз.

Ардақты ұстаз, іскер ұйымдастырушы, береке мен бірліктің ұйытқысы болған тұлғаның әріптестері үшін де өнеге болар тұстары аз болмады. Ол кісінің қызметке келген әр маманды қарсы алуы, әріптестерімен ой бөлісе отырып сырласуы, қызмет атқарған жылдары  басшылық етіп отырған мекемеде мамандардың тұрақты болуы да өз алдына бір сырлы әңгіме.

Өскелең, болашағы зор жас ұрпақты қоғам талаптары мен оның мақсат, мүдделеріне сай өмір сүруге  бейімдей отыра оқытып, өзінің табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуде оқу-тәрбие үдерісінде өткізген ереулі еңбектерінен көруге болады. Өзінің тәрбиелеген шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өмір жолын таңдауына, тұлға болып қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Бүгінгі таңда шәкірттері өмірден өз орнын тауып, еліміздің әр түкпірінде қызмет етуде. Атап айтсақ, Габдулова Шара Қайыржановна –Бөрлі ауданы әкімдігінің бөлім басшысы, Ахметова Роза Камашевна  -Бөрлі аудандық білім бөлімінің меңгерушісі , Бутеков Ермеккали Адиевич- жоғары санатты дене шынықтыру мұғалімі, Аймурзина  Майра Капашевна-ұлағатты ұстаз, Булганбаева Гүлнар Корғанбековна –бала дәрігері, Давлетов Жамсат  Мағазович-дәрігер, трамватург-хирург , Рахметов Қанат Дүйсенович — облыстық «Атоян» стадион директоры, Искалиева Ажар Муратовна – Ұлттық академия оқытушысы, философия докторы , Абубакиров Салауат Якубович- «Адал» ЖШС басшысы, Сарсенгалиева Тарбия Сагингалиевна-«Каз Транс Ойл»  компаниясының бас есепшісі .

Қоғамда ұлағатты ұстаз, өз ұжымында сыйлы да жанашыр әріптес, әлеуметтік ортада жанұясында арқа сүйер асқар тау әке, сүйікті жар бола білген Саин Кәдимұлы бүгінгі күнде немерелеріне сүйікті ата, ауылға ақылшы ақсақал.

Оның кәсіби шеберлігі мен адами құндылығы әріптестері мен шәкірттерінің  жүрегінде үлкен құрмет сезімін оятады.Бейнетінің зейнетін көріп отырған осындай жанға көңіліңіз ғұмыр  бойы көтеріңкі болып, өмір айдынында қайғы –мұңсыз , еркін жүзе беріңіз демекпіз.

Бабагумарова Анар Габдоловна
БҚО, Бөрлі ауданы, «Қарасу»мектеп-бөбекжайы
балабақша  кешенінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.