Ұстаз еңбегі – өлшеусіз, баға жетпес құндылық.
Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, қара да, ғалым
да, дарын да – бәрі-бәрі өз биігіне көтеріле алады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді
халқымыз. Әсіресе бала тәрбиесімен айналысып, жас
буынның бойына ізгі қасиеттерді дарытатын ұстаздық
жол – ең сара жол. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып,
жақсы қасиеттерді бойына дарытып, өмірде өз жолдарын табуға бағыт-бағдар беретін жан.
Ұлағатты ұстаз, майталман әдіскер, жастар тәлімгері Байниязова Әлия Ғалымқызы саналы ғұмырын Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданының білім беру жүйесінің дамуына, жас ұрпақ пен жас мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына арнап келе жатыр.
Әлия Ғалымқызы 1965 жылы 26 шілдеде БҚО, Бөрлі ауданы Қызылтал ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар Әлия 1989 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының «География» факультетін бітірген. География пәні бойынша алғашқы мұғалімдік еңбек жолын Ақсай қаласының №2 жалпы орта білім беретін мектебінде бастады. Кейін Білім беру жүйесіндегі басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын республикалық институтын «Басқа ұлт мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебіне ауысып, орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ берді. Өз пәнін жетік білетін білімді Әлия Ғалымқызы оқушыларға ана тілінің қыр-сырын, қадыр-қасиетін меңгертуде, сөз зергерлерінің шығармашылығын танытуда аянбай еңбек етті.
Әлия Ғалымқызы аудан мектептерінің оқу-ағарту ісіне, әсіресе, мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытылу сапасына, оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілі пәнінің жоғары дәрежеде өтуіне ерекше мән берді. Ол сабақ берудегі олқылықтарды анықтап, зерттеп, мұғалімдердің теориялық, әдістемелік білімдерін толықтырып, олардың кәсіби шеберліктерін жетілдіруді, шыңдауды алға қойды.
Ұстаздық еңбек ете жүріп, түрлі іс-шаралардың белсенді қатысушысы, ұйымдастырушысы бола білді. 2005 жылы облыстық орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Панорамалық сабақ» байқауында І орынды иеленіп, Бөрлі ауданының мәртебесін көтерді. Сол жылы Қарағанды қаласында өткен Қазақстан Республикасы қазақ емес тілде оқытатын жалпы білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің панорамалық сабақ конкурсына қатысып, «Жүзден жүйрік» аталымы бойынша инновациялық іс тәжірибесін ортаға салғаны үшін «Дарын» сертификатына ие болды. Тиімді әдіске құрылған мазмұнды сабағы үшін Әлия Ғалымқызы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Бөрлі ауданының білім беру және спорт бөлімінің әдіскері Дәулет Үрия Бақтыоразқызы Ә.Ғ.Байниязова туралы былай дейді: «Әлия Ғалымқызы – жаңашыл ұстаз, ол жоғары сыныптарда модульдік және интерактивтік технологияларды енгізу бағытында жұмыстанып жүрген ұстаздардың бірі. Сондай -ақ сабақ барысында оқушылардың тілдерін дамыту жолында рольдік ойындарды, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін, басқа да әдістер мен тәсілдерді шебер пайдаланып, деңгейлеп оқытуды жақсы жолға қойған. Балалардың өз ойын жеткізетін тірек сызбалары да – Ғалымқызының сабақтарының ажырамас бөлігі». Әлия Ғалымқызы жаңа технологиямен жұмыс істеуге қабілетті, жан-жақты, кәсіби тәжірибелік дағдыларды меңгерген пән мұғалімі ретінде өз міндетін адал атқарып, әріптестері арасында зор беделге ие болды.
Мектептегі мұғалімдік қызметте жүрген кезде мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін жан-жақты дамыту, ұштау, жетілдіруді мақсат етті. Осы мақсатпен көркемсөзді мәнерлеп оқу байқауларын өткізіп отырды. Оларды ұйымдастыру мен өткізу оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттырып, өнер мен әдебиетті сүюге, оның рухани мәнін түсінуге, өзара бәсекелетікке жетеледі. Еңбегі де жеміссіз емес. «Талапты шәкірт – талантты ұстаздан» дегендей, шәкірттерінің бірқатары мемлекеттік тілді меңгеру бағытында айтарлықтай жетістіктерге ие болды. Аудандық пән олимпиадаларында Л.Козлова (І орын), А.Кириева (ІІІ орын) сынды оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жүлделі орындарға қол жеткізсе, В.Соловьев облыстық «Тілге құрмет – елге құрмет» онкүндігі аясында өткізілген «Тіл — татулық тірегі» байқауында І орынды жеңіп алды. Аудан, облыс көлемінде өткізілетін мәдени шараларда қазақ тілінде ән шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленген Романад Ольга «Абай оқулары» байқауында «Көңілім әнді ұғады» номинациясында ІІ орын иеленді. Бүгінгі таңда аты аталған оқушылары аудан, облыс көлемінде танымал тұлғалар.
Әлия Ғалымқызы өз іс-тәжірибесімен аудан, облыс көлемінде таратып, тәрбие жұмысында игі ізденістерімен көрінді. Республикалық «Қазақстан мектебі» журналына «Отан сүйер ұлан бол» (№8, 2006 жыл), облыстық «Ұстаз» ғылыми –әдістемелік журналында «Ұстаздың жемісті табысы» (№3, 2005 жыл), «Панаромалық сабақ» (№4, 2005 жыл), «Жайық ұстазы» газетінде «Қазақ тілді емес мектептердегі қазақ тілін оқыту мәселелері» тақырыбында мақалалары, сабақтары жарық көрді. Аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінде де еңбек жолындағы кездескен келелі мәселелерді көтерген мақалалары бар.
Үнемі тынымсыз ізденістің, шығармашылық өрлеудің жетегінде жүретін еңбекқор ұстаз көп ұзамай- ақ Бөрлі ауданының білім беру бөліміне жаратылыстану бағытындағы пәндердің әдіскері, одан кейін кадр бөліміне тағайындалды.
Білім беру бөліміндегі кадр бойынша әдіскер педагог кадрлардың сапалық құрамын арттыру бағытында атқарып жүрген ісітері де орасан зор. Ауданымызда педагог-шебер, педагог-зерттеуші санатындағы педагог кадрлардын саны жылдан — жылға өсуде. Кадр бойынша әдіскер ретінде ауданның білім беру ұйымдарының педагогтарының жетістікке жетіп, білім алуын қамтамасыз етуге қажетті жағдай жасауға ат салысып жүр. Кадр бөлімінде жаңа әдістемелік жаңалықтардың кеңінен қолданысқа енуіне жетекші болып жүр. Білім беру ұйымдарының беріп отырған мәліметтеріне жүйелі мониторинг жасап, сараптама жұмысын жүргізіп, жүйелі жұмысының нәтижесінде аудан бойынша жұмыс жасап жүрген педагог кадрларға және кіші қызметкерлерге арнап электрондық база жасақтады. Осы базаның мәліметіне сәйкес әдіскер педагог кадрлардың сапалық құрамын, білім деңгейін, біліктілігін көтеруін, аттестаттаудан өтуін, қозғалысын (жұмыстан шығуын, жұмысқа кіруін), жас ерекшеліктерін қатаң бақылауға алып, перспективалық жоспар құрып отырады. Педагог кадрлардың жұмысының жемісін көріп, жігерлендіру, ынталандыру мақсатында марапаттау материалдарын әзірлеп отырады.
Қазіргі таңда Алия Ғалымқызы мектеп директорларымен, ұстаздармен,
мектепке дейінгі ұйымның, қосымша білім беру ұйымындағы директорлармен
жұмыс жасап, мекемедегі кадр тапшылығын анықтап, оларға жас мамандарды
орналастырумен, педагог кадрларды аттестаттау, сыбайлас жемқорлыққа
қарсы жұмыстардың бел ортасында белсенді жұмыстарды атқарып келеді.
Бұл жұмыстары кадр бойынша әдіскердің жұмыс жоспарының оң жолға қойылғанын байқатады. 2018 жылы аудан мектептеріндегі әдістемелік жұмыстың жүйесін көрсететін «Білім мазмұнын жаңарту жағдайындағы әдістемелік қызмет: бүгіні мен болашағы» жинағы облыстық оқу-әдістемелік кабинеті тарапынан қолдау тауып, аудандардың әдістемелік қызметкерлері үшін көмекші құрал ретінде басылып шықты.
Аудан мектептеріндегі 13 шағын жинақталған мектеп болса, сол мектептердің жұмысының жүйелі жүруіне де жауапты әдіскер, ауданның шағын жинақталған мектептеріне әдістемелік көмек береді. Ол мектептер үшін педагогикалық оқулар, байқаулар, облыстық ғылыми-тәжірибелік семинарлардың өткізілуі іздемпаз ұстаздар шығармашылығын жандандыруға бағытталған ізгілікті істер.
Шағын жинақты мектептердің көбеюі урбанизацияға байланысты елімізде туындап тұрған мәселе, яғни ауылда бала санының аздығынан кейбір сыныптар біріктіріліп оқытылады. Осындай сыныптарда сабақ беру, әрине мұғалімнен шығармшылықты, ізденісті талап етеді. Біріктірліген сыныптарда сабақ беру әдісі толық зерттелмген, әдістемелік жағынан қаруланбаған мәселе. Осы мақсатта ауданымызда білім беру бөлімінің 2017 жылғы 31 қазандағы №131 бұйрығына сәйкес «Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі шағын жинақты мектептерде шығармашылықпен жұмыстанатын педагогтердің мәртебесін көтеру, тәжірибелерін насихаттау және қолдау мақсатында «Біріктірілген сыныптарда инновациялық сабақ» аудандық сырттай байқауын өткізді. Байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары «Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесінің дипломдарымен (6 педагог) марапатталды. Байқаудың қорытындысының нәтижесі ретінде облыстық байқаудан Успен мектеп –балабақша кешенінің химия және биология пәнінің мұғалімі Мурзашева Мадина Бегалиевна үшінші жүлделі орынды иеленді.
2016 жылы облыстық «Шағын жинақты мектептегі сабақты өткізудегі жаңашылдық» (сабақтар жинағы) жинағы облыс көлемінде жарық көріп, облыс ұстаздарына таратылды.
Әлия Ғалымқызының келесі бір атқаратын қызметтерінің ішінде аудан мектептерінің ішінде Ақсай қаласының №5 жалпы орта білім беретін мектебіндегі ресурстық орталықтың жұмысын бақылайды, әдістемелік көмек көрсетеді. Ресурстық орталық жұмыстарының іс-тәжірибелерін облыстық деңгейде таратылуына да мұрындық болды.
2014-2015 оқу жылында облыстық «Ең үздік ресурстық орталық» байқауында «Үздік ізденімпаз ресурстық орталық», 2016-2017 оқу жылында «Үздік кәсіпке бағдарлаушы ресурстық орталық» номинациялары иеленді. 2017 жылы облыстық ресурстық орталықтардың «Педагогикалық идеялар жәрмеңкесі» тамыз кеңесі аталған мектеп базасында ұйымдастырылып, ресурстық орталық және мектеп директоры Н.Н.Проскрякова «Алғыс хатпен» марапатталды. 2017-2018 оқу жылында ІІ республикалық «Ең үздік ресурстық орталық (тірек мектеп)» байқауында ІІІ жүлделі орынға ие болды.
2017 жылы «Социализация личности в условиях ресурсного центра, как средство развития ученика» іс-тәжірибелер жинағы облыстық оқу-әдістемелік кеңесімен мақұлданып, облыс көлемінде таратылды.
Тәрбие ісіндегі әдіскерлік шеберлігімен көзге түскен Әлия Ғалымқызы, біздің ұрпақ алдында алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білген маман. Үнемі ізденіс, тапқырлық пен жаңашылдыққа жаны құмар, тәрбиелеу мен оқытудағы өз тәжірибелерін үнемі ортаға салып, жиі ой бөлісіп, педагогтардың жұмысына бағыт бағдар беріп отырады.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы еселі еңбегі үшін Әлия Ғалымқызы талай мәрте республикалық, облыстық, аудандық, білім беру бөлімдері тарапынан алғыс алып, Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін 2018жылы ҚР Ғылым және Білім министрінің «Құрмет грамотасымен», Бөрлі ауданы әкімінің «Алғыс хаттарымен» және ауданның 75 жылдық мерейтойна орай «Бөрлі ауданына75 жыл» медалімен марапатталды.
Тәжірибелі маман – қашанда ұжымның мақтанышы саналады. Қазіргі күні Әлия Ғалымқызы жастар мен аға буын арасындағы сабақтастық жігін аса сақтақпен жалғастыруы әріптестерін таңдай қақтырып келеді. Әсіресе, жас мамандарды қамқорлығына алып, мол тәжірибесімен бөлісуі жаңалыққа құмар жастарға тәрбие мектебі іспеттес.
Мақала авторлары: Аймухамбетова Шолпан Изтургановна
Каймулдинова Нұржауған Жанжігітқызы