Home » Баяндамалар »  Жасөспірімдерде девиантты мінез-құлықтың пайда болуының негізгі себептері мен алдын-алу жұмыстарын ұйымдастыру

 Жасөспірімдерде девиантты мінез-құлықтың пайда болуының негізгі себептері мен алдын-алу жұмыстарын ұйымдастыру

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы,
Жарылқасын Отарбаев орта мектебінің
педагог-психологы С.Д.Зулхарнаева

Баяндама

Қазіргі кезде балалар  мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық  әрекеттер жиі кездесіп, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Педагогикалық өзекті және күрделі мәселелердің бірі – қиын балалар мәселесі. Соңғы уақыттағы статистика мәліметтеріне сүйенсек, оқушылар арасындағы нашақорлық, алкогольді пайдалану, адам өлтіру, ұрлық сияқты жағымсыз іс-әрекеттері жылдан-жылға күрт өсуде. Қоғамның басқа топтарына қарағанда девианттық мінез-құлық жасөспірімдерде көбірек байқалады.  Оның обьективті себебі, жасөспірімдерде құқықтық әлеуметтену үрдісі (нормаларды меңгеру) мен делинквенттік мінез-құлық бір мезгілде жүреді. Девианттық мінез-құлыққа жалпы қабылданған немесе оған негізделген нормалардан ауытқыған қылықтар жүйесін жатқызамыз.Жасөспірімдердің ауытқушы мінез-құлқының негізгі түрлеріне психологиялық сипаттамасы былай деп берілген.

Девиантты мінез-құлық (Девиантое поведение)-балалар мен жасөспірімдердің жалпыға ортақ ережелерден ауытқитын әлеуметтік іс-әрекеттері,оқудан  қасақана жалтару,отбасынан немесе балаларды оқыту –тәрбиелеу ұйымдарынан үнемі келіп қалуы, сондай-ақ олардың қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын қылмыс белгілері бар, қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасауы, қабылданған құқықтық немесе моральдық нормаларды бұзған адамның мінез-құлқы. Кең мағынасында девиантты мінез-құлық кез келген әлеуметтік ережелерден (мысалы, оның ішінде жағымды: батырлық, аса еңбек-қорлық, альтруизм, өзін құрбан ету, аса үлкен рөл ойнау, жетістіктермен қатар, жағымсыз: қылмыс, қоғамдық тәртіпті бұзу, адамгершілік ережелерін, дәстүрді, әдет-ғұрыптарды аттап өту, өзіне-өзі қол жұмсау және т.б.) ауытқушылықты білдіреді.

Делинквент (лат.Delinguens –құқық бұзушы) –ауытқыма мінез-құлқы өзінің ұшқары көріністерінде қылмыстық жазаланатын әрекет  болып шығатын субъект.

Жас балалардың құқық бұзушылығына – бос уақыттың көптігі, пайдалы іспен айналыспау, ата-ана тарапынан бақылаудың өз дәрежесінде болмауы, құқықтық білімнің аздығы, интернетке тәуелділік, әлеуметтік желілердегі өзіне тартатын әртүрлі  ойындар мен клубтардың болуы басты себеп болып табылады.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы девиантты мінез-құлықтың пайда болуының негізгі себептерінің бірі: отбасы тəрбиесінің дұрыс ұйымдастырылмауы: Олар: əке-шешесінің теріс үлгісі, ата-ананың біреуінің болмауы, үй ішіндегі еңсені басатын ауыр жағдай – отбасындағы жағымсыз ахуал, өнебойы болып тұратын ұрыс, жанжал т.б.  Баланың табиғи психологиялық ерекшеліктерін ескермеу. Өкінішке орай отбасының теріс қылықтарын атап көрсету оңай, түзету қиын.

Мектептегі оқу-тəрбие жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен кемшіліктер: жекелеген оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктерін, ынта-ықыласын, қызығушылығы мен талап-тілегін ескермеу.

Сонымен девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерді əлеуметтік педагогикалық мінездемелері жағынан төрт топқа бөлеміз.

Бірінші топқа жататын девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің мінез-құлқында дөрекілік,қатігездік, мейірімсіздік, үлкен-кішіні сыйламау сияқты əдет-дағдылар толық қалыптаспағанымен, олар іштей өз жүріс-тұрыстары мен іс-əрекеттеріне баға бере алмайды. Бірақ өз мінез-құлқын өзгертуге талаптанады.

Екінші топқа жататындар адамгершілік қадір қасиеттері төмендей бастаған, əлеуметтік бейімделуінде қоғамға жат сыңаймен сипатталады. Бұлар қатігездік қылықтарымен қатар, ұрлық, тонау, зорлық-зомбылық жасау, темекі мен наша тарту, уытты сұйық заттарды иіскеу сияқты т.б əдеттерге икемделе бастағандар.

Бұл топқа тəртібі нашарлаған, құқық тəртібін бұзушы жасөспірімдер жатады, бірақ бұл балалар əлі бұзыла қоймаған, өз мінез -құлықтарын түзетуге мүмкүндік қабілеті бар, тек педагог тарапынан басқаруды талап етеді.

Үшінші топқа өз мінез-құлықтарын басқара алмай, өзін-өзі тəрбиелеуге бейімділіктері жоқ жасөспірімдердің шағын тобы жатады. Қоғамға жат мінез-құлықтары қалыптаспағаны сонша, олар өздерінің теріс қылықтарына талдау бере алмайтын кəмелетке жасы толмаған қылмыскерлер. Бұл топқа қатігездік, зорлық-зомбылық көрсетумен қатар ұрлық, тонау, ішімдік жəне наша тарту істеріне əбден машықтанған жасөспірімдер енеді.

Төртінші топқа жұйке ауруларына (невроз, неврастения, кісіні мезі қылатын əдет) шалдыға бастаған балаларды жатқызамыз. Мұндай жасөспірімдерге педагогтар мен дəрігерлер тарапынан дербес қарым-қатынас, ілтипат, сый–құрмет, жылы лебіз қажет.

Енді девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің пайда болуына себепші объективті жəне субъективті факторларға назар аударайық. Ғалымдар жасөспірімдердің қалыптасуына əлеуметтік орта мен күнделікті жағдай себеп болады деп дəлелдеген .

Жасөспірімдерге қоршаған адамдардың немқұрайлылығы, зейін қоймауы негізінде дамитын əлеуметтік-педагогикалық бақылаусыз қалу бұл тізбектегі ерекше роль мен мағынаға ие. Нəтижесінде жалғыздық, қараусыз қалғандық, қажетсіздік, қорғансыздық сезімдері пайда болады. Үлкендерге деген қарсылық, жатырқаушылық, жек көру сезімдері, баланың пікірінің, тағдырының, қызығушылықтары мен икемділіктерінің өз бетінше ұйымға, топтарға, кооперацияға, өзін-өзі ұйымдастыруға ұмтылуына алып келеді.

Жағымды əлеуметтік тəжірибенің жеткіліксіздігі, өмірдегі көзқарасының, құндылықтар жүйесінің, əдет қалыптары мен эстетикалық талғамдарының жетілмегендігі жəне қалыптаспағандығы жасөспірімдердің өз белсенділігін жағымсыз, құқыққа қайшы жұмсауын таңдауға ықпал етеді, бұл олардың мінез-құлқынан, тұлғаның қалыптасуынан, əлеуметтік бейнесінен көрініс береді. Бұл үдерістегі ауқымды рөл балалар мен жасөспірімдерге дер кезінде педагогикалық, психологиялық, əлеуметтік көмектің көрсетілмеуінде жатыр.

Білім беру үдерісінде  жасөспірімдердің девиантты мінез –құлқының алдын алу  психологиялық тұрғыда негізгі мәселелердің бірі ретінде қарастырылуда. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, осы жағдайда  іс-әрекеттің бірнеше өзекті бағыттарын бөліп көрсетуге болады.

Бірінші бағыт— кәмелетке толмағандардың девиантты мінез-құлқының алдың алу стратегияларын құру және жүзеге асыру. Бұл тек мектептегі тәрбие субьектілері мен педагог — психологтардың күшімен ғана емес, көптеген басқа да мамандардың, әсіресе педагогтардың бірлесекен әрекетімен жүзеге асады. Тұлғаны тиміді әлеуметтендіруде отбасының рөлі орасан зор.

Екінші бағыт- білім беру ұйымдарында педагог — психологтардың девиантты, делинквентті балалар және жасөспірімдермен  арнайы жүргізетін жұмыстары. Бұл бағыт аясында түзету жұмысына арналған негізгі  амалдардың ғылыми-әдістемелік  құралдарын арнайы топтық тренигтер мен жеке түзету жұмыстарының бағдарламаларын құруды бөліп көрсетуге болады.

Үшінші бағыт— девиантты және делинквентті мінез-құлықты кәмлетке толғандарды қайта әлеуметтендіру саласында әртүрлі ұйымдардың ерекшеліктері мен құзырлық аясын анықтау. Бірінші кезде бұл мектеп, колледж, әлеуметтік оңалту орталықтары,  кәмлетке толмағандар ісі жөніндегі инспекция, арнайы кеңес беру орталықтары.

Девиантты және делинквентті мінез-құлықтың алдын-алуда бірлескен іс-әрекет ортасын құру үшін мектепте педагогтар, сынып жетекшісі, әлеуметтік педагог,  педагог — психологтар мен тәрбие субьектілерінің  девиантты және делинквентті мінез-құлықтың алдын-алу шараларын жүргізуде кіріктірілген (бірлескен) жұмыс жоспарын құра отырып, бір бағытта,үйлесімді, кеңесе отырып, ортақ шешім қабылдап жұмыс жасауы маңызды.

Девиантты мінез құлықты жасөспірімді қайта тәрбиелеуде мектеп пен жанұяның өзара бірлігін, әрекеттестігін қалыптастыра отырып жүргізілген алдын-алу, ағарту жұмыстарының маңызы зор. Жастар арасында заң бұзушы әрекеттердің деңгейі ата-аналардың білімі мен мәдениет деңгейіне де тікелей байланысты. Балалардың қараусыз қалуына жеткізетін негізгі себептің бірі ата-аналардың жұмыс бастылығы. Мұндай ата-аналардың балалармен байланысы әлсіз болғандықтан бала тәрбиесінде  көп қателіктер орын алады.

Девиантты мінез-құлықтың алдын-алуда  мектеп пен отбасының өзара әрекеттестігі бағытында ата-аналармен жүргізілетін алдын алу, түзету жұмыстарын  екі топқа бөлуге болады.

  • Ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтеру: құқықтық тәрбие сұрақтары бойынша дәрістер оқу, әңгімелесу, педагогикалық өзіндік білімін көтеруге арналған нұсқаулар беру, ұжымдық және жеке тақырыптық кеңестер беру т.б.
  • Мінез құлықты оқушының ата-анасына – тікелей әсер ету әдістері: Девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмағандардың отбасындағы қарым- қатынасты түзету, отбасылармен жеке жұмыстар жүргізіп, қамқорлығына алу т.б. жатады

Отбасылық қарым-қатынастары мазмұнсыз салыстырмалы тұрғыда өнегелі мәдени деңгейі төмен отбасыларының тәрбие мәселелерінде біліктіліктері аз болады. Бұндай отбасылары үшін мектеп психологтары  жүргізетін педагогикалық-психологиялық кеңес беру жұмыстарының маңызы зор.  Психологиялық кеңес беру кезінде ата-аналарға тек бала тәрбиелеуде кездесетін қиындықтармен қатар, жағдаятқа бірге талдау жасауға , кеңес алуға, нақты ұсыныстар алуға, мәселенің шешімдерін талқылауға мүмкіндік беріледі.

Жалпы түзету-профилактикалық жұмысы — мектептің, отбасының, бос уақытты өткізетін ортаның және  әлеуметтік-диспечерлік бағытта бірлесе жұмыс жасайтын қоғамдық ұйымдардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мектеп инспекторларының  бір-бірімен етене байланысында жүзеге асады.

Әр баланың өзінің ерекшелігі бар, оны байқай білу де, оны орайына қарай дұрыс бағытқа сілтей білу де шеберлікті қажет етеді. Қандай қиын бала болса да оның ар-ожданына тимей, жеке ерекшелігін ескеріп,икемі бар жаққа қарай баули білу, қоғамдық таныту, оның алдына айқын мақсат қойдыра білу және оған жетуге көмектесу сияқты сан-салалы, тынымсыз тәрбиелеу жұмысы  мен түзету шаралары арқылы ғана мақсатқа жетуге болады. «Баланы бастан» демекші, әуел бастан-ақ балаға дұрыс ықпал, түзу бағдар беру, тәрбие жұмысын бір минутта ұмыт қалдырмау баршамыздың  борышымыз.

Әдебиеттер тізімі :

1.Керімов Л.К. «Қиын жасөспірімдерді жеке – дара қайта тəрбиелеу теориясы мен практикасы» – Алматы, 2003. – 123 б.

  1. Казымбетова Д.К. Девиантное поведение молодежи как объект социологического исследования: дис. на соиск. учен. степ. канд. наук. – Алматы, 1999. С. 36
  2. Джаманбалаева Ш.Е. Социальные проблемы девиантного поведения. Автореферат. – Алматы, 1996. – С. 3-23.
  3. Кон И.С. Психология ранней юности: Кн. Для учителя.-М.: Просвещение, 1989. – 255 c.
  4. Социально-педагогическая деятельность образовательных учреждений: новые подходы и перспективы // научный информационно-метод. Сб.-М.: Центр инноваций в педагогике, – 189 c.
  5. Кон И.С. Психология ранней юности: Кн. Для учителя.-М.: Просвещение, 1989.
  6. Выготский Л.С. Т.4. Детская психология. – М.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.