Баймаханбетова Жансая Әбдіқаппарқызы,
Тараз политехникалық колледжінің
арнайы пәндер оқытушысы
Ұлы тұлғалар – өздерінің саяси немесе рухани еңбегі арқылы қоғам қажеттіліктерін анағұрлым толық қанағаттандыра алып, оның дамуына айтарлықтай әсер еткен, атқарған қызметі өз мемлекетінің аясынан шығып, бүкіл әлемге пайдасын тигізіп, баршаға әйгілі болған адамдар. Адамзат қоғамының тарихында, ұлттар қоғамының тарихында басты рөлді басты тұлғалар атқарады. Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған «ұлы тұлғалар» жетерлік. Ата-бабамыз дала бостандығын сүйе отырып, тарихтың қатал кезеңдерінде салт-дәстүр мен тіл, дін, ділімізді жоғалтпай бізге сыйлады. Қазіргі тәуелсіз ел болуымыздың себепкері – Ұлы тұлғалар. Солардың бірегейі — Жыр алыбы Жамбыл.
Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының Екей руынан шыққан. Жамбыл аласапыран заманда, керең дүние кедейдің үнін естімейтін кезде өмірге келген. Ылғи ақын, әрі батыр Шапыраштыдан Сүйінбайдай, Жамбылдай ақындардың туылмауы мүмкін емес еді. Жарық дүниеге көзін ашқанда, алдында Сүйінбайдай ақынның болуы Жамбылдың бақыты еді. Жамбыл батаны Сүйінбайдан алды, отыз бес жыл ұлы ақынның өнегесін үйренді. Сүйінбайсыз сөз бастамады, Сүйінбайды пір тұтты. Ұстазының «Шындықты айт, әділдікті жырла. Көне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа, даңғыл жолға түс. Өлеңің бүкіл халық сүйіп тыңдайтын өлең болсын. Сенің көңіліңнің асылы патшаның қазынасынан да бай болсын»,- деген өсиетін бұлжытпай орындады, сөйтіп ұстазының орнын басты.
Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, «жиырмасыншы ғасырдың Гомері» деп баға берген. «Ал Жамбылдың «Манасты» он жеті күн, «Көрұғылыны» қырық күн айта алады, барлық қазақ эпосын жатқа біледі, бір басында миллионнан астам ұйқас бар дегенге сенбеске шарам жоқ. Жамбыл түсінде де өлең шығаратын болы керек, бұл ғажап екен! Мен үш күнде Жамбыл университетінен өттім, Жамбыл тайниктерін аштым, мұны көрген кісіде арман жоқ»,- деп Жамбылды қайта-қайта құшақтап, сақалынан сүйіп аттанған Леонид Сергеевич Соболев еді. «Жамбылдың ұлтынанмын», — деп Үндістандағы сапарында өзін таныстырған Мұхтар Әуезов еді.
Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.
Жамбыл — эпик, әрі айтыс ақыны, абыз, жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың бірегейі. Жамбылдың құдіреті оның осындай ақын шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таңқалдырған. Намысын кекке жаныған, көптің көкейіндегісін таныған Жамбыл байдан гөрі, жүрегі, ары, пейілі таза кедейді «жарқыным» деп таниды, солардың туын көтереді. Жамбыл өмірінің адам таңқаларлықтай ғажайыптары аз емес. Ол – Абайдың құрдасы. Дүниеге екі рет келген адам. Тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде замана құрсағынан қайта туды. Екі дәуірде өмір кешті. Кеңес үкіметі кезінде Жамбылдан мәртебесі биік ақын болған жоқ. Оның сөзі ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасына айналды. Ол өзгелер секілді поэзияға есіктен кірген жоқ, шаңырақтан түсе салды. Жаңа сипаттағы, жаңа мазмұндағы халық поэзиясының көшін бастады, көсеміне айналды. Қайта туды. Қайта түледі. Қанатты бүркіттей биікте қалықтады, жыр кемесінде шалықтады, дәуір шындығын анықтады, ел бірлігі мен халық тағдырын жырлаудан жалықпады. Айтқан сөзі ем болды, тарыққанға дем болды. Жыры аққан сел, соққан жел болды. Оның құдіреті осындай халық поэзиясын жаңа арнаға салған даңғылдығында, ешқашан қайталанбайтын Жамбылдығында.
Жүрегі жүз жыл жырлап өткен ақынның өмір бойы мұрасын жинап, жазып алып, кейінгі ұрпаққа жеткізе алғанда не болар еді? Ал, заты қазақ жырауларының байтақ мұрасы хатқа түсіп, сақталғанда ше? Неше том болар еді? Кітапханаларға сыяр ма еді? Осындайда Әбілда Тәжібаевтың: «Қазақ жыраулары миллиондаған жыр шумақтарын жатқа білген. Эпосты жырлаудың алдында сан түрлі тақырыптарды шолып, толғысқа түскен. Сонан соң барып эпостың өзіне көшкен. Қазақ жырауларының желісінің өзі бірнеше күнге созылған»,- деген сөзі еске түседі.
Жамбыл поэзиясы – ұрпақтың мəңгілік мұрасы. Өйткені, Жамбыл жырлары елін сүйген ұлы жүректен туған шынайы туындылар. Халықтың рухани өмірінен мəңгілік орын алған ұлы ақынды дəріптеу, оның жақсылығының шарапатын насихаттау, жастарға үлгі ету, біздің парызымыз.
Сəбит Мұқанов: «Сүйінбай – суреткер əрі философ ақын» десе, «Жамбыл – 100 жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол əлеуметтік жəне жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі», – деген. Сүйекең Жамбыл «өлең сөздің» қас шеберлері. Олар – өлеңнің əр əрпін алтынмен сомдап, тағалап, сөзге жан салып, қанат бітірген ақындар. «Өлең сөз» бұлар үшін, ойын жеткізер (тасымалдайтын) «құрал сайман» ретінде болған. Олар – өз ойын жалаң сөзбен емес, «өлең сөз» бен жеткізген ойшылдар. Өлең сөз олардың көмекейінін желдей есіп, судай сарқырап, ағыл тегіл, өзінен өзі құйылып төгіліп жатты. Бізге жеткені кейбір тамшылары ғана. Ол заманда оларды толыққанды жинап алудың ешбір мүмкіндіктері болмады. Кейбіреулері ғана ел аузында сақталып, бүгінгі күнге жетті. Сүйінбай-Жамбыл – қоғамдық сана сезімнің өркендеуіне, дамуына зор ықпал еткен Ұлы Тұлғалар!
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев Ұлы баба ұлылығының бес қырын ерекше атап: Біріншіден, Жамбыл өз заманының символына айналған ұлы тұлға. Екіншіден, Жамбыл өмірі туған халқына шексіз сүйіспеншілікпен қалтқысыз қызмет етудің аса жарқын өнегесі. Үшіншіден, Жамбыл халқымыздың суырып салма ақындық өнерінің бағын ашып, оның даңқын қазақ жерінен тыс өлкелерге өрлеткен жампоз. Төртіншіден, Жамбыл шығармалары елдік пен ерліктің тақырыбы. Бесіншіден, Жамбыл халқымыздың өткенінің ойлы шежіресі ғана емес, бүгіні мен ертеңіне де өлшеусіз қызмет ететін рухани тіректеріміздің – ұстаздарымыздың бірі десе: «Мен Жамбыл жайында жар сала ой толғағым келді» деген Шыңғыс Айтматов. Ал академик Қаныш Сəтбаев: «Жамбыл дарынының құдіреттілігі сол, ол адамды бірден тартып алады да, соңынан жетелеп жүре береді» деп түйін жасаған.
Жамбыл Жабаев 1945 жылдың аптабы алқынған жаз айында қайтты. Бұл соғыс салған көздің жасы əлі құрғамаған, өңкей əкесіз жетімдердің тастай қатқан жүрегін аштық əлі сорып жатқан кез еді. Жамбыл өле-өлгенше өз сертінен айныған жоқ, жақсылықты жырға қосты, жамандықпен алысты, гүлден шыққан Феникс құсындай, еркіндік сүйген халқының өршіл рухы, бүкіл жарасымды болмысымен оның шығармашылық мұрасында қайта жаңғырды. Еш нəрсеге таң қалуды доғарған əлемді көне мəдениеттің жанды дір еткізер тірлігімен танысуға мəжбүр етті. Аңыздар елінен жыр патшалығынан шыққан осынау құдірет иесінің мəңгі жасар ғұмырының мəні, ұлылығының сыры да, осында шығар?
Жамбыл Жабаевтың қайталанбас шығармашылығы қазақ поэзиясында ерекше еленіп, ғасырдан ғасырға тарих көшімен бірге ілесіп, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып мəңгі жасай бермек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз болашақ ұрпақ осындай тұлғаларымыздың есімін еш ұмытпай, оларды мақтан тұта білуіміз қажет деп ойлаймын.