Home » Білім және тұлға » Бір өзі- бір әлем

Бір өзі- бір әлем

        «Адам тұлғасы әлемге қарағанда құпиялау. Сол тұлғаның өзі- бір әлем» дегендей, талдырмаш келген,  жас ұстаз да алғашқыда елең еткізердей ерекшелік байқалмағанмен, аз уақыттың ішінде өзінің білімділігін де, ұйымдастыру қабілеті мен ойының ұшқырлығын көрсетіп үлгерген жас маманның еңбек жолын кейінгі ұрпаққа үлгі болар тұлға ретінде мақтана айтқым келеді.
Тржанова Айымгүл Максотқызы  1975 жылы 2 тамызда Орал облысы Тайпақ ауданы Калмыково ауылында дүниеге келген.   Бала күнінен балабақшада тәрбиеші болуды армандаған Айымгүл  Мақсотқызы 1992 жылы мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын  Шыңғырлау ауданы Белогор жалпы білім беретін мектебінде ұзартылған топ тәрбиешісі болып бастады.

«Әке — ер, ана – жігер, бір үйде  екі кемеңгер» дегендей , бұл үйде үш кемеңгер болған. «Тәрбие басы – талбесік» деген Әже – мамасы(әжесі) өмірден көрген – білгендерін, ата – бабаларының өткен өмір жолдарын, бата – тілектер, даналық сөздермен таныстырып отырса, тарихшы әкесі демалыс кездері табиғат аясында демалдырып,елдің, жердің тарихымен таныстырып қана қоймай, өзге елдің тарихымен де таныстыру мақсатында шетелдерге  саяхатқа жіберіп отырған.

Әке ізін жалғастыруды ойлаған Айымгүл 1993 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында білім ала жүріп,  онда болып жатқан іс –шараларға қатысып,  өзінің өміріне тәжірибе жинақтай түседі.

…«Ол спорттың самбо түрімен айналысатын, жатақханада тұратын жігіттерге самбоның әдіс –тәсілдерін үйрететін, үлкен жігіттер келіп кіп – кішкентай, нәзік қыздан жеңіліп жатқанда біз күлетінбіз»-деп еске алады курстас құрбысы (бұның бәрі кейін еңбек жолында биік шыңдарды бағындыруға үлкен үлес қосты).

1997 жылы  университетті бітіргеннен кейін Бөрлі ауданы,  Ақсай қаласының №4 жалпы білім беретін мектебінде тарих пәнінің мұғалімі  және оныншы сыныпқа сынып жетекші болып қабылданады. Ол жастығына қарамай, өзінің білімділігімен, талапшылдығымен, әр түрлі әдіс – тәсілдерді қолдану арқылы оқушыларын адамгершілікке, жауапкершілікке, адалдыққа тәрбиелей білді. Мектепішілік «Жас мамандар» сайысына қатысып,  аудандық «Жыл мұғалімі» сайысына жолданды. Ол сайыста да өзінің білімділігі мен алғырлығын көрсетіп, тағы жеңіс тұғырынан көрінді.

«Айымгүл жүрісі ширақ, көз қарасы терең, ойы жүйрік жас мұғалімді алғаш «Жыл мұғалімі — 1999» сайысында көріп, ұлағатты ұстаз болатынына сендім» дейді аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы Окаева Бақыт Алиевна.

Өзінің іскерлік қабілетімен, жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыра білу қабілетімен, білімділігімен көзге түскен 2002 жылдың қаңтар айынан  Бөрлі ауданы әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала  бөлімінің бас маманы, ал 2004 жылы Бөрлі ауданының туризм және спорт бөлімінің меңгерушісі болып  еңбек етеді.

«Тек аудан жастарын ғана емес, мектеп оқушыларын да  әр түрлі спорттық үйірмелерге қатыстырып, соның нәтижесінде біздің мектептің оқушылары да үлкендерден қалмай  сайыстарда облыс, республика көлемінде бірінші, екінші орындарды иеленіп, аудан абройын асқақтатуға үлестерін қосты.

Айымгүл Мақсотқызы –ауданда спорттың дамуына ықпал еткен ерекше жан деп айтар едім» деп ойын түйіндеді Бумакөл орта жалпы білім беретін мектеп – балабақшасында бірнеше жыл директор болған ардагер ұстаз Кадешов Мағзом.

2004 жылдың қараша айынан — 2005 жылдың қыркүйек айлары аралығында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ауылдық  клубтардың, кітапханалардың жұмысының жақсаруына үлкен үлес қосты.

2005 жылдың қыркүйегінде Бөрлі ауданы білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалып, білім беру мекемелеріне көптеген өзгерістер әкелді.

Мектепке дейінгі балалар ұйымы 22 білікке артып, мектептердің материалдық – техникалық базасы нығайды, аудандық туризм орталығы ашылды, өнер мектебі жаңартылды, аудан оқушылары 100% ыстық тамақпен және білім мекемелері автокөліктермен, бейнебақылаулармен қамтылды, ауылдық мектептедің дәретханалары ішке ауыстырылды, жылу жүйелері жаңартылды. Білім көрсеткіші облыста бірінші орынды иеленіп, ҰБТ бойынша бірнеше жыл  ең жоғарғы көрсеткіш көрсетті.

«Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, біз жамбасақ лапылдап, онда жұлдызды кім жағар» деп жігер беріп Айымгүл Мақсотқызы  мекеме басшыларын, ұстаздарды бірлікке, шығармашылықпен жұмыстануға жұмылдырды. Тағы бір ерекшелігі аудан мектептеріндегі жоғарғы  сынып оқушыларының  аты – жөнін, әлеуметтік жағдайын жатқа біледі, өйткені ол үнемі мектептерді аралап, оқушылармен кездесіп, ҰБТ бақылау- әзірлік сынақтарына өзі қатысып, төрт сағат аяғынан тік тұрып, оқушылардың ештемеден қарамай, өз білімдерімен жазып шығуларын жіті бақылап отырды.

«Мектеп аулаларының, тіпті жылу жүйесінде де эстетикалық талғамда болып, гүлдің жайқалып тұруын талап етті. Оның жұмыс істеу қабілетіне таңқаламын, мен де өзімді жаман басшы деп есептемеймін, бірақ Айымгүл Мақсатқызының жұмыс істеу қабілетінің деңгейіне жету қиын екенін мойындаймын» деп күле жауап берді бірнеше жыл мектеп директоры болған Арыстан Әбілғазы — ардагер ұстаз.

Айымгүл Мақсотқызының тағы бір жақсы қасиеті « Бізге бұйырған екен тәрбиелеуіміз, үйретуіміз керек» деп ешкімді жұмыстан шеттетуге тырыспайтындығы. Тағы ерекше қасиеті: өзі істеп, жоғары нәтиже көрсетсе де «мен» деп айтқанын еш уақытта естімеппін, «ұжымым істеді», «әріптестерімнің еңбегі» дейтін.

Ауылдық мектептердегі оқушылардың жан – жақты білімді болуын ойлаған басшы қала мектептері мен балабақшаларын  ауылдық мектептер мен балабақшаларына  бөліп  бекітіп, бірігіп (тюторлық жұмысты) жұмыс істеуді жолға қойды.

Мұғалімдердің, мекеме басшыларының іскерлік қабілеттерін шыңдау мақсатында әр түрлі байқаулар ұйымдастырып, олардың республика көлемінде болып жатқан шараларға қатысуына және білімдерін жетілдіру үшін курстан өтіп тұруларына мүмкіндіктер жасады.

Айымгүл Мақсотқызы 2019 жылы тамыз айында облыстық білім басқармасы қызметіне тағайындалды. Осы қызметте жұмыс атқарып жүрген кезінде елде төтенше жағдай жарияланып, білім беру мекемелері қашықтықтан оқуға көшкенде де және қандай жұмыс тапсырылса да өзінің көшбасшылық қабілеті жоғары, білімді, жаңашыл іскер басшы екендігін көрсете білді деп сеніммен айтамын.

Отбасы жағдайына байланысты 2020 жылдың маусым айында жұмысын ауыстырып, қазіргі таңда Бөрлі аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін жалғастыруда.

Айымгүл Мақсотқызы үшін жұмыс ауа тәрізді, ол уақытпен санаспай  мектептерді аралап, жұмыс жағдайларымен танысып қана қоймай, оқушылардың, мектеп ұжымының әлеуметтік жағдайларын да елеусіз қалдырмай, қажет жағдайда көмектесіп отырады.

Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының спорт және туризм Агенттігінің Құрмет Грамотасымен, оқу саласындағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі жетістігі үшін Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

Айымгүл Мақсотқызы- сүйікті жар, абзал ана, адал, әділ, өзіне де сын көзбен қарап, үнемі ізденіп білімін шыңдап, шығармашылықпен айналысып отыратын, еңбекқор, жанындағыларға жылуын шашып жүретін мейірімді, қамқор жан, достықты бағалай білетін адал дос, сенімді жолдас.

Бос уақытында спортпен (волейбол ойнауды, суда жүзейді) айналысуды, бақшада жұмыс істеуді, кітап оқуды ұнатады.

Жүрегі елім, жерім, халқым деп соғатын ұлтжанды, намысты, жауапкершілігі, ұйымдастыру қабілеті жоғары, жүзі жарқын, білімді, тәрбиелей де, үйрете де, үйрене де білетін жан – жақты көшбасшыны біз «Бір өзі – бір әлем» деп танып, мақтан етеміз, құрметтейміз, болашағының жарқын болуын тілейміз.

  Қарағойшиева Сапия Нұрғалиқызы,
БҚО, Бөрлі ауданы, ардагер –ұстаз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.