Home » Айтарым бар »   Бастауыш сыныпты  оқытуда  тиімді  кері  байланыс  беру  жолдары

  Бастауыш сыныпты  оқытуда  тиімді  кері  байланыс  беру  жолдары

  Байузакова А.К.
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы
 Алматы облысы бойынша ПҚБАИ –ның
аға оқытушысы

                   Болашақтың бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімде. Білім берудегі басты мақсат-жан-жақты дамыған, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-толғамы бар, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін оқушыға білім мазмұнын  терең игертудің тиімді жолдарын іздестіріп, шығармашылыққа жетелейтін қазіргі заман талабына сай ғылыми-әдістемелік біліммен қаруланған, шебер мұғалім дайындау қажет. Жаңа формация мұғалімі-оқыту технологиясының жүйесімен оқушыларды өмірге дағдыландыру бағытындағы әдіс-тәсілдерді меңгерген тұлға. Оқыту мен оқу үдерісінде кері байланыс оқушылардың оқуын жақсартуға ықпал ететін құрал болып табылады.

Кері байланыс дегеніміз не? Бұл қазіргі кезде білім саласындағы өзекті мәселе болып тұр. Кері байланыс (ағылш. feedback) – адамның өзі куә болған оқиғаға немесе басқалардың әрекетіне айтылған пікірі, реакциясы. «Сырт көз сыншы» дегендей, мұндай сырт пікірдің өз әрекеттеріңді реттеуге, жақсартуға тигізетін септігі өте жоғары. Сол себепті бүгінде кері байланыс үйренудің (білім алу жүйесінің) маңызды ұғымы деп есептелінеді. Кері байланыс арқылы алынатын мәліметтер әсіресе өз біліміне түзету мен өзгертулер енгізу ісінде өте құнды болып табылады.

Кері байланыстың кейбір  тәсілдеріне  тоқталайық. «Екі жұлдыз, бір тілек» тәсілінде алдымен біреудің әрекеті мен жасаған ісін мақтаймыз, оның жағымды және тиімді жақтарын атап көрсетеміз, содан соң бұл жұмысты қалай жақсартуға болатындығы туралы ұсыныс айтамыз, бағыт-бағдар сілтейміз.

«Бес саусақ» тәсілі

Оқушылар параққа алақандарын қойып, оны жиегімен қаламмен айналдырып өтеді. Осыдан соң олар сабақ туралы мынандай сұрақтарға жауап беріп, салынған саусақтарына жазады:

Бас бармақ – басты мәселе. Бүгін сабақта ең құнды мәселе қандай болды?

Балалы үйрек – бірлесу. Мен топта/жұпта қалай жұмыс жасадым? Кімге көмек бердім? Кімді риза жасадым? Кім маған көмек берді?

Ортан терек – ойлану. Мен бүгін қандай жаңа білім мен тәжірибе алдым?

Шылдыр шүмек – шынайылық. Сабақ маған ұнады ма? Неліктен?

Кішкентай бөбек – көңіл-күй ахуалы. Мен сабақта өзімді қалайша сезіндім?

Алақан – алға ұмтылу. Жұмысты жақсарту үшін не жасау керек? Білімімді қалайша толықтырам?

 Сабақ соңында қойылатын сұрақтар

Оқушыларды рефлексияға шақыру үшін және кері байланыс беру мақсатында оларға мынадай сұрақтарға жеке және бірлесе жауап беруді тапсыруға болады:

Сабақты қалай атар едіңіздер?

— Сабақтың мақсатына жеттік пе? Неліктен олай ойлайсыздар?

— Сабақтан кейінгі көңіл-күйіңіз қандай?

— Сабақта ең маңызды не болды?

— Бұл сабаққа қандай өзгерістер енгізер едіңіздер?

— Өз жұмысыңызға қанағаттанасыздар ба?

— Өзіңізді не үшін мақтар едіңіз?

— Сабақ қорытындысы қандай болады деп ойлайсыздар?

— Сабақ қорытындысы бойынша кімді мақтар едіңіз? Неліктен?

— Кімнен жақсы көмек алдыңыз?

— Келесі сабақтың мақсаты қандай болады деп ойлайсыздар?

«Кемпірқосақ» тәсілі

Тақтадағы кемпірқосақ суретіне өз есімдері жазылған стикерлерді желімдейді. Олар ең төменгі қызыл түстен ең жоғары орналасқан күлгін түске стикерлерді желімдеу арқылы өздерінің сабақтағы түсінік (немесе көңіл-күй) деңгейін білдіреді.

«Берілген үлгілер бойынша сөйлем құрау»тәсілі

Оқушылар жазбаша мына үлгілер бойынша сөйлемдер құрастырады:

Мен … , өйткені …

Мен қалайша …

Неліктен мен …

Менде мынандай сұрақ бар: …

Сонымен мен…

Рефлексия парағы

Сабақ соңында оқушылардың төменде көрсетілген кестелерді толтырып, оларды топ ішінде немесе сыныппен талқылауына болады. Мұғалім талқылауға қатысып, оны қорытындылайды.

Сабақтағы жетістіктерімОның себептеріСабақтағы кемшіліктерімОның себептері
   

«Бір ауыз сөз» тәсілі

Оқушылар стикерлерге сабақ туралы бір ғана сөз жазып, оны тақтаға жапсырады. Өз ойларын түсіндіріп береді. Стикерлерге сабақты бағалайтын келесі сөздерді жазуға болады (оларды тақтаға алдын-ала жазып қойған дұрыс): ұнады, қажет, пайдалы, білдім, үйрендім, қызықтым, ұмтылдым, есте сақтадым, т.б.

Сабақта үйренгенін бағалау

ҰнадыНеліктен?Қиын болдыНеліктен?
    

«Шеңбердегі доп» тәсілі

Оқушылар шеңберлене отырып, бір-біріне кішкене допты лақтырады (немесе жүректің кішкене сұлбасын сағат тілі бойынша жылжытып отырады). Доп қолына тиген оқушы сабақ туралы бір сөйлем айтады.

Сондай-ақ, көңіл-күй мен эмоциялық жағдайды анықтауға арналған кері байланыс  тұрлеріне көңіл- күйді   әртүрлі суреттер, смайликтер және бояу түстерімен анықтау болып табылады. Мысалы: «алма ағашы» деп алайық. «Алма ағашы» тәсілінде оқушыларға  сабақ барысында түрлі-түсті    алма беріледі.  Сабақ соңында оны алма ағашына ілу қажет. Жасыл түсті алма-мен бүгін бәрін жақсы  орындадым,  сондықтан, көңіл-күйім көтеріңкі, қызыл түсті алма мен тапсырманы орындай алмадым, көңіл-күйім жоқ дегенді білдіреді.

Кері байланысты жасағанда мына жайттарды есте ұстаған жөн:

— Кері байланыстың үйренудің ең тиімді әдісі екендігін ұмытпаңыз, өзіңізге қажетті екендігін де естен шығармаңыз. Бұған қоса кері байланысты жұмысымызды жақсартудың, өз олқылықтарымызды түзетудің ең тиімді нысаны деп қабылдау керек. Сол себепті кері байланысты сабырлықпен және іштей болса да ризашылықпен қабылдау керек.

— Кері байланыс әрқашан да субъективті болады, өйткені ол біреудің өзіндік пікірі. Осы тұрғыдан алғанда кері байланысты ақиқат деңгейіне шығарудың қисыны жоқ шығар. Оны басқа адамның бағасы деп қабылдап, оның еш міндетті емес екендігін естен шығармаған абзал. Бізге қандай да кері байланыс берілсе де оның тиімді/тиімсіздігін, пайдалы/пайдасыздығын өзіміз өлшейміз және бағалаймыз, оны қабылдау не қабылдамауды өзіміз шешеміз.

Кері байланыстан күтілетін нәтижелер:

*Мұғалім мен оқушы арасында қарым-қатынас жақсарады.

* Оқушыға өзінің мықты және осал тұстарын көрсетіп, алға жылжуға ықпал етеді.

*Оқушы тек бағалауды ғана емес, өз жетістігімен хабардар бола отырып, оқуға қызығушылығын арттырады.

* Мұғалім оқушы кері байланысына қарай, өз жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға бағытталады.

* Қалыптастырушы бағалаудың түрлерін тиімді пайдалана алады.

Қорыта айтсақ,  кері байланыс сабақтың әр кезеңінде қолданылады, ол мұғалімнің оқушылармен үздіксіз байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде оқу үдерісін әрі қарай жоспарлауға болады. Осылайша кері байланыс оқып, естіген және көргеніне реакция жасайды. Ақпаратты игеру және қабылдау дәрежесін көрсете отырып, оқушыға жіберіледі. Мұғалімдер дұрыс қарым-қатынас жасау, барлық әдістерді қолдану мүмкіндігін игеруде тиімді кері байланыс орнатуға көмектеседі. Кері байланысты пайдалану басқалармен қолайлы қарым-қатынас орнатуға, қатынастағы қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді. Кері байланыс жасағанда белсенді дамуын қадағалап, пайдалы шешім қабылдауды жүзеге асыру тиімді. Сонымен қатар мұғалім кері байланысты нақты, анық, түсінікті етіп, уақтылы қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс. Кері байланыс әрекетін ұйымдастыруда көзделетін басты мақсат: оқушының саналы ішкі рефлексиясын даярлау, сол арқылы қазіргі кездегі маңызды болып саналатын өз бетімен еңбектену, бәсекеге қабілетті болу, алғырлық сияқты қабілеттерін дамыту.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.