Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ұлттық тестілеу орталығы Қазтест жүйесін дамыту басқармасы
Тест тапсырмаларын қалыптастыру ғылыми әдістемелік зертханасының
меңгерушісі Гулзамира Жанайбаевна Кулманова
Аннотация: Мақалада сөйлеу әрекетінің рецептивті түрі – Оқылымның маңызы, мақсаты, тілді меңгерудегі рөлі сипатталады. Қазтест жүйесіндегі Оқылым бөлігін бағалау үшін қажетті дағдыларды қалыптастыру әдістемесі туралы мәліметтер ұсынылады.
Оқылым рецептивті (қабылдаушы) дағдылар қатарына жатады. Оқылым процесі негізгі 2 компонент: көру, ойлау мүшелері арқылы жүзеге асатын коммуникативтік қарым-қатынас түрі. Оқылым – графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасын, мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мәнерлеп, ұғынықты оқу және оқудан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу.
Оқылымның мақсаты – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдау және түсіне білу. Оқылым кезінде тіл үйренуші қажетті ақпаратпен танысып, оны өзінің тәжірбиесі негізінде түсінеді. Оқылым арқылы тіл үйренушінің танымы кеңейеді, ойлау жүйесі дамиды. Оқылым біріншіден, ой мен мидың бірлескен жұмысына байланысты. Екіншіден, жазылған графикалық таңбалардың тізбегін дұрыс танып білуге қатысты. Үшіншіден, мұнда осы таңбалардың ішкі мән-мағынасын дұрыс түсінудің рөлі зор. Осындай ерекшеліктер іске асқанда ғана оқылған материалдардан керек ақпараттар жинақталып алынып, тіл үйренушінің қажетіне жарайды. Оқылым арқылы тіл үйренушінің танымы кеңейеді, ойлау жүйесі дамиды. Оқылым механизмдерін пайдалана отырып, мәтіндегі өзіне қажетті ақпаратты алатын болады.
Тілді үйрету үдерісінде оқылымның бірнеше түрі анықталған. Ғалым Ф. Оразбаева еңбектерінде оқылымның танымдық, зерделік, ізденімдік, көрсетімдік оқылым сияқты түрлерін жіктеп көрсетеді. Мақсатына қарай оқылым көз жүгіртіп қарап шығу, танысып оқу деген экстенсивті түрлерімен қатар, интенсивті зерттей оқу, ізденіп оқу деген түрлері бар.
- Интенсивті оқылым – белгілі мақсатта берілген тапсырманы орындау үшін арнайы оқу. Ол мәтіндегі сөйлемдердің қолданылуын, грамматикалық құрылымын, белгілі бір тақырыпқа арналған сөздерді талқылау үшін оқылады. Мысалы, құжаттарды талдап түсіну.
- Экстенсивті оқылым – үлкен көлемді мақала немесе шығармаларды (роман, әңгіме) өз еркімен оқу.
- Рефлектив оқу – әрбір сөздің мағынасын түсіну үшін мәтінді сөзбе-сөз оқу. Мысалы, келісімшарттағы талаптарды немесе нұсқауларды түсіну үшін сөзбе-сөз оқу.
- Рецептивті оқу – пысықталған, өңделеген ақпаратты оқу, берілген дайын ақпаратты оқып түсіну.
- Көз жүгіртіп оқу – мәтіндегі жалпы мағынасын, идеяны түсіну үшін тез оқып шығу.
- Ақпаратты табу үшін оқу – мәтін ішіндегі нақты ақпаратты іздеп оқу.
Бағалау тестілеуі кезінде уақыттың шектеулі болуына байланысты тестіленуші оқылымның ауқымды түсіну, танысып оқу, экстенсивті (кеңейте) оқу түрлерін пайдаланады. Тестіленушіден берілген мәтіннің мағынасын түсініп, ауқымды ойлай алу дағдысы талап етіледі. Шектеулі уақыт аралығында мәтіннің мазмұнына толықтай назар аудара алуы қажет. Сондықтан тестілеуге дайындық барысында тестіленушіден оқудың осы түрлеріне қатысты дағдыларын қалыптастыру керек.
Оқылымды меңгерудің стратегиялық дағдылары:
- Мәтін түрлерін ажырата білу – сипаттау, хабарлау, талқылау.
- Мәтін құрылымын түсіну – мәтін құрылымының ұйымдастырылуын түсіну. Мысалы, кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қорытынды бөлім.
- Сөз мағынасын мәнмәтіннен ажырату – мәтін ішіндегі таныс емес сөздің мағынасын түсіну үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемге назар аудару.
- Мазмұнын түсіну үшін оқу немесе көз жүгіртіп оқу – мәтіндегі жалпы мағынасын, идеяны түсіну үшін тез оқып шығу.
- Нақты ақпараттарды табу үшін оқу – мәтін ішіндегі ақпараттарды тауып алу үшін оқу. Бұл дағдыда тұтас мәтінді түсініп оқу, мазмұнын білу маңызды емес. Мысалы, мәтіннен қажет пайыздық көрсеткіштерді, пікірді, эмоцияны немесе қажетті сөздерді тауып алу.
- Детальді түрде оқу – әрбір сөздің мағынасын түсіну үшін мәтінді сөзбе-сөз оқу. Мысалы, нұсқаулықты мұқият оқып шығу.
- Болжай білу – оқылым тапсырмасы алдында қолданылатын тәсіл. Мәтінді оқымас бұрын оның мазмұны мен көтеретін мәселесі жөнінде ойланып, талқылап көреді. Ол үшін олар мәтін тақырыбына, тест оған берілген суретке қарап болжай отырып, сол тақырыптағы өз білімдерін қолданады. Бұл тәсіл мәтінді оңай түсінуге көмектеседі.
Мәтінмен жұмыс жасаудың жалпы сызбасы:
- Мәтіннің сыртқы сипатын (тақырыбы, авторы, мазмұны, көрнекілігі, көлемі) зерделеу;
- Өзінің болжауы дұрыстығын тексеру үшін мәтінді көз жүгірте оқу;
- Өзінің болжамын растау үшін мәтінді оқу;
- Алғашқы болжамы дұрыс болмаса, жаңа болжам айту;
- Мәтінде берілген қосымша мәліметтердің бәрін оқу.
Мәтін мазмұнын болжау біліктілігін дамытуға арналаған жаттығу түрлеріне: мәтіндегі сөздерді тақырып жағынан топтастыру, мәтіннен антоним, синонимдерді табу, сөйлемді/мәтінді мағыналық жағынан сәйкес сөздермен толықтыру, мәтіннен берілген сұраққа жауап табу, көрсетілген сөйлемді толықтыру, сөйлемді аяқтау түрлері жатады. Оқылым – тіл үйренушінің оқу сауаттылығы қалыптастырудың құрамдас бөлігі. Оқылым дағдыларын жақсартпайынша жазылым кезеңі де жүзеге аспайды.
Оқылым интерактивті үдеріс
Екінші тілді оқыту үдерісінде оқылымға қатысты «интерактивті үдеріс» термині қолданылып келеді (Carrel, Devine, Eskey, 1988). Оны екі жолмен түсіндіруге болады. Біріншісінде, тіл үйренуші мен мәтін арасындағы белсенді коммуникация жүреді, ол мәтінді түсінуге бар білімі мен күшін салады. Гудман (1967) бұл белсенді коммуникацияны «психолингвистикалық жұмбақ ойыны» деп атайды. Бұл ойында тіл үйренуші жұмбақты шешу үшін мәтінді оқығанға дейінгі білімі мен біліктілігін пайдаланады. Екіншісінде, оқылым үдерісін тіл үйренуші мен мәтін арасындағы диалог, тіпті тіл үйренуші мен автор арасындағы диалог деп қарастыруға болады (Widowson, 1979a). Тіл үйренуші автордың ойы мен тұжырымын толық түсініп, авторға жауап беруге тырысады және автор жасаған қорытындыны түсінуге тырысады. Бұл белсенді диалогке түсу үшін тіл үйренушіден мынадай білім түрлері талап етіледі:
- синтакситік білім;
- морфологиялық білім;
- танымдық білім;
- әлеуметтік-мәдени білім — тіл үйренушіге салт дәстүр, әдет-ғұрып туралы мәтіндерді түсінуге көмектеседі;
- тақырыптық білім — ол, мысалы: қала тұрғыны, ауыл тіршілігінен хабардар болуы;
- жанрлық білім — тіл үйреншіге мәтіннің мақсатын, ақпарат көзін анықтауға, көмектеседі.
Тіл үйренушінің синтакситік білімі мен морфологиялық білімі – оның лингвистикалық немесе жүйелі білімін қалыптастырады. Ол мәнмәтінді пайдалана отырып мәтіндегі жеке сөздердің, тіркестердің мағынасын ашуға мүмкіндік береді. Бұл мәтінді төменнен жоғары қарай өңдеу әдісі деп аталады.
Тіл үйренушінің танымдық білімі, әлеуметтік-мәдени білімі, тақырыптық білімі мен жанрлық білімдері қосылып – схематикалық немесе бейнелі білімін құрайды. Ол мәтіннің жалпы мағынасын, негізгі ойын талдап түсінуге көмектеседі. Бұл мәтінді жоғарыдан төменге қарай өңдеу әдісі. Аталған мәтінді өңдеу әдістерін тіл үйренуші сыныпта үйреніп, тестілеуден алдын осы екі өңдеу түрлерін толық меңгергені абзал.
Оқылымды бағалауда тестіленушінің ақпартты түсіну деңгейі маңызды. Оқылым дағдыларын меңгерту үшін біріншіден мәтінді оқи алуы және оқыған мәтіннің мазмұнын түсіне білу деңгейін анықтау өзекті мәселе болып табылады. Ол төмендегідей түсіну сатыларында бағаланады.
Оқылым сыни тұрғыдан ойлау үдерісі
Оқу бағдарламасында сыни оқу қосып, сыни ойлау дағдыларын сыныпта қалыптастыру қажет. Сыни оқу дегеніміз – автордың немесе жазушының мәтінде өз ойын тілдегі әртүрлі амал тәсілдерді қолдана отырып жұмбақтап беруін тіл үйренушінің шеше алуы немесе автордың ойын нақты түсіне білу дағдысы. Тіл үйренуші тілді ойнатып қолдану маневрлерінен хабардар болу керек. Сыни оқу педагогикасында автордың мәтінде айтқан ойын түсіну үшін тілді мұқият зерттеу қажет. Мұндай маңызды тіл білу дағдысы білім беруде мақсаты түрде оқытылады. Екінші тілді аудиторияның тіл үйренушілері де бірінші тілді оқыту заңдылықтарынан хабардар болуы керек. Тіл үйренушілер өздерінің тәжірибесінің аздығы салдарынан, кейде автордың ойын өз болжамымен немесе көзқарасымен шатыстырады да, мәтінді түсіндім деп ойлауы мүмкін. Сыни көзқарасты оқытуға іріктеп алған мәтіндерді оқытуда кейде оқытушының жеке құндылықтары да ықпал етіп, оның бағалау пікірлері де кірісіп кетуі мүмкін. Сондықтан шынайы сыни оқыту үдерісін қамтамасыз ету өте қиын.
Сыни оқу – әлеуметтік үдеріс ретінде қарастырылады (Kress, 1985). Авторлар мәтіндерді жазғанда идеологиясы, мәдениеті, қөзқарасы мен дүниетанымы бірдей белгілі бір топтағылар үшін жазауы мүмкін. Дүниетанымы бөлек, өзге мәдениеттен келген тіл үйренушіге ондай мәтінді түсіну үшін алдымен берілген ақпаратпен танысып, талдап, саралап, қорытып, ұғынып қабылдау қажет болады. Осы тұрғыдан алғанда сыни оқу дегеніміз ақпаратты толық және терең түсініп, қабылдай білу дағдысын білдіреді. Тіл үйренуші автордың ойын нақты және толық түсініп қана қоймай, онымен интерактивті диалог орната отырып, өз тарапынан автордың ойын бағалай алуы керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақ тілін оқытудың талаптарын анықтайтын ҚР СТ 1926-2015, ҚР СТ 1928-2015, ҚР СТ 1929-2015, ҚР СТ 1925-2015, ҚР СТ 1927-2015 Қазақстан Республикасының Ұлттық стандарттары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК, 2015.
- Carrel, P.L., J. Devine, and D. E. Eskey (eds.). 1998. Interactive Appraoch to Second Language Reading. New York: Cambridge University Press.
- Goodman, K. 1967. “Reading: a psycholinguistic guessing game”. Journal of Reading Specialist 6\4: 126-35.
- Kress, G. 1985. Linguistic process in Sociocultural Practice. Oxford: Oxford University Press.
- Widdowson, H. G. 1979a. Explorations in applied Linguistics 2. Oxford: Oxford University Press.
- Қазтест тапсырмаларының спецификациялары: Оқылым бөлігі.