Home » Білім және өнер » Ересек адамдардың тыңдалым дағдысын қалыптастыру және бағалау үдерісі

Ересек адамдардың тыңдалым дағдысын қалыптастыру және бағалау үдерісі

ҚР Білім және ғылым министрлігі
Ұлттық тестілеу орталығы
Қазтест жүйесін дамыту басқармасының
сарапшылары А.Бердіқұлова, Ш. Жұмағұлова

Аннотация: Мақалада сөйлеу әрекетінің рецептивті түрі – Тыңдалым әрекетінің ерекшеліктері, тілді меңгерудегі рөлі, тыңдалымның мақсаты, тыңдалым әрекетінің деңгейлік сипаттамасы, тыңдалым материалдары, Қазтест жүйесіндегі Тыңдалым бөлігі, тыңдалым дағдысын қалыптастыру мен бағалау туралы мәліметтер ұсынылады.

Күнделікті өмірде қарым-қатынасты жүзеге асыру үшін ересек адамдар уақытының 9 %-н жазуға, 16 %-н оқуға, 30 %-н сөйлесуге, 45 %-н сөйлеуді қабылдау, тыңдауға жұмсайды екен.
Тыңдалым есте сақтау қабілетін дамытып, сөйлесім әрекетіне апаратын бірден бір құрал болып табылады. Өйткені адам ақпаратты естіп қана қоймай, айтылған ойды қорытындылайды және іштей жауап қайтаруға дайындалады. Адамзат ақпараттың көп бөлігін есту арқылы қабылдайтын болғандықтан, тыңдалымның тіл меңгеруде маңызы зор.
Тыңдалым бөлігі сөйлеу әрекетінің түрі ретінде ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап зерттеле бастаған. «Тыңдалым» терминін алғаш рет американдық психолог Браун енгізді. Алғашқы кезде «ауызша айтылған сөзді түсіну» деген термин ретінде қолданылған.
Тыңдалым, әсіресе, шетел тілін үйренуде таптырмайтын әдіс. Ол сол тілдің дыбыстық ерекшеліктерін, сөз екпінін, ырғағын меңгеруде көп көмектеседі. Кез келген тілде тыңдалым белсенді зейін және назарды талап етеді. Зейін қойып тыңдау қабілеті төмен адамдарға тыңдалым қиын соғуы мүмкін.

Тыңдалым тіл әрекетінің төрт түрінің алғашқысы:

  1. Тыңдалым
  2. Сөйлесім
  3. Оқылым
  4. Жазылым

Белгілі бір тілде еркін сөйлеу үшін, алдымен, тіл үйренуші тыңдау дағдысын жетілдіру қажет. Тыңдалым адамдардың өзара түсінісуіне, қарым-қатынас барысында анық сөйлеулеріне көмектеседі. Тыңдалым арқылы сөздерді анық дыбыстау, интонацияны дұрыс қолдану, сөздерде және сөйлемдерде екпінді дұрыс қою дағдылары қалыптасады.

Тыңдау мен есту – екеуі екі бөлек нәрсе. Есту – автоматты түрде жүзеге асатын физикалық процесс. Тыңдау физикалық зейінмен қатар ақыл-ой зейінін де талап етеді.

Тыңдаудың бірнеше түрі бар:

  • Ақпараттық тыңдалым (үйрену үшін)
  • Сыни тыңдалым (бағалау және саралау үшін)
  • Терапевтік немесе эмоционалдық тыңдалым (сезім мен эмоцияны түсіну үшін)

Белгілі бір тыңдалым материалын тыңдау барысында бір ғана емес, бірнеше мақсат болуы мүмкін. Мысалы, бір уақытта ақпаратты қабылдай отырып, сыни көзқараспен қарау.

Есту барысында белгілі бір мәлімет алу – ақпараттық тыңдалым. Ол күнделікті өмірде, білім саласында, жұмыс орнында, жаңалық естігенде, деректі фильм көргенде, т.б. жағдаяттарда кездеседі.

Тыңдалымның барлық түрі «белсенді», олар ақпаратты түсіну үшін зейін қою мен саналы күш салуды қажет етеді. Алайда ақпараттық тыңдалымның тыңдалымның басқа түрлеріне қарағанда белсенділігі төмендеу. Жаңа ақпаратты, фактілерді тыңдап, қабылдаймыз, бірақ саралап, сынамаймыз.

Айтылған мәліметті бағалау, талдау мақсатында тыңдау – сыни тыңдалым. Сыни тыңдалым ақпараттық тыңдалымға қарағанда белсендірек болып келіп, мәселені шешу, шешім қабылдау сияқты белсенді әрекеттерді қажет етеді. Cыни тыңдалым естіген ақпараттың дұрыс немесе бұрыс екенін анықтау емес, ақпаратты тыңдау барысында «сөйлеуші не туралы айтып жатыр?», «басты ақпарат не?» деген сияқты сұрақтардың туындауы.

Терапевтік немесе эмпатиялық тыңдалым сөйлеушінің сезімін және эмоциясын түсінуге тырысу, өзін сол адамның орнына қойып, өз ойымен бөлісу. Эмпатиялық тыңдалымды тыңдалымның ең күрделі түрі деуге болады. Ол басқа біреуге жай ғана аяушылық таныту емес, одан да терең дүние – өзге адамның көзқарасын ұғыну, түсіну.

Жақсы тыңдаушы айтылған мәліметті тыңдаумен қатар, айтылмай қалған немесе жартылай айтылған мәліметті де аңғара алады. Тиімді тыңдалымның маңызды қағидаларының бірі тек қана сөздерді емес, идеяларды тыңдау керек. Жекелеген бөліктерді емес, толық көріністі алу қажет. Басқа біреудің идеясын анықтау үшін барлық ақпаратты бір-бірімен байланыстыру – тыңдалымның қиын аспектілерінің бірі болуы мүмкін. Алайда зейін қою, кедергі келтіретін өзге факторларға жол бермеу, тыңдалым кезінде жинақталу мәселені оңтайландырады.

Тыңдалымның тиімді дағдыларын жинақтау мақсатында Корнель университетінің профессоры Джуди Браунелл HURIER үлгісін әзірледі.

Еcту (hearing). Бұл тұста «есту» өте кең мағынада қолданылады. Оған тек физикалық акт емес, сондай-ақ бейвербалды амалдарды, дауыс тонын қабылдау сияқты әрекеттер де жатады.

Түсіну (understanding). Ақпарат тыңдалғаннан кейінгі қадам – оны түсіну. Барлық естілген ақпаратты бір-бірімен байланыстыра отырып, біртұтас түсінік қалыптастыру.

Есте сақтау (remembering). Есте сақтау үшін фокус қажет. Жақсы тыңдаушы толық ақпаратты есте сақтай алуы керек.

Түсіндіру (іnterpreting). Түсіндіру түсінуге негізделеді және оны жетілдіре түседі. Бұл жерде тыңдаушы ақпаратты дұрыс түсіндіру үшін өзі қате түсініктен аулақ болуы шарт.

Бағалау (evaluating). Бағалау тыңдаушыдан айтылған ақпаратты ұғынықты түрде қабылдауды, алдын ала қорытынды жасамауды талап етеді. Барлық ақпаратты бағалап, содан кейін ғана жауап қайтару керек.

Жауап қайтару (responding). Жауап нақты, естіген ақпаратты түсінгеніңді көрсете алатындай болуы тиіс. Ол үшін түсіндіре білу, ой-толғау сияқты дағдыларды қолдану қажет.

HURIER үлгісі нәтижелі тыңдалымның негізгі бөліктерін сипаттау және есте сақтаудың тиімді тәсілі бола алады. Қорыта айтқанда, белсенді тыңдаушы нақты түсінік қалыптастыру үшін бір уақытта ақпаратты тыңдай да, түсіне де, түсіндіре де, бағалай да алуы қажет.

Тыңдалымның басқа сөйлеу әрекеттерімен салыстырғанда қиындау болатынының алғашқы себебі – бір рет қана дыбысталуы.

Жоғарыда тыңдалымның тіл әрекетінің төрт түрінің алғашқысы екені айтылды. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі – Қазтестте де Тыңдалым алғашқы бөлік болып саналады. Бұл тұста сыни тыңдаудың маңызы зор. Аудиоматериал бір рет қана тыңдалады. Алдымен ақпаратты естіп, түсініп, есте сақтап, тапсырмаларды орындау барысында естіген материалды бағалай білу қажет.

Қазтест жүйесінің Тыңдалым бөлігінің тест тапсырмалары қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерінің ұлттық стандарттарына (5 деңгей бойынша) және тест спецификациясына сәйкес әзірленеді.

Мәтін диалог, монолог, әңгіме, хабарландыру түрінде болса, формасы бойынша сипаттау, мазмұндау, пікірталас, баяндау, әңгімелеу, нұсқаулық түрінде беріледі.

Мәтін мазмұны жағынан коммуникативті, қызықты, заманауи, контингентке сай, шынайы, яғни күнделікті өмірде жағдаяттарға сәйкес құрастырылады немесе ақпарат көздерінен алынады.

Диалог мазмұнына қатысты бірқатар талаптар бар:

Өмірде кездесетін жағдаяттар болу керек.
                  Кездеседі                     Кездеспейді
 —        Өскеменге пойыз қай жолдан жүреді?

—        Бірінші жолдан.

 

—        Қазақстанның Конституциясы қай жылы қабылданды?

—        1995 жылы 30 тамызда.

—        Қазақстан Республикасын кім басқарады?

—        Президент.

Диалогтің кімдердің арасында өтіп жатқаны белгілі болу керек.
                   Белгілі                           Белгісіз
—        Әке, таныс болыңыздар. Бұл менің әріптесім. Есімі – Мұрат.

 

—        Сенің құрбың қайда жұмыс істейді?

—        Менің құрбым фирмада жұмыс істейді.

—        Құрбыңыздың мамандығы кім?

—        Қаржыгер.

—        Өзіңіздің мамандығыңыз әнші ме?

Контингентке (Қазтест сынағын, көбінесе, ересек адамдар тапсырады) сәйкес болу керек.
                     Сәйкес                      Сәйкес емес
-Сәлеметсіз бе!

-Сәлеметсіз бе!

-405-нөмірден хабарласып тұрмын. Есімім – Жарас. Түскі асты бөлмеме алдыртсам деп едім.

— Әрине, 10 минуттан кейін дайын болады.

-Айжан, қай жыл мезгілін жақсы көресіз?

— Менің жақсы көретін мезгілім – күз. Күзде ағаштар түрлі түске боялады. Жаңбыр жауады. Жаңбырдан кейін ауа таза болады.

Оқылған мәтінді түсіну төрт жолмен бойынша бағаланады:

  • фрагментарлық түсіну (мәтіннің белгілі бір үзіндісін түсінгенін бағалау). Мысалы үшін қарапайым деңгейге арналған диалогтар мен тест тапсырмаларын алып қарайық.
—        Қайсар, ертең жексенбі ғой!

Өзенге шомылуға барайық.

—        Спектакль қай залда болады?

—        Үлкен залда.

Диалог қашан өтті?

А) жұма

B) сенбі

C) бейсенбі

D) жексенбі

Диалог қайда өтті?

A) театрда

B) музейде

C) мектепте

D) университетте

  • жалпы түсіну (мәтіннің жалпы мазмұнын түсінгенді бағалау)
  • Мұрат, демалыс паркінде концерт болады екен, барайық.
  • Қашан?
  • Сағат үште. Үрмелі аспаптар оркестрі келіпті.
  • Тамаша, міндетті түрде барайық.

Диалог не туралы?

  1. A) ән айту
  2. B) концертке бару
  3. C) демалысқа шығу
  4. D) үрмелі аспап жасау
  • толық түсіну (мәтін мазмұнын толық түсінгенді бағалау)
—        Мәдина, таңертең жүгіруге шығамыз ба?

—        Міндетті түрде, Әмина.

—        Нешеде кездесеміз?

—        Сағат 7-де, жазғы театрдың жанында кездесеміз.

Сөйлемді толықтырыңыз.

Олар … барады.

A) киноға

B) театрға

C) жүгіруге

D) саябаққа

Сұраққа жауап беріңіз.

Олар қай уақытта кездеседі?

A) түнде

B) түсте

C) кешке

D) таңертең

  • терең сыни түсіну (мәтіннің мақсатын, негізгі идеясын анықтай алуды, мәтін мазмұнынан эмоцияны, көзқарасты таба білуді, қорытынды, түйін жасай алуды бағалау). Тек орта, ортадан жоғары, жоғары деңгейлердің тапсырмалары ретінде ұсынылады. Төменде орта деңгей бойынша мәтін мен тапсырмалар келтірілген.
– Бүгін сәрсенбі ғой. Киноға кіруге студенттерге елу пайыз жеңілдік бар. Киноға барайық.

– Бағдарламасын көрдің бе? Қандай фильм болады екен?

– Комедия жанрындағы фильмдер болады.

– Маған комедия ұнамайды. Сондықтан бара алмаймын.

– Маған керісінше ұнайды.

Не себепті киноға барғысы келмеді?

A) көңіл күйі жоқ

B) бос уақыты жоқ

C) кино жанры ұнамады

D) басқа біреумен барады

 

Жеке пікірді табыңыз.

A) Киноға барайық.

B) Комедия жанры жақсы ғой.

C) Киноға елу пайыз жеңілдік бар.

D) Комедия жанрындағы фильмдер болады.

Қорыта айтқанда, тыңдалым қарым-қатынастың негізін қалайды, ауызекі сөйлеуді меңгеру тыңдалымнан басталады. Тыңдалым тіл үйренушіні мұқият тыңдауға, айтылатын ақпараттың негізгі мазмұнын алдын ала болжауға үйрете отырып, тыңдай білу мәдениетін қалыптастырады.

Тыңдалым кез келген тілде топталу мен зейінді талап етеді. Басқа дағдыларға қарағанда көбірек еңбектенуді қажет етеді, өйткені тыңдалым кезінде бір уақытта лексикалық, грамматикалық, фонетикалық дағдылармен де жұмыс жасалынады.

Біз тыңдау арқылы қоршаған орта, ондағы болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттарды ала отырып, дүниетанымымызды, тілдік қорымызды байытамыз, қабылданған ақпаратқа талдау жасап, өз пікірімізді білдіреміз.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. ҚР СТ 1926-2015 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Қарапайым деңгей. Жалпы меңгеру». – Астана, 2015.-36б.
  2. ҚР СТ 1928-2015 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Базалық деңгей. Жалпы меңгеру». – Астана, 2015.-38б.
  3. ҚР СТ 1929-2015 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Орта деңгей. Жалпы меңгеру». – Астана, 2015.-42б.
  4. ҚР СТ 1925-2015 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Ортадан жоғары деңгей. Жалпы меңгеру». – Астана, 2015.-46б.
  5. ҚР СТ 1927-2015 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Жоғары деңгей. Жалпы меңгеру». – Астана, 2015.-48б.
  6. Қазақ тілін оқытуға арналған бірүлгі бағдарлама. – Астана, 2016.-83б.
  7. https://www.skillsyouneed.com/ips/listening-types.html
  8. https://www.englishclub.com/listening/what.htm

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.