Home » Мақалалар » ЖАҚСЫ  ҰСТАЗ – ШАМШЫРАҚ

ЖАҚСЫ  ҰСТАЗ – ШАМШЫРАҚ

Сатбекова  Айгул  Амантайқызы
 педагогика ғылымдарының докторы,      профессор
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

            Бұл ғасыр – бәсеке ғасыры. Ертеңгі ел болашағы – жасөспірімдердің нағыз адам болып қалыптасуына игілік жасайтын басты тұлға – Ұстаз. Ол —  адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый-құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбие беріп, адамгершіліктің нұрын төгетін жан. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі.
Ұстаз да дихан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Ұстаздық қашанда оңай болмаған. Сондықтан да Мағжан Жұмабаев атамыздың «Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын-мұғалімдердікі» деуі тегін емес. Бұны біз ұстаздарға деген ерекше құрмет, олардың ерен еңбегіне берілген теңдессіз баға деп білеміз. Күннің сәулесі іспетті ағартушылық қызметті атқарып, елдік мақсат жолында қажымай, талмай еңбек етіп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетіп отыру, үлгі-өнегесін жиі айтып отыру-азаматтық борыш деп білген дұрыс.
Биыл іргетасын қалағанына 76 жыл толып отырған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жастарға сапалы білім, тәлімді тәрбие беріп, ізбасар шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздар аз емес.
«Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, біздің қоғамда тынымсыз еңбегімен, үлгілі тәрбиесімен өз ортасына сыйлы болып, елімізге адал қызмет жасап жүрген замандастарымыз туралы оң пікір, орынды сөз айтсақ, артық болмас деп ойлаймын. Байыпты адамның лайықты бағасын бере білсек, ол да  адамдық қасиетіміз емес пе?!  Сондай жанның бірі –жас ұрпақтың санасына білім нәрін берген, жанына шуақ сыйлап жүрген ұлағатты ұстаз, зерделі ғалым – Сәуле Асанбайқызы Асанбаева.
Талай дүлдүлдер мен бұлбұлдарды қанаттандырып ұшырған Сыр елі-жыр елі атанған өнерлі өлке Қызылорда өңірінде дүниеге келген Сәуленің жүрегінен қаршадайынан орын алған ана тіліне деген өлшеусіз құрмет, ұлтжандылық туған топырағынан дарыған. Ол сұлу Сырдың бойындағы Шиелі деген аудан орталығында бір қауым елге сыйлы болған Асанбай деген қарияның отбасында бойжетті. Осы шаңырақта Бибайша атты аяулы анадан өмірлік өнеге алды.
Ол 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетін үздік белгідегі дипломмен тәмамдайды. 1999 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Бақытжан Хасанұлының ғылыми жетекшілігімен 10.01.19-Жалпы тіл білімі, социолингвистика, психолингвистика мамандығы бойынша «Жарнама саласында мемлекеттік тілді қолданудың социолингвистикалық өзекті мәселелері» атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны сәтті қорғайды.
Адам өмірінің жалғастығы мәңгілік болары сөзсіз. Елге сіңген еңбегімен қатар, адамгершілік қасиеті, ақыл мен парасаты да өмірінің таразысы тәрізді. Адамның қандай екеніне халық өз бағасын беріп отырады. Қабілеті мен қарымы мол, қолға алған ісіне мығым, адамгершілік, іскерлік қасиеттері ерекшеленіп тұратын ерекше тұлға Сәуле Асанбайқызының жеке басы, қызмет істеудегі жауапкершілігі, адамдармен қарым-қатынасын айту – азаматтық парызымыз! Адам өзінің рухани дүниесімен ерекшеленіп тұрады емес пе? Сәуле Асанбайқызы да қандай қызметте жүрсе де, асып тасқан адам емес.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіндегі ұстаздық жолын ол деканның тәрбие істері жөніндегі орынбасарлық қызметінен бастап, практикалық шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі, Көптілді білім беруді дамыту орталығының директоры сияқты лауазымды қызметтерін он жылдан астам уақыт бойы абыроймен атқарып, қазіргі таңда Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетіне қарасты Тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры міндетін  өз деңгейінде атқаруда.
Адамның бойында талант пен дарын, келім мен келбет, ақыл мен парасат болса, ол адамға табиғаттың тартқан құнды сыйы. Ұстаздың сыпайылығы мен ішкі мәдениетінің жоғарғы парасаттылығы  көзге көрініп тұрады.  Шәкіртіне білім нәрін беретін ұстаздың өн бойында білімділік пен өмірге деген құштарлық болуы тиіс. Мұндай қасиеттер филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Ресей жаратылыстану академиясының (РАЕ) профессоры Сәуле Асанбайқызының бойынан табылады. Дана халық «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп тегін айтпаса керек.
Жалпы, жауапкершілікті сезіну, намысқа тырысу, жанашырлық секілді қасиеттер, жасыратыны жоқ, қазіргі заманда әйелдерде басымырақ.
Сәуле Асанбайқызы көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Олардың ішінде импакт – факторлық көрсеткіші мен индекстеу дәрежесі жоғары Thomson Reuters және Scopus  базасындағы ғылыми басылымдарда, шетелдік баспаларда, халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда жарық көрген жарияланымдар да жетерлік.
Ол —  білімді де білікті ұстаз, жастардың ақылшысы, жанашыры. Қаншама дипломдық жұмыстарға, магистранттардың диссертацияларына жетекшілік жасады. Ол қандай қоғамдық жұмыс болмасын, жоғарғы жауапкершілікпен атқарады, ректорат тарапынан қандай міндеттер болса да ынта-ықыласымен орындайды.

«Ұстазы заманынан озық елдің бүгіні де, болашағы да зор», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, білім саласының жаңа деңгейге көтерілуіне ұстаз қауымының қосар үлесі айтарлықтай зор.

Сәуле Асанбайқызы-Б.Бөлтірікова атындағы арнайы стипендия жеңімпазы (2010), Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан айырықша үлесі үшін «ҚҰРМЕТ» медалімен (2014), Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫМЕН», Қазақстан Республикасы «Өрлеу» білім-ғылым технология порталы білім беру жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін «БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ» (2018) төсбелгісімен марапатталды.

Ол кішіпейілділігімен, мәдениеттілігімен, сыпайылығымен, адамгершілік, парасаттылығымен әріптестер арасында беделге ие. Өнеге боларлық ұстаздардың бойында ерекше білім, өзгеше қасиет болуы тиіс. Мұндай қасиеттердің бәрін Сәуле Асанбайқызының бойынан табуға болады.

Жаһандану заманының талабына сәйкес болатын, жан-жақты, озық білімді, болашағына сеніммен қарайтын өскелең ұрпақ тәрбиелеп, әлемдегі өркениетті елдердің қатарынан табылуға ұмтылысымыз болашақта ізгілікке бастар жол болмақ. Елімізде білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты дүниетанымы жоғары, білімді, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеп өсіру.

Ұстаз өзі тәрбиелеген шәкірттерінің бойында ең асыл қасиеттердің болғанын қалайды. Олар жоғары оқу орнын бітіргенде дайын маман болып шығулары керек. Осы жолда шәкірттер уақыттарын босқа жоғалтпай, берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өзін жан-жақты дамыған түлек ретінде танытуға күш салулары керек. «Оған біздің білім ордамызда барлық жағдай жасалған. Қай қоғам болмасын, өз ісінің шебері ғана емес, сондай-ақ салт-дәстүрін, тілін құрметтейтін, досқа адал, ізетті, ибалы, адамгершілігі мол, үлкендерді сыйлайтын, мәдениетті, рухани жағынан толысқан адамдарды қажет ететіні сөзсіз. Мен де барлық шәкірттерімнің бойына осы қасиеттер дарыса деп тілеймін»,- деп өз ойын түйіндеді С.Асанбайқызы.

Біз білетін Сәуле Асанбайқызы өзін алдына әрдайым биік мақсаттар қойып, соған жету жолында іздену мен еңбектенуден талмайтын биік мұраттардың адамы ретінде көрсетіп келеді. Оның мұндай өнеге тұтарлық қасиеттерінен өзі қызмет етіп келе жатқан ұжым ұтпаса, әсте ұтылған емес.

Ұлағатты ұстаз, зерделі ғалым Сәуле Асанбайқызы Асанбаеваның өз ісіне шын берілгендігі, еңбекқорлығы арқасында алда талай биіктерді бағындыратынына сенеміз. «Үш –ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп хакім Абай айтқан үш қасиеттің үшеуі де Сәуленің бойынан табылады.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.