Home » Мақалалар » Қос жүлде иегері

Қос жүлде иегері

«Әлемде екі қиын іс бар, ол – мемлекет басқару және бала тәрбиесі»,-деген аталы сөз бар. Бүгінде уақыт талғамына сай жаңаша басқару ғылыми тұрғыдағы көзқарасты, ұжымның әлеуметтік –психологиялық жағдайын зерттеуді, еңбекті ғылыми негізде ұйымдастыруды талап етеді. Міне осы талаптарға сай тәрбиенің бастамасы саналатын балабақша қабырғасында 18 жылдан астам жемісті еңбек етіп келе жатқан Нұр-Cұлтан қаласындағы  №66 «Толағай» балабақшасының инновация  әдіскері болған Каримова Айжан Қуанышбековна  жайлы айтпақпыз.
Күні кеше ғана «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» қалалық байқауында бас жүлде, республика бойынша жүлделі  ІІІ орынды иеленіп марапат қоржыны қос жүлдемен толықты.
Мектепке дейінгі шақ  — бала бойына адамгершіліктің негізін қалайтын кез. Бала бойына жас кезінен бастап ізгілік, мейірімділік, инабаттылық, сезімдерін қалыптастыру ата-ананың және тәрбиешінің міндеті.
Баласын алғаш балабақшаға апарғанда әуелі тәрбиешінің сөзі мен ісіне қарап тұратын ата – ананың «сынды көзіне», «vірдің оғындай» сөзіне ілінбей  ыстық ықыласымен, құрметіне ие болып «үздік тәрбиеші» ретінде танылған кейіпкеріміздің еңбек жолына тоқталайық.
Қостанай облысының тумасы көп балалы отбасында әке мен ана тәрбиесін тең көріп, аға бауыр, әпке сіңліге жақын болып өткен бауырмалдық қасиет адастырмай ұлағатты ұстаздық жолға салды. Торғай гуманитарлық колледжін, Арқалық қаласы, Зұлқарнай Алдамжаров атындағы университетін «Бастауыш сыныпта оқыту» мамандығы бойынша бітірді. Қарағанды қаласындағы Е.Букетов атындағы жоғары  оқу орнын  «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту», «Дефектолог-логопед» мамандықтары бойынша  тамамдады.
Алғашқы еңбек жолын 2001 жылы  мектепте ұстаздықтан бастаған Айжан Қуанышбекқызы 2007 жылы  Астанадағы №7 «Аққу» балабақшасында тәрбиеші болып жалғастырды.
Әсем қалада кезең кезеңімен бой көтерген балабақшалардың бірі №38 «Шаттық» балабақшасы біліктіде білімді ұстаздың мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы жемісті жылдарының куәсі. Бір шаңырақ астында әріптестері мен бірге береке бірлікте он жыл тәрбиеші қызметін атқарды.  Алға қойған мақсаты айқын, үнемі  ізденісте жүретін  біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғарғы санатты тәрбиеші атанды.
Адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқынан әдемілік, сұлулық көрініс таппайынша адамгершілік парасат тәрбиесі көздеген мұратына жете алмайды. Адамдыққа баулу жұмысының ережесі бастау алатын балабақшада, Айжан Қуанышбекқызы қалалық деңгейде ата-аналармен жұмысын жемісті көрсете алған тәрбиеші. 8 наурыз мерекесіне арнап әкелермен қыздарының бірге билеген керемет вальсін әлеуметтік желіден көруге болады.
2017 жылдан бастап аталмыш балабақшаға әдіскер болып тағайындалған.Сол жылдары Айжан Қуанышбекқызының жетекшілігімен өткен қалалық семинардағы көрсетілген «Жеті лақ пен қасқыр» мюзиклі өнер бағытындағы өте жоғары деңгейдегі қойылым болды.
Бала ойын ойнағанда өмірден көрген білгенін, өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне еліктей отырып бейнелейді. Балалармен жұмыс жасауда сан түрлі көзтартар дүниелер жасап шығаруға келгенде әріптестерімен бірлесе жұмыс жасаудың шебері, жас тәрбиешілердің ұстазы бола білетін Айжан Қуанышбекқызының туындыларын көрсең көзің тояды.
Баланың тілін дамытуда ертегі түрлерінің жасалу жолдары, алжапқыштағы ертегі терапиясы, табиғи қалдықтардан жасалған «Әріптер әлемі», интеллектум дамыту ойындарының түрлері, «өру технологиясы» бойынша әдіскердің жасаған жұмысы бағалауға лайық.
«Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы балаларды еңбекке баулу рухани тәрбие беру жолындағы» мақсаты айқын жұмыстары көңіл қуантарлық. Атап айтар болсақ құрақ көрпе құрау, бесікке салу, арқан тартыс, ұлттық ойын «Бес асық», ертоқым жасау, текемет жасау, құрт жасау, бата беру, тұсау кесер салты мен киіз басу өнерінің шеберлік сәттері ерекше.
Соңғы төрт жыл бойы әдіскерлік қызмет атқарып келе жатқан білікті маман өткен жылдары Республикалық «Өнеге»  интеллектуалды білім порталының Республикалық қашықтықтан өткізілген  «Ұстаз өнері» байқауында І орынға, «Үздік ашық сабақ» байқауында жүлделі ІІ орынға ие болды. Қала әкімі, білім бөлімдерінен алған марапаттары бір төбе.
Үнемі білімін жетілдіріп отыратын және өзіне талап қойып соны орындау жолында аянбай еңбек ететін айтқан сөзінде тұра білетін, білгенін басқаларға үйретуден қашпайтын, ұйымшылдық қабілеті мен көшбасшылық қасиеті басым, білікті де білімді маманның мектепке дейінгі білім саласына қосар үлесі әлі алда.   Өз ісіне берілген, кәсіби шеберлігі мен әділдігі, адамгершілігі үшін әріптестірінің құрметіне бөленіп келе жатқан маманға әліде  толағай табыстар тілейміз.  Алға қойған мақсатыңызда биік шыңдардан көріне беріңіз.  

Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.