Home » Мақалалар » АНАСЫ МЕН ҚЫЗЫ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

АНАСЫ МЕН ҚЫЗЫ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
 Жанқожа батыр ауылы.
94 орта мектептің педагог-психологі
 Алсейтова Гулдари Халыкжановна

 

  Ана – өмір гүлі. Ана туралы жыр жазбаған жыршы, өлең шығармаған ақын жоқ. Бүгінгі қызғалдақ қызымыз, ертең ана, одан арғысы бүкіл елдің, әулеттің ұйытқысы. Қазіргі қоғамда нәзік жандыларымыз туралы пікірлер жан-жақты. Заманның ағымы деп заманға жала жабамыз. Бірақ адамдар арасындағы мәміленің бұзылғандығы екендігін мойындағымыз келмейді! Сіз анаңызбен қашан сырластыңыз? Өзіңіздің ойыңыздағы, жүрек түкпіріңіздегі сырды қашан ақтардыңыз?
Осы сауалдарға іштей жауап бергеніңіз абзал. Ешқандай ата-ана баласының жаман болғанын, оның ел алдында жүзінің төмен салғанын қаламайды. Ал перзенттік парызды өтеу, оларды ақша мен алтынға аптап қою еместігін түсіну қажет.  Қазақ халқында қыз тәрбиесіне өте қатаң қараған. Қатал қарағанымен, оларды құрметтеп төрге шығарған. Елдің алдында қыз баласының мәдениетіне аса көңіл бөлген. Мәселен, қызға қырық үйден тыю деген бар.
Халық даналығына таң қаласың.  Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева   «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқан. Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс. Дана халқымыз «Қыз қылығымен сүйкімді» екенін ерте біліп, қызды қашанда «жат жұрттық» уақытша қонақ ретінде жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады. Халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз болған. Ұлы Абайдың тәрбиешісі болған данагөй әжеміз Зерені қалай ұмытамыз?
«Қызың өссе, қызы жақысы мен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретінін айтса керек. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балаларының анасы. Олардың бойында имани тәрбие болғанын қалаймын. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы, тәрбиенің мәйегін берген аналарымыздың арқасында осы күнге жеттік. Бірақ бүгінгі бойжеткендеріміздің арасында, қазақ қызы деген атқа кір келтіріп жүргендері де бар. «Ауруын жасырған өледі», — демекші дұрыс емес тұстарымызды да айтуға тиістіміз. Бұл туралы телеарнада арнайы журналистік зерттеулер, баспа бетінде көлемді мақалалар жарияланды.Ендігі мәселе осылардың барлығынан нәтиже шығаруға тиістіміз деп білемін.
Қорыта айтқанда, анасы мен қызының арасында үлкен байланыс болуы тиіс. Анасы тарапынан көптеген ақыл-кеңестер, оған деген сүйіспеншілік, қыз тағдырына деген алаңдаушылық басым болуы қажет. Бала түрлі кезеңдерді бастан өткереді, ал әрдайым анасы қызымен санасып, оның пікіріне құлақ қойып, қисығын жөндеп отыруы керек. Қыз анасының айтқан ақылын тыңдап, өз пікірін ашық айту қажет. Екі тарапта үйлесім болғанда ғана, керегеміз кең болатыны анық.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.