Кошербаева Жулдыз Султановна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ
әдіснама және педагогикалық инновация
кафедрасының аға оқытушысы,
Тараз қаласы
Қазіргі қоғамдағы педагог тұлғасынан – белсенді өмірлік ұстаным, оптимистік көзқарас, кез келген жағдайда жеке даралығын сақтап қалу және проблемалық жағдайларда шешім қабылдауда өзіне жауапкершілік алу сияқты сипаттарға ие болуын қалайды. Педагог үнемі өзін жетілдіруге, өздігінен білім алуға, педагогикалық құндылықтарын шыңдауға ұмтылуы қажет. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін оқушыға білім мазмұнын терең игертудің тиімді жолдарын іздестіріп, шығармашылыққа жетелейтін қазіргі заман талабына сай ғылыми-әдістемелік біліммен қаруланған, білікті маман, шебер мұғалім керек.
Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы керек. Рефлексия мақсаты-еске түсіру, өзінің сабақ бойындағы іс-әрекетіне баға беру, талдау және мәселелердің шешу жолдарын іздестіру. Мұғалім оқушының кез келген кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұсын және сәтті шыққан қадамын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын алдын-ала біледі. Сонымен қатар кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады.
Кері байланыс жүргізу бір күннің іс-әрекеті емес, оған көп уақыт, ізденіс қажет. Ең алдымен, мұғалім кері байланыс жасауға оқушыларын дағдыландырып алу қажет. Сонда ғана бұл оң нәтиже береді. Оқушылардың ой- өрісінің дамуы оқу үрдісі кезінде болады, ол оқушының өз бетімен толықтыруы мен өзін-өзі дамытуды қамтиды. Оқушы білім алудың мақсатын саналы түрде түсінсе ғана белсенді бола алады. Қолайлы оқу үшін адамдарға кері байланыс пен мадақтау қажет, сондықтан кері байланыс жүргізілуі тиіс. Ашық сауалдар, оқыту міндеттерімен алмасуң сияқты әдістер оқушылардың өз біліміне белсенді қатысу қабілетіне әсер етеді. Кері байланысты түрліше өткізуге болады: ауызша және жазбаша да жүргізуге болады.
Сабақтағы кері байланыстың үш түрі бар.
- Көңіл-күймен эмоциялық жағдайды анықтауға арналған кері байланыс.
- Сабақтағы іс-әрекетке байланысты кері байланыс.
- Оқу материалының мазмұнына берілетін кері байланыс.
Кері байланысты жасағанда мына жайттарды ескерген жөн. Жұмысты жақсартудың ең тиімді нысаны ретінде сабырлылық таныту, субъективті болатынын ескеру, жасалған істі бағалау емес, не жасалу керектігін көрсету. Сонымен бірге, кері байланыс оқумен оқытудың қалай жүріп жатқандығын, оның сапасын анықтауға мүмкіндік жасау.
Кері байланыстың тиімділігі – оқушыны өз-өзіне есеп беруге баулиды; оқушының қажеттілігін біле аламыз; оқушының өзіндік көзқарасы қалыптасады; білім беру барысының сапасын жақсартуға болады және оқушының сыни көзқарасы қалыптасады, өз-өзіне баға бере алады.
Мұғалімдер үшін тиімді жағы: оқытудағы олқы тұстарын анықтайды; келесі сабақтың жоспарына өзгерістер енгізеді, түзетеді, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін таңдауға мүмкіндік жасалады және уақытты үнемді пайдалануға мүмкіндіктер береді.