Home » Мақалалар » Қайсар рухты, дархан жүректі Қасым атам

Қайсар рухты, дархан жүректі Қасым атам

Жеңіс! Жеңіс!
Жеңістің құны қымбат,
Жатырған жоқ бабалар мұны бұлдап.
Ей, азамат! Тағзым ет тау-шалдарға,
Қан майданнан қайтты олар ғұмырыңды ап.
Сабыр Адай 

 

Міне, Ұлы Отан соғысы аяқталғанына да 75 жыл толып, Жеңіс күнін тойлағалы отырмыз. Жеңіс күні – 1945 жылғы 9 мамыр – ұлтына, мәдениетіне, дініне қарамастан бүкіл адам аңсаған күн, жер жүзі халықтарының жүректері қуаныштан лүпіл қаққан күн.
Осы соғыстың зұлмат жылдарында елді жаудан қорғау үшін қазақ елі бір миллионнан аса жаужүрек ерлерін майданға аттандырды. Солардың бірі — менің атам Қасым Мәліков  болатын. Атам Қасым Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы қазіргі Қоғалыкөл ауылында 1920 дүниеге келген. 1940 жылы армия қатарына алынған ол зұлмат соғысқа сол жақтан аттанды.
Қазақтың қайсар ұлы халық амандығын сақтап, елін қорғауға ант берген еді. Соғыс жылдарында Прибалтика, Латвия, Литва, Эстония, Лепая елдерінде атқыштар дивизиясында ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, 1943 жылы ауыр жарақаттанған ол  медальдармен марапатталған.
Соғыстан аман оралған Қасым атамыз Жеңіс күнінде көзіне ыстық жас алып:
Ұмытылмайды фашистердің  зеңбірекпен атқаны,
Жердің жүзін қайғы қаптап басқаны.
Майдандағы балам аман болғай деп,
Кемпір-шалдың көзінен жас аққаны.
Ұмытылмайды ұшақ бұзған жазғы таңның аспаны,
Бомбы ысқырып, оқ боратып жауыздардың атқаны.
Отанға деп қиып қыршын жандарын,
Талай ерлер жер құшақтап жатқаны,- деген жыр шумақтарын төккен болатын.
Бейбіт заман басталған шақта өзінің еңбекқорлығы мен білімінің арқасында Қасым ата аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық газеттің редакторы, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы сияқты түрлі жауапты қызметтер атқарған. Әжеміз Елғондықызы Күлайым екеуі 9 бала тәрбиелеген мерейлі де берекелі отбасы болды.
Өзінің сұрапыл жылдардағы  басынан өткендері  мен майдандастары жайлы тебірене әңгіме қозғайтын атам шабытты шақтарында өз ойлары мен көңіл толқыныстарын қағазға түсіретін еді.  Ол қаһарлы жылдарды «Көзім көрді» атты өлеңінде:
Ойымнан, сірә, кетер ме,
Соғыстың оғы ысқырған…
Қараңғы тұман күндерім,
Айналып қайтып келмесін.
Өткенді көзбен көргенім,
Шошимын түске енбесін,- деп еске алған.
Қасым атамның 85 жылдық мерейтойында облысымыздағы белді журналист Ахат Жанаев атамызға құттықтау сөзін арнап:
Фашисті тізе бүктірдің,
Берлинге туды тіктірдің.
Тар жол, тайғақ кешсең де,
Майысқан жоқсың, тік тұрдың,- деп атамыздың батырлығын өлеңіне қосты. Сол жиында түрлі тақырыптардағы көп жылғы жазған өлеңдері топтастырылған «Қайда кетіп барамыз?» атты жыр жинағының тұсауы кесілген болатын.
Жүрегі дархан, ой терең Қасым ата: «Өлеңдерімді не  ақын, не бір жазушы болам деп жазбаймын, жүрегім дүрсілдеп, аттай тулаған сағаттардағы сезімдерімді, көрген-түйгендерімді  ұрпақтарым мені ұмытпай, сөзімді оқып жүрсін деп жазамын, қауызын тастап, дәнін алар» дейтін.
Бойында шынайы патриотизм ұялаған атамыз сыңғыр қағып, күнмен шағылысып тұратын медальдары бар костьюмын киіп,  9 мамыр күні «Мәңгілік алау» жанындағы жиынға баратын. Сырт қараған кісіге осы көрінісінен оның еш нәрседен қорықпас батыл адам екені көрініп-ақ тұратын. Әйтсе де жүрегі жұмсақ жан еді.
Әр жеңіс күнінде барлық ұрпағы атаның үлкен шаңырағының астына жиналып, мерекесімен құттықтап, немерелері өлеңдері мен  тақпақтарын сүйікті аталарына арнап айтып берген шақта Қасым ата бейбіт заман мен ашық аспанға шүкіршілік етіп, кемсеңдеп те қалатын. Атам елімізге амандық пен береке-бірлік, үйіп-төгіп мол жақсылық тілеп, ақ батасын беретін. Кең дастархан басында атам қарулас жолдастары мен майдан оқиғаларын әңгімелегенде, ұйып тыңдайтын біздер осы кісілердің қайсарлығы мен шыдамдылықтарына таңданып отыратынбыз. Әсіресе, майдандас жақын досы Смайылға арнаған «Екі соғыс солдаты» өлеңін оқыған кезі әлі есімде.
Қасым ата мерекеге арнаған  «Құтты болсын Жеңіс күні!» атты өлеңінде:
Майдандасқа құшақ жаям көрсем мен,
Сол майданда айрылдық қой мүшеден,
Құттықтаймын құрбы-құрдас бәріңді,
Ұмытылмас Ұлы Жеңіс күнімен!- деп, кәрі жүрегіндегі ыстық ықыласын білдірген еді.
Атамыз 28 немере, 15 шөбере көрді. Өмірінің соңына дейін Қызылжарма ауылында тұрып, 2011 жылы 26 қаңтарда 91 жасында өмірден өтті. Біз Қасым атамызды мәңгі мақтан тұтамыз. Жеңіс күні қарсаңында теледидардан соғыс ардагерлерін көргенде, шіркін, біздің атамыз да тірі болғанда, осы Жеңіс күнінде де мерекесімен құттықтар едік-ау деген ой келеді. Біз Ұлы Жеңіс туының желбіреуіне сүйікті   атамыздың үлесі бар деп мақтаныш сезіммен айтамыз. Атамыздың рухының алдында мәңгі тағзым етеміз.
Соғыс аяқталса да, оның әр отбасына, әр жүрекке салған жарасы және халқымыздың естен кетпес ерлігі ұмытылмайды. Біз Жеңіс күнін жақындатқан менің атам секілді миллиондаған жауынгерлерге қарыздармыз. Аталарымыз қайтпас қайсарлығымен, ерлігімен ұрпағына сыйлаған Ұлы Жеңіс күні, ашық аспан астында, бейбіт өмірде, тәуелсіз елде тойлағалы отырған Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Ер есімі — ел есінде мәңгі сақталады. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес!

Баймаханова Айгүл Болатбекқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.