Home » Мақалалар » Сағынышым, нұрлы күндерім

Сағынышым, нұрлы күндерім

Құдай-ау, қайда сол жылдар
Махаббат, қызық мол жылдар
Ақырын-ақырын жылыстап,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар!
Абай

        Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педучилище еліміздегі санаулы оқу орындарының бірі еді. Бір ерекшелігі тек қана Қазақстанның түкбір-түкбірінен келген өңкей қыздар оқитын. Оқу орны – бастауыш мектеп, мұғалімі мен бала бақша тәрбиешілерін дайындайтын.  Оқу мерзімі 4 жыл. 8 ші классты бітіріп келген, ақбантигі желбіреген, еліктің лағындай қыздарды оқу орнының тәртібі, ұстаздардың біліктілігі тарының қауызына сиғызғанда, жіптіктей етті. Ерекше тәртібі оқудың сапасына деген талап біздерді өзгелерден ерекшелендірді. Күн ұзаққа бос уақыт деген болмайтын. Тегін берілетін тамағымыз дайын, жатар орнымыз да белгіленіп берілетін. Қыздар хор, би сабағы, түрлі аспапта ойнауға, өзін ұстауға ерекше көңіл бөлетін.  Педучилищенің басшысы Ырысбекова Ұлмекен Ибырыевна апайдың мәдениеті, сөйлеген сөзі қандай еді, шіркін!

Бір шәкірті мынадай жыр жазғаны есімде: Ұлы апа Сыров салған мүсіндейсің
Сыртыңнан не демейді түсінбейтін.
Жүргенің аққу,қаздай көлде жүзген
Әйтеуір жерге салмақ түсірмейсің.

Дәл сипаттағандай көркем еді. Қазақ тілден Ұлдай Жанкиева апай ана тілінің қыр-сырын игертті. Біздің топтың жетекшісі Шыныгүл Кәрімбаева 4 жыл туған анамыздай болып қамқорлық жасады. Каникулда Мәскеу, Ленинград қалаларына саяхат жасатты. Апайдың жолдасы Еркешбаев Нәліқожа облыстың белгілі басшылырының бірі еді. Қазір Шыныгүл апайдың баласы Қазалы ауданының әкімі болып қызмет атқарып жүрген азамат – Мұрат Еркешбаев.  Сұлулыққа кім қызықпайды.!? Тамсана қарап, қыздарға көз тігетіндер көп еді.  Ұлмекен апайдың бір жиынында –,,қыздар сендер гүлсіңдер, гүлді одан да сұлу етемін деп бояса жарамайды” –деген еді. 2019 жылы оқуды бітіргенімізге 50 жыл толған екен. Қыздар кездесу жасап ойдан, қырдан ағылып келіп шұрқырасып жатқан жайы бар. Сол баяғы тәрбие – сол көргенділік қыздардың бойында сақталған. Бүгінде бір-бір үйдің тірегі, жақсы ұстаз бола жүріп обасын құрып қадірлі ана, аяулы әже болыпты.   50 жыл өтседе менің құрбыларым сол кездегі ұстаздарын, олардан алған өнегені жырдай етіп айтудан жалықпайды. Астанада тұратын Бибіжамал ханым — мен сол апайлардың кескін-келбеті, болмысы санамда мәңгі сақталған. Мұндай керемет жандар болады екен-ау, — деп таңданғаны бар.  Сол сияқты осы оқу орнын бітірген қыздардың өзгелерден ерекшелігі, білімі, әдебі, сөз саптауы ешкімге ұқсамайтынын естіп жүремін.  Қуанамын, сол кездегі 14-15 жастағы қыздарды балапандай баптап, білім берген ұстаздарға ризамын.  Бір айтарым қайтадан қыздар оқитын оқу орны етсе, қыз тәрбиесіне көңіл бөлінсін деген ниет. Қоғам соған зәру. Ана тәрбиесі керек. Облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова ханымның есіне салсам деген ой мазалайды.

Ақтөбе облысы
зейнеткер ұстаз
Құралай Есқұлова

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.