Home » Мақалалар » ДОМБЫРА СЫРЫН ИГЕРІП,  ОНЫ «СӨЙЛЕТУ» —  ИНЕМЕН ҚҰДЫҚ ҚАЗҒАНДАЙ

ДОМБЫРА СЫРЫН ИГЕРІП,  ОНЫ «СӨЙЛЕТУ» —  ИНЕМЕН ҚҰДЫҚ ҚАЗҒАНДАЙ

Кенжеғалиева Назгүл Мишаловна,
2 Балалар саз мектебі
Ақтөбе қаласы

Музыкалық шығармалардың мазмұнын, көркемдік дәрежесін түсіну – оның ішкі сырын көңіл-күй арқылы сезіп, беріле орындау деген сөз. Шығарма мазмұны түсінікті болып, музыкалық образы оқушы санасына ой салғанда ғана орындаушы шығарманы шын сүйсініп ойнайтын болады. Ондай шығармалар оқушының тек сүйікті шығармасы болуымен бірге, оның музыкалық-орындаушылық шеберлігінің өсуіне, музыкалық сана-сезімінің жетіліп дамуына зор  мүмкіншілік туғызатын болады.

Кәсіби домбырашы оқыту үдерісінде оқушыларға түрлі жанрда және стильде музыкалық шығармаларды ұсына білуі керек. Бұл оның негізгі міндеті әрі педагогикалық ұстанымы болуы шарт.

Домбыра – қазақтың ұлттық аспабы, құнды байлығы. Қазақ халқы күйге өте бай. Ал күй дегеніміз – симфония. Сондықтан болашақ домбырашының репертуарында күй мол болуы тиіс. Ол күйді орындағанда бабына келтіріп, тамылжыта, тебірене орындауға міндетті. Әрине, бұған қарап домбырашы репертуарын тек күймен ғана шектеп қоюға болады деген ұғым болмауы керек. Қайта оқытушы оқушысына күймен қоса, халықтың түрлі характердегі музыкалық шығармаларын беруге міндетті.

Қазіргі уақытта біздің домбырашыларымыз өз аспабына лайықтап түсірілген немесе төркіндес басқа аспапқа түсірілген музыкалық шығармаларды көптеп ойнап жүр. Бұл өте қуанарлық жағдай. Мұның өзі болашақ музыкант-домбырашылардың музыкалық ой-өрісінің өсуіне, техникалық шеберлігінің жетілуіне әсерін тигізуде. Дегенмен, ондай шығармаларды орындауда, сондай-ақ шығармаларды фортепиано сүйемелдеуіне домбыраға лайықтап түсіруде («переложение» деген мағынада) біз өте мұқият болуымыз керек. Мұның көптеген өзіндік сырлары бар. Біріншіден, басқа шығармаларды домбыраға түсіргенде біз, ең алдымен, домбыраның техникалық мүмкіншілігін, оның дыбыс бояуын ескеруіміз керек. Әңгіме бастапқы аспаптың үніне, дыбыс бояуына еліктеу емес, домбыраның өз ерекшелігіне байланысты, оның бар мүмкіншілігін пайдаланып, жаңа саз, жаңа дыбыс көркін шығаруда. Екіншіден, фортепиано фактурасына аса көп назар аудару керек. Бұл жерде, егер оқытушының өзі ол шығарманы домбыраға лайықтап түсірген болса, сүйемелдің домбыра үнін, негізгі мелодияны басып кетпейтіндей жағын ойлау керек. Мұндай кезде «домбыраға лайықтап түсіру» дегенді творчестволық тұрғыдан қараған жөн. Фортепиано фактурасы домбыра партиясына лайықталған болуы қажет. Қайсыбір оны жеңілдетуге де болады, бірақ композитор стилін, оның негізгі творчестволық ойын бұзуға болмайды.

Музыка аспабында, оның ішінде домбырада ойнау күнбе-күнгі жаттығуларды талап етеді. Домбырада бір күн ойнамайды деген сөз – он саусақтың өнері «қашты» деген сөз. Сондықтан бір күн ойнамай, екінші күні «төпелегеннің» орнына аз да болса, күнбе-күн 2-3 сағат саусақтарды жаттықтырып, дайындалып отыруды әдетке айналдыру керек. Мұндай тәртіпке баулу – оқытушының міндеті. Оқушының аспапта ойнап дағдылануы, сүйсіне жұмыс істей білуі тиіс. Оқытушы тарапынан әрдайым «нұсқау» күтіп отыру — оқушы үшін лайық емес. Таланттың тек еңбекпен өсіп, дамитынын ол еш уақытта естен шығармауы керек. Кездескен қиыншылыққа мойын ұсынып, оған немқұрайлы қарауға болмайды. Домбыра сырын игеру, оны «сөйлету» —  инемен құдық қазғандай. Демек, өз бетімен болсын, оқытушының айтуымен болсын, орындаушы-домбырашының қиындықты жеңе біліп, шығарма ерекшелігін түсініп, оны тыңдаушыларға шынайы жеткізе білуі — болашақ музыканттың абыройлы міндеті болып табылады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.