Home » Мақалалар » Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – ел қауіпсіздігінің кепілі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – ел қауіпсіздігінің кепілі

  Қазақстанда 1992 жылдан бастап жаңа мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде мерекеленетін Мемлекеттік рәміздер күні әр жыл сайын 4 маусымда аталып өтіледі. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекетінің құрылуына орай, Қазақстан өз рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұранын жасау міндетін қойды. Кез келген егемен мемлекеттің өзінің ресми рәміздері: Ту, Елтаңба және Әнұраны бар.

Халықаралық практикада мемлекеттік рәміздер мемлекетті егемендіктің иесі және халықаралық қоғамдастықтың мүшесі ретінде білдіретін айрықша белгілер болып табылады. Қазіргі заманауи қоғамдағы екі жүзге жуық мемлекеттің әр мемлекеті өзін тең деп санайды. Осыған сәйкес әрбір мемлекет өзінің рәміздерін әзірлеуге және оларға тек өз азаматтарының ғана емес, басқа мемлекеттердің де құрмет көрсетуін талап етуге, рәміздердің көмегімен өзінің қадір-қасиеті мен тәуелсіздігін бекітуге ұмтылады.

Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ең алдымен егемендік пен тәуелсіздік, халықтар достығы және мемлекеттік билік идеясын көрсетеді. Олар қазіргі әлемде символдық сипатқа ие және мемлекеттің іргелі белгілерін көрсететін оның атрибуттары ретінде қарастырылады, онсыз мемлекет өмір сүре алмайды. Ту мен елтаңбадағы түстер мен түстердің үйлесімділігі, орнаменттер, жарты ай және геометриялық фигуралар, жанды сөздер, әнұранның жолдары мен музыкасы – Ұлт бірлігі идеясын, мемлекеттің аумағы мен мәдениетін, оның өткенмен байланысын және болашаққа ұмтылуын білдіреді.

Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің тарихын зерделеу Отанымызды сүйетін, ата-бабаларымызбен рухани және туыстық қатынасты сезінетін, елдің ар-намысын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғайтын жаңа ұрпақты тәрбиелеу ісінде үлкен маңызға ие. Мемлекеттік рәміздер дәстүрінің тамыры тереңде жатыр, ол алғашқы мемлекеттер пайда болмаған уақытта да адамзаттық ұжымдар құрған ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ерекше айырым белгілерден келіп туындайды.

Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты жас ұрпақты тәрбиелеу, қазақстандық патриотизм идеясын түсіндіру, оларда ел жетістіктері үшін мақтаныш сезімін, Тәуелсіздік рәміздеріне құрмет сезімін қалыптастыру болып табылады. Білім алушыларды патриоттық сезімге тәрбиелеу тәрбие жұмысының басым бағыттарының бірі болды және болып қала береді. Кез келген мемлекет, егер ол өзінің әрі қарай өмір сүруі мен дамуы туралы алаңдаса, азаматтарының өз мемлекетінің мемлекеттік идеяларын қабылдауына, дәстүрлерін сақтауына, оның болашағы туралы ойлануына мүдделі. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанда өткенінің мұрасын сақтау және азаматтардың ұлттық сана-сезімін дамыту мәселелері бұрынғыдан да өзекті.

Мемлекеттік рәміздерге құрметпен, ұқыптылықпен қарауды өскелең ұрпақтың бойында қалыптастыру отбасында, білім беру ұйымдарында мектеп пәндерінің мазмұнын зерттеу және сабақтан тыс іс-шаралар өткізу арқылы жүзеге асырылады.

Мектепті безендіру тәрбиелік сипатқа ие. Сондықтан мектепте патриоттық бұрыштар мен рәміздер бұрышын безендіру өте маңызды. Патриоттық тәрбие бұрыштарының арқасында білім алушылар өз мемлекетінің барлық басты атрибуттары: елдің Туы, Елтаңбасы, Әнұранының мәтінімен, мазмұнымен танысады, бұл ұлттық дәстүрлерді жақсы меңгеруге, азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеуге ықпал етеді.

Мемлекеттік рәміздер еліміздің барлық азаматтарын біріктіреді, оларға өз еліне деген мақтаныш сезімін туындатады және оның жарқын болашағына сенім мен үміт ұялатады.

Әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және сыйлауға, оларға ұқыптылықпен қарауға, өз елінің патриоты болуға, өз Отанын, өз халқын сүюге міндетті.

Мемлекеттік рәміздерге қамқорлық жасау мемлекеттің маңызды функцияларының бірі. Үкіметтің мемлекеттік рәміздер күні ретінде 4 маусым күнін белгілеуі осының дәлелі. Қоғамда мемлекеттік рәміздермен байланысты қатынастар жүйесін реттеу үшін 2007 жылғы 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер туралы заң қабылданды. Осы Заңның бағыттарының бірі мемлекеттік рәміздерді қорғау Қазақстан азаматтарына ғана емес, шетел мемлекеттері үшін де республиканың мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауды талап ету болып табылады. Мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін заң әкімшілік жазаны айқындайды және Қазақстан рәміздерін қаскөйлікпен қорлау жағдайларында қылмыстық жаза жоққа шығарылмайды.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
Тәрбие теориясы және әдістеме орталығының директоры
Аймен Мамырханова

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.

css.php