Жалжанов Нұрболат Хадисұлы
«Білім-инновация» лицей-интернатының
жоғары санатты мұғалімі
Білімнің қайнар бұлағы, сенің рухани қазынаңның қайнар бұлағы — кітап. Өз кітапханаңды құра біл. Кітапты бір оқып қанағат тұтпа, қайтадан оқы.
Капизова Адия Мақсотқызы 1962 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Сүйіндік совхозында дүниеге келген. Кішкентайынан кітапқа жаны құмар зерек қыз 1979 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының кітапханашы мамандығын дайындайтын бөліміне оқуға түсіп, 1983 жылы бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын қазіргі Түркістан облысының Шардара қаласына қарасты орталықтандырылған кітапханада бастайды.
2004 жылы отбасы жағдайына байланысты Ақтау қаласына қоныс аударып, қалалық кітапханада, одан кейін №14 орта мектебінде кітапхана меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Облыстық семинарлар мен көптеген іс-шараларға белсене қатысып, өзіне мол тәжірибе жинақтайды.
2008 жылдан бастап Маңғыстау облыстық «Білім-инновация» лицейіне ауысып, содан осы уақытта дейін кітапхана меңгерушісі болып жұмыс жасап келеді. Саналы ғұмырының 38 жылын кітапхана ісіне арналған Адия Мақсотқызының еңбегі еленіп, Республикалық ғылыми педагогикалық кітапхана базасында өткен біліктілікті көтеру бағдарламасының курсына қатысып, арнайы сертификатпен, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», «Өрлеу» БАҰО алғыс хаттарымен марапатталды.
Кітапхана ісінің қыр-сырын жетік меңгерген ол, жыл сайын оқушыларды, мұғалімдерді оқулықтар мен әдістемелік құралдармен, әдеби кітаптармен қамтамасыз етіп келеді. Ұжымдағы жас мамандарға өз тәжірибесімен бөлісуден еш жалыққан емес. Қазіргі пандемия жағдайына қарамастан онлайн түрде оқырмандар мен оқушыларға онлайн іс-шараларды Абай атамыздың 175жылдығына орай «Әлемге танылған – ұлы Абай», Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай «Әбіш әлемі», ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік тірегім» атты тәрбие сағаттары мен кітап көрмелерін шеберлікпен ұйымдастырды. Жақында ғана аталып өтілген Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали – ғасыр ақыны» атты әдеби кеш өткізіп, оқушыларды ақынның өлеңдерімен, әндерімен таныстырып, поэзия әлеміне талдау жасады. Білім қазынасының ордасында 40 жылға жуық уақытын сарп еткен Адия Мақсотқызы отбасында 1 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты ана, бүгінде немере жиендерінің қызығын көріп отырған аяулы әже, ұжымдастарына сыйлы әріптес.