Home » Эссе » Мамандығыммен –мақтанамын !

Мамандығыммен –мақтанамын !

Түркістан облысы  Бәйдібек ауданы
Таңатар ауылы
Таңатар Қазақбаев жалпы орта МКМ
информатика пәні мұғалімі
Жолшыбеков Еркебұлан Сейілханұлы

Халқымыздың ұлы ақыны, ойшылы, қара сөздің қас шебері Абай Құнанбаев атамыз айтып кеткендей «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», — деп, кез келген адам «Өмір» атты үлкен дарияда өз орнын табуға тырысады, яғни өседі,көреді, өнеді,тәрбиленеді. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, қалаған мамандықтарының қызығын көреді. Бұл өмірде адамның тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар: бірі – өмірлік жолдасы жары болса, екіншісі – мамандық .
Балалық шақта кішкене сәби жүрек қиялшыл, жақсыға құмар еліктегіш болып келеді. Бала кезден мен армандаған мамандық — ұстаз болу еді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Қай кезеңде де ұстаздықты ұлы мамандық деп санаған. Ұстазға ақ тәж киген патша да, ақ киізге көтерген хан да бас иіп, тағзым еткен. Мен өз мамандығымды «Мамандығым-мақтанышым» деп айта аламын. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың жақсы тәрбиеленуіне үлес қосушымыз. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қандай арман болу керек. Міне, Осындайда «Ұстаз — ұлық емес ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет дана сөзін әрқашан есіме аламын Бейтаныс біріне айтсам кісілердің,
Мендегі қуанышты түсінер кім?!
Мен кеше шәкірті едім ұстазымның,
Ал бүгін ұстазымын кішілердің,-
деп Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап апамыз айтқандай, көзбен көріп, қолмен ұстағанда ұстаздық менің қиялымдағыдай әдемілік пен әдептіліктен ғана тұрмайды екен. Ұстаз- ең алдымен, оқушы үшін білім нәрін құюшы ізгілік иесі, өмірлік тәжірибелерді үйретуші тәлімгер, адамгершілікке баулитын тәрбиеші психолог екені сөзсіз. Ұстаз әрқашан шәкірттеріне бүгінгі алған білімінің ертенгі күні қажеттілігіен сездіре алатындай қасиеті бар, мектеп табалдырығын аттаған әрбір жас өреннің болашақтағы көздеген мақсаттарына қол жеткізуіне бағыт бере алатын үлкен тұлға. Иә, халқымыздың, ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан өмірлік тәжірибесін, салт — дәстүрін, әдет — ғұрыптарын, жақсы қасиеттерін, бүгінгі заманның озық жетістіктерін жас ұрпақ ұстаз арқылы, оның айтқан тәлімді сөздері мен өнегелі істері арқылы үйренеді. Ал, бұл міндет қашанда қиын жауапты екені белгілі.
Қазіргі таңда сол таңдаған мамандығымның иесі болып отырмын. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын, мектепті аяқтаған жылы, зор арман мен қиял арқалаған, мектептегі көрген ұстаздарым секілді, нақ солардай мұғалім болғым келген ,өмірді қалай бастаймын………деген жігіт едім. Мұғалім болып мектепте жүрсем деген арманым бойымды жігерлендіріп, қанатыма ерік беріп, алысқа самғауыма тірек болды.
Оқушыларым менің жаңалықтарыма, жаңа тәжірибеме қызығушылықпен жауап берді. Оқушыларды оқыту үшін, бірінші өзің оқуың керек,оқушыларға тәрбие беру үшін,тәрбиені өзіңнен бастауың қажет, оқушыларды дамыту үшін,әрдайым өзім іздену, даму үстінде болуым қажет, сонда ғана мен өзімді осы мамандыққа лайықтымын деп санаймын.Әрине,бәрі бірден жақсы болып кете қойған жоқ. Биіктерге жету үшін, болашаққа көзлысымен арман қуып, мақсат қойып осы маман иесі боламын деп жоғарға оқу орындарының бірін тамамдадым.
Уақытты босқа өткізбей жүгіртіп, талмай еңбек ету керек. Ұстаз көп біліп қана қоймай, сол білгендерін оқушыға бере білуі қажет.  Ұстаз шеберлігінің тағы бір ең басты қасиеті – әдеп.  Әдеп  мұғалімнің әрбір нақты  іс үстінде тәрбие мәселесінің ең ұтымды әдіс- тәсілдерін қолданып, оқушыларды еліктіріп әкететін кәсіптік сапасы. Оқушылармен қарым-қатынас тұрғысынан қарағанда педагогикалық әдеп мұғалімнің жан – жақтылығының, оның идеялық  сенімінің, жүріс тұрыс мәдениетінің, мамандығына байланысты ізденіс жемістері қорының жиынтығының айнасы болып есептелінеді.        Әдепті ұстаз болмай тұрып, шебер ұстаз болу мүмкін емес. Сонымен, ұзтаздық шеберлік – тек қана мұғалімнің жалпы жан-жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес,ол әр  сөзді оқушыға жеткізе білуі, олардың тол-ық қабыл алуын, толғанып бойға сіңіруін үйретуі. Ұстаз шәкірттің білім алуға деген құлшынысын тудыра алмаса, оның ынтасы, пәнге деген қызығушылығы артпайды Өйткені, мұғалім тақырыпты бастан — аяқ  өзі талдап, өзі түсіндіріп, оқушының ойлау қабілетін дамытпайды. Ал қазіргі жаңа технологияғабайланысты білім беруді оқушы өзі ізденіп, өз білген-ін жолдастарына жүйелі түрде жеткізе білсе, онда ұстаз нәтижеге қол жеткізеді. Қазір ғылым мен техниканың дамыған кезі.
Алдымызда отырған шәкірттер – білімді қажет ететін шәкірттер. Олар заман талабына сай қазіргі компьютер тілін жетік біледі, интернеттен хабардар, барлық затты ажырата алатын дәрежеде. Сондықтан олар мұғалімнен көп жаңалықтар күтеді. Мұғалімнің нақты, нық, дұрыс, қысқа да нұсқа түсіндіргенін қажетсінеді. Балалар — өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі. Өз пәнімде оқушылардың осылайша шығармашылығын дамыта отырып, қазіргі заманғы педагогикалық теориямен практиканы басшылыққа, алып жұмыс жасаудамын. Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады» — деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалімнің ізденісі жан-жақтылығы, құзіреттілігі арқылы айқындалады. Заман ағымынан қалмай жұмыс істеу, жаңалықты игеру – мұғалім жұмысының басты нысаны. Мен де жаңашыл ұстаздардың іс-тәжірибесінен үйреніп, өз сабақтарымда қолдануды көздеп, дамыта оқыту, сыни тұрғысынан ойлауды дамыту технологияларын, не олардың элементтерін сабақтың мазмұнына сай пайдаланып жүрмін.Ендеше осындай жауапкершілігі зор мамандық иесі атанып жүргенім еліме тигізген үлесім деп білемін. Қазіргі таңда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Таңатар ауылы, Таңатар Қазақбаев жалпы орта МКМ информатика пәнінен білім нәрін берудемін.Осы мамандыққа лайықтылығымның айнасы ретінде жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу жолындағы мына көрсеткіштерімді атап өткім келеді. Он бес оқушым «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырылған информатика пәні бойынша оқушыларға арналған республикалық олимпиадаға қатысып,жоғары көрсеткіштерді иеленгені үшін I –орындарды бағындырып,жеті оқушым информатикадан «Солнечный свет» Халықаралық олимпиадаға қатысып, жоғары көрсеткіштерді иеленгені үшін I-ші және II –ші орындармен және басқа да аудандық,облыстық,республикалық олимпиадаларға қатысып марапатталды..Жұмысымның нәтижесінде оқушыларымның шығармашылық қабілеттері мен табиғи дарындарының жетіле түсуіне қол жеткіздім және биылғы жыл,менің арманымның,мұғалім болсам,ұстаз болсам…..деген ой қиялымның шарықтау кезі болды деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін алған тағы басқада тізіп жазар жетістіктеріміз жетерлік.Ұстаз болу, әрине оқушы жетістігімен мақтана білу емес,одан әрі алдыңа келген әрбір оқушыны тәрбиелеп,білім нәрімен сусындатып,сол оқушымен бірге өзің үлкен оқушы болып,биік шыңдарға қарай ұмтылу екен. Ұстаз ұлылыққа тек шәкірттері арқылы жете алады.Оқушысының қол жеткізген жетістігі, меніңше әрбір ұстаздың еңбегінің нәтижесі, еккен егінінің алтын дәні. Сол шәкірт жетістігімен марқаямын да,шаттанамын да әрі қарай шабытпен еңбек етуге ұмтыла түсемін. .

Жүсіпбек Аймауытов «Мұғалім істеген ісі өнімді, берекелі болуын тілесе, әуелі өз қызметін шын көңілмен жақсы көрсін» деген екен. Олай болса, құрметті әріптестер, өз мамандығымызды шексіз сүйе отырып, әрбір ізденіс, әрбір қимыл тек балаға, баланың біліміне, болашағына арналса ғана шәкірттеріміз сол білімді жоғары дәрежеде көрсете алары күмәнсіз.Ұстаз сөзінің ұғымы мен үшін кең дүние. Оның ең негізгі мәні — жақсылыққа тәрбиелеу, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізуге үйрету дегенді білдіреді. Ұстаз бен шәкірт сүйіспеншілігі – адам баласының қатынастарының ең бір абзалы, әрі мағыналы, мәнді түрі.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымның артқан сенімін ақтау жолында, бала бойына күніне түймедей болса да, жаңа бір білімді сіңіртіп, бірақ осы аздау-ау, ертең тағы қандай жаңалық алғым келсе екен деген ой, мазалап, ертеңгі сабақ жоспарына тағы бір нәрсені түртіп қоюына себеп бар болса, ұстаздың шығармашылығы сарқылмас. Сөз соңында айтарым, ұлағатты ой иелері де,арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де,парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол — Ұстаз! Алғаш «Әліппенің» бетін ашып,әріп танытқан,өмірдің қыр — сырын білуге, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп,адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі әр адамзат жүрегінде сақталары анық.
Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу — мұғалімнің басты міндеті.
Өз ұлтымыздың, мектебіміздің өркендеп, болашаққа білімді шәкірттер дайындау үшін бірінші кезекте балалардың сезімталдығын, ойын, тілін дамытуды қолға алған жөн деп ойлаймын.
Еккен дәннің жемісін көру үшін алдыма келген әр баланың жүрегін жаулап алып, өмірден өз орнын таба алатын, дүниенің бір кірпіші боп қаланатындай азамат тәрбиелеу керектігін парызым деп білемін
Егеменді еліміздің ертеңі – болашақ маман иелері болу өз қолымызда екені даусыз.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.