Алматы қаласы білім басқармасына қарасты № 150 бөбекжай балабақша бүлдіршіндері Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық спорт күнін атап өтті.
Салтанат Нұғманқызы басқарып отырған бөбекжай балабақшасы осыған дейінде тәрбиелік мәні бар бірнеше іс-шараны ұйымдастырған болатын. Бұл жолы ұлттық спорт түрлеріне ден қойған екен.
Алдымен ортаға қазақы нақышта киінген бүлдіршіндер мен балабақша тәрбиешілері шығып, әр ойын түрінің шығу тарихына тоқталып, ойындарға түсініктеме берді. Одан кейін балалар «Ханталапай», «Аударыспақ», «Қыз қуу» ойындарын ойнады.
— Бүгін Ұлттық спорт күні. Мемлекет басшысының бастамасын біз де қолдап, Наурызнама бағдарламасы бойынша ұлттық ойындарымызды насихаттауды мақсат тұттық. Балаларымыз қазақтың ұлттық ойындары туралы біраз мағлұмат алды. Осы орайда тәрбиешілердің жан-жақты дайындығын атап өткен жөн. Балалардың ұлттық ойын түрлері туралы түсініктері кеңейіп, ұлттық спорт ойындарына деген қызығушылығы артса — мақсатымыздың орындалғаны, — деді балабақша меңгерушісі Салтанат Абдижаппарова.
Қазақтың ұлттық ойындары — бабаларымыздан қалған асыл қазына. Ойындар баланың тапқырлық, алғырлық қасиеттерін дамытып, шымыр да епті, қажырлы да жігерлі болып өсуіне септігін тигізеді. Көкжиегі кеңейген Ұлыстың ұлы күніне орай өткен шара алдағы уақытта та жалғасын таппақ.
“BILIM AINASY”
Жұлдыз Елеукен
Алматы қаласы
Tagged with: «Bilim Ainasy» Жұлдыз Елеукен Алматы қаласы Ұлттық ойын дәріптелді