Home » Мақалалар » Жамбыл – далалық мәдениетінің дарабозы

Жамбыл – далалық мәдениетінің дарабозы

Бәйкенова Нұрай Құрманғазықызы
Қарағанды облысы
 Жаңаарқа ауданы Атасу ауылы
Атасу жалпы білім беретін мектебінің
11-сынып оқушысы
жетекшісі: Бердибекова Мира Сериковна
ағылшын тілі және
 орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Аннотация. Даланы ән-жырымен тербеткен, өнер сүйер жандарды ақындығымен тебіренткен Жамбыл Жабаев далалық мәдениеттің шаңырағын шыңға көтерген жандардың бірі және бірегейі. Қазақ даласының қоңыр үнін шығарған жан. Қандай да болсын қиыншылықтарға қарамай, жанға дауа іздеп, тыныштықты сол өнерден тауып, ішкі сырымен бөліскен. Ұстазы Сүйінбай Аронұлы айтқан қанатты сөздерді өмірлік ұстанымына айналдырып, елді аузына қаратқан өлең сөздің дүлділі болған жыршы. Той-кеш, отырыстардың қызығы болып, өзін тұлға ретінде қалыптастыра білген Жамбыл бүгінде тарихтан өшпес аңыз адам. Замандастарының рухын көтеріп, арын ойлап, ешкімнің намысын аяққа таптамай отырып, шымшып шындықты жырлап кеткен жыр алыбы Жамбыл Жабаев халықтың перзенті, өмірден өзі озғанымен сөзі қалған ұлы тұлға.

Түйін сөздер: Өнер, дала, ақындық, тұлға, қасиет, өлең, жыр, ұстаз, таным, даналық, шындық, түйсік,ой, сана, рух, заман, тіршілік, туынды, аңыз адам.

Далалық мәдениеттің дарабозы, поэзияның жілігін шағып, майын ішкен  бабамыз Жамбыл Жабаевты бүгінде білмейтін адам кем де кем. Ол кісінің өлеңдері Абай Құнанбаев айтпақшы «Құлақтан кіріп, бойды алар» қасиетке ие. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев өз заманындағы ірілі-ұсақты  мәселелерді, әлеумет және өзінің жеке өмірін сөзге тиек етіп, жан сырын өлеңмен халыққа жеткізе білген. Қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған мазмұн дарыта білген Жамбыл Жабаев — жырдың толассыз қайнар көзі, халық поэзиясының атасы болып табылады.

Жамбылдың әкесі Жабай шаруа баққан. Кейбір тарихи деректерде жыр алыбының әкесі туралы «шоқпыт шапанды, көшпенді кедей болған»,- деген сипаттамалар да бар. Жамбыл қой бағып жүріп ойға салып, «Қой бақ, отын тер дегеннен басқа үлкендер бізге не үйретті? Өнерді кім бағады?! Ойды кім бағады?! Күнделікті күйбең тіршілік. Мезі етті!»,- деп күрсінген болған. Жапан далада домбырасын шертіп, жігерленіп, таумен бірге ән шырқаған.

Жырға әуестілік Жамбылдың қанында болмаған. Бірақ оның туған нағашысы, анасы Ұлданның ағасы Қанадан танымал музыкашы әрі композитор болған. Бала кезінде нағашысының да Жамбылдың асқақтауына үлесі тиген болатын. Жамбыл сыйлап, қызыға қарайтын өнерлі аға-әпкелері аз болмаған. Дегенмен де, Жамбыл Жабаевтың нағыз пір тұтатын тұлғасы — көрнекті ақын Сүйінбай Аронұлы болған. Сүйінбайдың өнеріне қызығып, артынан еріп жүрген. Кейін даланың жырын бірге жырлап жүрген шәкіртіне ұстазы: «Жақсы сәтте, сәттілік сенімен бірге болсын, ұлым! Адамдардың жадынан шығып кетпейтін, қуана есте сақтайтын өлеңдер шығар, сенің өлеңдеріңе тек санаулы адамдар ғана емес, бүкіл халық құлақ түрсін. Сенің өлеңдерің кеудеден емес, жүректен шықсын. Шындық туралы айта отырып, әділеттілікті жырла, басқалар салып кеткен жолмен емес, айналада болып жатқандарға қарап, біліп, өз жолыңды тап. Хан қазынасынан гөрі жаның бай болсын»,- деп батасын берген.

Жамбылдың өсіп-өніп, балалық шағы өткен жері әсем де әсерлі өнерге толы болған. Ән-күй, ақындық-жыраулық өнердің айрықша биікке көтеріліп, бет көрсеткен шағы болатын. Осындай өнер ордасында, ән-жыр бесігінде тербеліп өскен Жамбыл бала кезінен-ақ ақындыққа бейім болған. Жастық шағынан өз ортасына, ауылына белгілі болып, жан-жағын ән мен жырға бөлеп жүрген екен. Түрлі ақындармен суырыпсалмалық сын додасына түсіп, осал еместігін көрсетіп, жалындап жүріп ақындығын паш еткен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Сонымен қатар, елдің рухын көтере жүріп, «Шаһмардан», «Көрғұл» сынды жыр-дастандарды апталап, айлап жырлап, өзін одан әрі ел-жұртқа, тіпті коршілес Қырғыз еліне дейін таныта бастайды.

Ара жігін білдірмей, сөз жүйесін бүлдірмей, даналығы мен түгел сөздің түбі бір қасиетін барынша көрсеткен ұлы жырау-ақын Жамбылдың даңқы қазақ халқының мерейі мен мәртебесі болды. Жамбыл Жабаев өз ойын, өз дүниесін тыңғылықты жеткізіп қана қоймай, сыналар жерге келгенде санадан сөз суырып, елдің еңсесін, тыңдаушының танымын биікке көтеріп, түйсікке түйін сала білген.

Жамбыл Жабаевтің ең керемет туындыларының бірі «Ленинградтық өренім». Соғыстың қызған шағында Ленинград қаласын қорғаған жауынгерлердің сағы сынбасын деп осы өлеңді жарыққа шығарған. Бұл оларға моральдық көмек бола біліп, мемлекеттің рухын көтеріп, күш-қайратын арттырды. Тағы да басқа атамыздың «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес гвардеецтеріне», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат», «Сыйлық», «Тырналар қайтты көріңдер», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Балама хат», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман» -сынды жауға қарсы тұруға рух беретін өлеңдер жазған. Жамбыл атамыздың өлеңдері сол ғасырдағы ең үздік туындылар ретінде мойындалады.

Жамбылдың шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл Жабаев ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбылдың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл Жабаев сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен, және Ленин орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ұлы Отан соғысы жылдарында патриоттық рухта жазылған толғаулары үшін КСРО Халық Комиссарлар кеңесі 1941 жылы Мемлекеттік сыйлық берді.

«Жазушының хаты өлмейді» демекші біз халқымыздың асыл маржаны Жамбыл Жабаевты ешқашан ұмытқан емеспіз. Осы тұрғыда елімізде жыл сайын еске алу шаралары ұйымдастырылады. Келер ұрпаққа ақынның құндылықтарын толық жеткізу әр елін сүйген патриоттың міндеті, борышы саналады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі.

  1. https://khabar.kz/kk/ «Өмір жолы» бағдарламасы;
  2. https://ikaz.info/
  3. «Шеберлік туралы ойлар» кітабы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.