Аусагатова Венера Анарбековна
Павлодар қаласы
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған
облыстық қазақ гимназия-интернатының
сынып тәрбиешісі
Бала тәрбиесінің өзекті мәселелері
«Бала тәрбиесі–өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер»[1.224б.] -деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, шәкірттердің бойында адамгершілік қасиеттерді ұялату, нағыз азамат тәрбиелеу үшін ұстаздарға, тәрбиешілерге, ата-аналарға қажетті көмекші құрал ретінде ұсынылып отыр. Мұнда тәрбиенің баршаға ортақтығы, бала тәрбиесінің өзектілігі, бала тәрбиесінде ата-ананың, отбасының, мектептің, ұстаздардың бірлесіп тәрбиелегенде ғана оң нәтиже беретіндігі жайында айтылады. Бала тәрбиесінде халық педагогикасының да қасиеті мол, ерекше. Халық– «баланы жастан» деп бекер айтпаған.[2.126б]
Мен баяндамамды ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім–адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» [3.369б.] деген сөзімен бастағымыз келіп отыр.
Ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де маңызды мәселе. Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның өсіп, дене бітімі дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне дейін үлкен көңіл бөлген.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өзінің зарыға күткен перзенті дүниеге келгендегі тебіренісі әр адамның ұрпақ сүйгенде бастан кешетін сырлы сезімін бейнелегендей.
Иә, Алла көрдім бе, көрмедім бе?!
Иә, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,
Шыныменен өмірге келгенің бе?!
Қызым болсаң – қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң – ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың?! [4.69б.]
Иә, ақын толғанғандай, күллі әлем сүйінші сұрайтындай қуаныш қой бұл. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді тербелген тал бесікке салған. Аяулы анасы бөбегін әдемі әлдиімен сусындатып, ардақты әженің ертегісін тыңдатып, әкенің қамқорлығына бөленген бала болашақта нағыз халқына қалаулы, еліне елеулі болады деп сенген. Іңгәлап, дүние есігін ашқан соң бала аппақ парақтай пәк болары анық. Ал сол ақ параққа ақпарат берер-ата-ана, қоршаған орта. Сол себепті ұрпақ тәрбиесі-қай кезде де маңызды мәселе. Бесікті тербете отырып ән айтып, тілге тарқан. Бұл — тәрбие басы. Бұл-халқымыздың сан ғасырдан бері баланы бағып-қағып, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақтаған тәжірибесі. Ертеде қазақ баласының балалық шағы, тәрбиесі қандай болып еді?! «Балалы үй – базар, баласыз үй-қу мазар» демекші, сәбилі отбасы қашанда береке мен қуанышқа толы. Алланың берген таптырмас сыйын қазақ халқы қалай тәрбиеледі?
Халық Он бестегі ұлына ел басқартқан.
Қазақ халқы «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жылдың маусымы ауысымен көштің қалай, қайда көшуін, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуі, елдің батырларының ерлік хиқаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған. Ешқандай жоғарғы білімсіз-ақ тәрбиенің небір оңтайлы әдістерін пайдалана білген. Қазақ баласының санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала санасына ертеден құя білген қазақ халқы он бестегі ұланына ел басқартқан, шешендік сөз өнеріне қатыстырып тәлім берген.
Баланы төзімділікке баулу.
«Тәрбие» сөзі араб тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Яғни, сәбидің болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей қатысты болары хақ. Дүниеге қыз келсін, ұл келсін, қуана қарсы алып, сол шаттығымен жақындарын шақырып, ақ дастархан жайып бөліскен. Сәбидің дені сау болып өсуі мен дамуы үшін жағдай жасауды мақсат тұтатын салт-дәстүрлерге үлкен мән берілді. Баланы бесікке салу салты да осы мақсатқа сәйкес келеді. Сәбиді жөргекке қатты етіп құндақтау баланы шыдамдылыққа, төзімділікке баулиды.
В.Сухомлинский: «Тәрбиешінің нағыз данышпандығы-әкенің, шешенің, педагогтың-балаға бақыт беруі. Балалық шақтың бақыты-жылылық пен қорек беретін ата-ананың, отбасының тыныштығы. Ал бұл от алапат өртке айналып кетуі мүмкін. Ата-аналар, бәрі де отбасын өздеріңіздің қалай басқара білуіңізге байланысты. Отбасының шебер түтін түтетушісі бола білу–шын мәніндегі тәрбие даналығы»-дейді.[5.6-26,27б] Оған қосарымыз адам тәрбиесінің бар мәні-ұжымның, қоғамның, халықтың, Отанның мүддесі мен адамның жеке басының тілек-мүддесінің бір-бірімен ұласып жатуында. Адам тілегінің мәдениеті-бұл отбасы мен мектеп тәрбиесінің сара жолынан бұлжымауында.
Әкеге қарап ұл өсер…
Халқымыз ұл баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта да ұл бала тәрбиесі-әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз.
Қызын қырық үйден тыйған халық
Тәрбиесіз бала білім ұғар ма
Олай болса, уысыңнан шығарма.
Ұл мен қызын шолжаңдатса бетімен,
Тартар күйік, ет кескендей етінен.
Бұл қанатты сөздерді Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырда айтып кеткен. Қыз ана бауырында, тәрбиесінде болады. Қыз тәрбиесінде білікті аналар қыздарын бір тізерлеп отыру, қалай болса, солай отырып-тұрмау; үнемі сіз-біз деп сөйлеу; кісі бетіне, әсіресе, ер адамдардың бетіне қылымсып немесе тіке қарамау; ыдыс-аяқты жуғанда, жиғанда, сылдырлатпау; үлкен адамдар келгенде тұрып жол беру; «шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын сақтау; көпшілік ортасында жыртақтап күлмеу, арын сақтау, ата-ананың рұқсатынсыз жөнсіз қыдырмау сияқты істерден егжей-тегжейлі тәрбие жүргізеді. Ерлерді қадірлеуге,құрметтеуге,отбасының ұйтқысы, перзенттерінің тәрбиешісі, ұстазы болып, адамдық арына дақ түсірмейтін өнегелі, үлгі-тағылымды адам болып есеюге баулиды.
Ұрпақ тәрбиесі — ұлт тәрбиесі, сондықтан қазақ өз баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келешекте үлгілі отбасы иесі болғанын қалап тәрбиелеген. Өйткені ұлтымыздың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында.
Ұрпақ тәрбиелеуде мектеп пен отбасының қарым-қатынасының тиімді жолдары.
Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін ол халықтық болуы тиіс. Мектеп пен отбасы арасындағы қарым-қатынасыныңың тиімді жолдары: тығыз байланыс болу, педагогтарға қолдау көрсету. Өйткені, мектеп — баланың екінші алтын ұясы. Мектептегі әр түрлі іс-шараларға, ата-аналар жиналысына, яғни отбасылық байқауларға, спорттық сайыстарға, отбасылық байқауларға, мерекелерге балалармен бірге қатысуға ата-аналарды көптеп тарту керек.
Осы бойынша қуана айта кетерлік жайт, біздің Ы.Алтынсарин гимназия-интернатында ата-аналардың мектеп іс-шараларына қатысуы өте белсенді. Мектепте жыл бойында түрлі тақырыпта, әр түрлі формада диспуттар, отбасылық байқаулар, дөңгелек үстел, жиналыстар, кездесулер, спорттық және эстетикалық бағыттағы сайыстар көптеп өтеді.
Ата-аналар мен балалардың біріге отырып жұмыс жасаулары, оқушылар мен ата-аналар арасында көзге көрінбейтін белгілі бір бәсекелестікті туғызады. Ата-ана мен балалар бір-біріне түрткі болып, өзара біз неге мұндай шараларға қатыспасқа, біз неге көрінбейміз?- деген ой тудырады. Осындай бәсекелестік ата-ананың мектеппен байланысын арттыра түседі. Мұндай ата-аналар өздерінің саналы өмірімен және сапалы іс-әрекетімен тек өз балаларына ғана тәрбие беріп қоймай, мектептегі қоғамдық жұмыстарға қолғабыс етіп, басқа ата-аналарға үлгі көрсетеді. Ата-ана үшін бала өзінің орнының бөлек екенін, мектептегі өмірі ата-ананың назарында екенін ұғынады, жауапкершілік қалыптасады.
Мектеп — өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі өте зор шешуші буын. Жастар мектеп арқылы өмірге жолдама алады. Сондықтан да мектептің іс — әрекеті отбасымен табиғи байланысты. Отбасы-оқыту мен тәрбие жұмысындағы мектептің одақтасы. Өйткені, бала тәрбиесінің отбасыда басталып, мектепте нәтижелі болуы осындай ынтымақтастыққа негізделеді.
Қорыта келе айтарым: Ел үкіметі бекітіп, қолға алған Ұлттық жоспарда да ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбилеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету баса айтылған болатын. Отбасы балаға жастайынан адами құндылықтарын танытып, саналы және өнімді өмір сүруге бағдар беруге міндетті. PISA-2009 зерттеуі функционалдық сауаттылық деңгейіне ата-аналардың балаларды оқыту мен дамыту процесіне қатысуы оң әсер ететіндігін көрсетті. Ата-аналарды мектеп өміріне белсенді тартуға бағытталған іс-шаралар жүйесі әзірленеді: қамқоршылық кеңесін, ата-аналар қауымдастығын, ата-аналар университетін құру. Аталған қоғамдық институт әрбір білім алушының отбасымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға, отбасы мен мектеп мүдделерін өзара қолдап, ортақ жағдай жасауға әсер етеді. Отансүйгіш ұрпақ — елдің ертеңі.
Пайдаланған әдебиеттер:
- М.Жұмабаев «Халық педагогикасы». 1991 ж. «Жазушы» баспасы. Алматы. 1.224 бет
- М.Жұмабаев. Шығармалар жинағы. 1989 ж. «Жазушы» баспасы. Алматы. 2 .126 бет
- Аль- Фараби Трактаттар. 1988 ж. «Жазушы» баспасы Алматы. 3.369 бет
- Мұқағали Мақатаев. Шығармалар жинағы. 1996 ж. «Жазушы» баспасы Алматы. 4.69 бет.
- В.Сухомлинский «Балаға жүрек жылуы» 1986 ж. «Мектеп» Алматы. 5. 26 бет.
- В.Сухомлинский «Балаға жүрек жылуы» 1986 ж. «Мектеп» Алматы. 6. 27 бет.
- Абай Құнанбайұлы. Шығармалар жинағы 1968 ж. «Жазушы» баспасы. Алматы. 7. 215 бет.