Home » Мақалалар » ЖАҢА 2021 ЖЫЛ, ЖЕМІСТІ БОЛҒАЙ!

ЖАҢА 2021 ЖЫЛ, ЖЕМІСТІ БОЛҒАЙ!

Садибекова Мадина Оңғаровна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
 Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ
мектепке дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті
білім беру кафедрасының аға оқытушысы,
Тараз қаласы

 Күнделікті өзгеріп отырған әлемде білім мен білік дағдыларының «өмірлік циклі» өте қысқа болып келеді. Соған байланысты, үздіксіз білім беру және біліктілікті жүйелі түрде арттыру барған сайын маңызды мәселеге айналып отыр. Өткен, 2020 жыл алып келген бүкіләлемдік пандемия жағдайы білім беру жүйесі үшін ауыр сынаққа айналды. Адамзат мұндай жаһандық проблемамен алғаш рет бетпе-бет кездесті. Балаларымыздың мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта білім алуы мүмкін болмай қалды. Әлем бойынша оқытудың балама түрлері ойластырылды. Қашықтан білім беру үшін сабақтарды телеарналар арқылы трансляциялау, бейне-сабақтарды арнайы платформаларға жүктеу, радио арқылы сабақтарды аудиотрансляциялау, электрондық пошта және пошта қызметі сынды т.б. тәсілдер пайдаланылды.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ да осы жұмыстардан шет қалған жоқ. АҚ барлық облыстардағы филиалдары, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ да қашықтан оқыту жағдайын түсіндіру бойынша педагогтерге түрлі семинарлар, вебинарлар, тренер сағаттарын өткізу және кеңестер беру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар орта білім беру пәндері бойынша 1, 2 және 3-ші тоқсаны бойынша бейне-сабақтар әзірледі және олар Youtube-тегі «Өрлеу» білім беру арнасына жүктелді.

Сонымен қатар 2020 жыл қашықтан өтсе де филиал жұмысының барлық салалары бойынша да атқарылған істер аз емес! Филиал қызметкерлерінің жоспарлы да жүйелі атқарған жұмыстары өз нәтижесін берді, себебі жыл сайын республикадағы 17 филиал арасынан үздіктерді анықтау «Өрлеу» БАҰО» АҚ жұмысының бір саласы болып табылады. Осы бағытта филиалдардың жыл бойы барлық салалар бойынша атқарған жұмыстарына баға беріліп, рейтингтік бағалау жүргізіледі. Ағымдық жылы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру Институты облыстағы филиалдардың қызметін рейтингтік бағалау бойынша тағы да бірінші орынды иеленді. Осы ретте Жамбыл – «Өрлеу» командасы екі жыл қатарынан филиалдар арасында бірінші орынды иеленіп, көшбасшы болып отырғанымызды атап өту керек. «Өрлеу» — бұл қозғалыс, алғы ұмтылу және бір қадам алда болу деген сөз, сондықтан біз бүгін бірінші болып отырғанымызға қуаныштымыз! Жамбыл – «Өрлеу» ұжымын кезекті жеңісімен құттықтаймыз!

Міне, көптен күткен 2021 жыл да келіп жетті! Еліміз үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымын қатар кірген Жаңа 2021 – Сиыр жылы – ырыс пен берекенің символы. Сиыр жануарына тән «Ақ мол болсын!» деген баталы сөзден-ақ  сүт, айран, май, құрт, қаймақ секілді ұлттық тағамдардың, береке мен ырыстың, молшылық пен табыстың болатынын аңғарамыз.

Сиыр жылының мыңдаған жылдық тарихына үңілетін болсақ, 12 жылда бір рет айналып келетін жылдар аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, берекелі өткен.

Баршамызға Сиыр жылы табысты жыл, береке, ырысы мол, тарихи жыл болсын. Баршамыз Жаңа жылда жаңа үміттер мен жаңа жоспарларды іске асыруды мақсат етеміз. Бұл жыл тек жақсы өзгерістерге: жаңа жетістіктер мен кәсіби табыстарға, қуанышты кездесулерге, бақытты оқиғаларға толы болсын. Жаңа Жыл әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылықтар әкелсін. «Өрлеу» ұжымына Жаңа Жыл тың шығармашылық ойлар, биік кәсіби өсу, керемет оң өзгерістер, жарқын кездесулер мен қуанышты оқиғалар, тамаша бастамалар мен оң шешімдер Жылы болсын! Жаңа — 2021 жыл, жемісті болғай!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.