Home » Білім » «Дарын» орталығы ауылда тұратын дарынды балаларды анықтау жүйесін енгізбек

«Дарын» орталығы ауылда тұратын дарынды балаларды анықтау жүйесін енгізбек

Биыл «Дарын» орталығы ауылдық жерлерде тұратын, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды анықтау жүйесін енгізбек. Әрі осындай балаларға қолдау көрсетіп, қабілетін дамыту үшін олардың  әрқайсысына арналған жеке жол картасын жасайтын болады. Бұл жайлы аталмыш орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылы «Дарын» орталығын жаңа қызмет түрлері бойынша модернизациялау ісі  қолға алыныпты. Осының аясында орталық  өздері өткізетін интеллектуалдық іс-шаралардың тізбесін кеңейтіп, цифрлық форматтағы іс-шаралардың сапасын жақсартпақ. Бұдан бөлек, мамандандырылған білім беру ұйымдарына конкурстық іріктеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу жоспарларында бар екен.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен қатар, елімізде «Дарын» өңірлік орталықтары  дарынды балаларды анықтау және оларға жаңа мүмкіндіктер жасауда жүйелі түрде сапалы қызмет көрсетуде. 2019 жылға дейін орталықтар 10 өңірде болса, 2020 жылы қалған 7 өңірде ашылған.  «Дарын» орталықтарымен қатар, өз қызметін түрлі бағыттар бойынша жүзеге асыратын 134 мамандандырылған мектеп жұмыс істейді екен. Биыл «Дарын» орталығы аталмыш мектептерге конкурстық іріктеуді жүзеге асыратын болады.

Орталық 2020 жылы да бірталай шаруаның басын қайырыпты. Пандемияға байланысты жоспарланған іс-шаралардың  90 пайызын онлайн форматта  өткізген. Өткен жылы 108 іс-шара ұйымдастырылып, оған  1,5 миллионнан астам оқушылар мен педагогтар қатысқан.

«Дарын» республикалық орталығы 2020 жылы алғаш рет ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелді. Бұл Орталыққа ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінінің ғылыми-зерттеу конкурстарына қатысуға мүмкіндік беріп, жаңа жобаларға жол ашты», -делінген хабарламада.

Тағы бір ауыз толытып айтарлығы, былтыр қазақстандық  оқушылар халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда 437 медаль жеңіп алған. Оның  79-ы алтын, 136-сы күміс және 222-сі  қола медаль. Беделді халықаралық 5 пәндік олимпиаданың рейтингісі нәтижесінде Қазақстан бейресми командалық есепте әлемдегі үздік отыздыққа кірді.

Құрылғанына 24 жыл болған  Орталық дарынды  балалармен жұмыс істейтін жүйе құрушы буын ретінде қалыптасып, өз қызметін осы бағытта жылдар бойы шыңдап келеді. «Дарын» республикалық орталығының қызметі  оқушыларға арналған интеллектуалдық және шығармашылық іс-шараларды ұйымдастырумен қатар, дарынды оқушыларды қолдау, олармен жұмыс жасайтын педагогтерді әдістемелік сүйемелдеу, мамандандырылған мектептердің қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бағыттарындағы іс-шараларды қамтиды.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.