Home » Мақалалар » Әке-ана? Атамекенге көшейікші…

Әке-ана? Атамекенге көшейікші…

Ұлы дала ұрпақтары немесе қандастарды жинаудың ең жақсы жолдарының бірі! Әке-ана? Атамекенге көшейікші…

Атамекен деген — ұлы ұғым. Ғасырға жуық уақыт бұрын Кеңес өкіметінің салқын саясатының кесірінен қазақ зиялыларын қуғын-сүргінге ұшырап, талайы аштықтан азап шеккенде ұрпағын аман алып қалу үшін миллиондаған қандастарымыз шетел асқаны баршамызға аян. 1917 жылы ұлт ұстазы А. Байтұрсынов: «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақ бармыз!» дейді. Ал, қолдан жасалған зұлматтардан кейінгі көрсеткіштерде халық саны 2 млн-ға жетпегенін оқығанымызда көзге жас іркіледі.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасының тапсырмасымен тарыдай шашылған қазақ ағайындарды елге қайтару үшін қаншама игі істер жасалынды. Бірақ, соңғы жылдары елге оралатындардың саны азайып бара жатқандығы жүрегімізді сыздатқан еді.

Бірақ, осы ауқымды проблеманы шешу жолында титтей болса да пайдасын тигізгісі келетін ұжымдар баршылық. Солардың бірі — «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ұйымы Нұр-Сұлтан қаласында «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары Ассоциациясымен бірлесіп жасаған- «Ұлы дала ұрпағы» атты шетелдік қазақ диаспорасының балаларына арнап ұйымдастырған жазғы мектеп болатын. Ресей, Иран,  Моңғолия,  Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 150 баланы қамтыған бұл жобаның 1 кезеңі мәресіне жетті. 2 апта бойы атамекеннің саф ауасымен тыныстаған жеткіншектер туған тілді, ел тарихын, салт-дәстүрді тереңінен танып-білді. Алыстан ат терлетіп, Қазақ елінің астанасын көруге келген балғындарға «Экспо» орталығы, «Бәйтерек» монументі,  «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Мәңгілік ел» триумфалды аркасы, «Қазмедиа» орталығы секілді танымал нысандар көрді. Тарихи отанның тағылымын сезіну үшін оқушылар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық саябағына, «Родина» агрофирмасына, «Аққайың» орман питомнигіне саяхат жасады. Оқушылар «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихымен танысып, «Атамекен» этно-мемориалдық кешеніне экскурсияға қатысты.

Оқушылар елорданың Назарбаев университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік заң университеті, С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университет сынды атақты ЖОО көріп,  болашақта осы университеттерде оқысақ деп ағынан жарылды.

Бұдан бөлек Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте ұлттық аспаптарда ойнаудан, қолөнер, халық биінен шеберлік сағаттары өтсе, ұлттық ойындарды ойнату, STEM оқулар, роботатехника, дизайнды үйрену де назардан тыс қалмады.

Осылайша, уақыты аз, бақыты мол жазғы мектеп мәресіне жетті. Өз кезегінде жазғы мектептің жабылу салтанатында сөз алған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков:

-Бұл ізгілікті істің бастамасы ғана. Алда, Балдаурен жазғы мектебіне 288 баланы қабылдау жоспарда бар. Лагерден соң ата-анасын елге көшуге үгіттеп, қоныс аударғандар қаншама!-деп түйіндеді.

Кеш соңында барлық оқушыларға марапаттау қағаздары мен сыйлықтар тапсырылды.

 

Ержігіт Күнтубаев,
Білім айнасы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.